Республикалық баспасөзде Астанада ересектер арасында бокстан ел чемпионаты өтетіні, оған бүкіл өңірлерден бүгінгі таңдағы ең үздік шеберлер қатысатыны күні бұрын жазылғанда елеңдеп, газеттерге үңіліп, көгілдір экранға көз салып тағатсыздандық. Өйткені, уақыт ұшқыр. Лондон Олимпиадасы өте шықты. Келесіде кезегін тосып 2016 жылғы Риоде-Жанейро ойындары тұр. Қазірден бастап кез келген құраманың бапкерлері осы ойындарға жол салдыратын лицензияларды көптеп жеңіп алу қамымен бас ауыртады. Олай болса, Астанадағы чемпионат та осы мақсатты көздеді. Қазақстан боксшыларының бас жаттықтырушысы Мырзағали Айтжанов БАҚ-қа берген сұхбатында “Жеңімпаздар мен жүлдегерлер ұлттық құрамаға міндетті түрде алынады” деп отқа май құйып қойған. Ел намысын қорғауға кімдер лайық? Біздің облыстан үздіктер болар ма екен? Осы сауалдар тұла бойға ұялап алған-ды.
Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Барлығы 179 боксшы үмітінің отын жандырған жекпе-жектер Астананың “Дәулет” спорт кешенін бірнеше күн бойы дүбірлетті. Соңғы шайқастар 29 қарашада тамамдалды. Барлығы он салмақ дәрежесі қамтылса, біздің өңіріміз осының төртеуінде ғана боксшыларды шығара алды. Ал есесіне Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстары, Алматы қаласы он бес, Астана он алты боксшы қосты (кейбір салмақтарда екі боксшыдан шықты).
Біздің өңірдің боксшылары ширек финалға дейінгі жекпе-жектерде-ақ сүрініп, қарсыластарына жол берді. Алғашқы күні 60 кг. салмақта біздің құраманың мүшесі А. Алтыбаев жамбылдық Ғани Жайлауовтан ойсырай ұтылды. Бұл заңды да деп ойлаймыз. Өйткені, Ғ.Жайлауов – бұл салмақта еліміздегі үздіктердің бірі. Ол чемпионат қорытындысында күміс алқа еншіледі.
Келесі күні жерлесіміз У. Күдерханның (52 кг.) үміті үзілді. Одан астаналық А.Елжанов басым түсті.
75 кг. салмақта қостанайлық Р.Чемурзиевтен басым болған Н. Жақыпов жарыстың үшінші күні алматылық С. Айдаровтан ұтылып қалды.
69 кг. салмақтағы сынақта өңіріміздің тағы бір өкілі Н.Жаңабаев өскемендік қарсыласын қапы қалдыра алмады.
Ал сегіз күнге созылған жарыс қорытындысында астаналықтар үш – алтын, екі – күміс, екі – қола алқа еншілеп, топ жарды. Астаналық боксшылар өткен жылы да көш басын бермеген. Екінші орынға оңтүстікқазақстандықтар жайғасты (2,1,2). Үшінші орын маңғыстаулықтарға бұйырды (1,1,3).
Оңтүстікқазақстандық Біржан Жақыпов (49 кг.) чемпионаттың үздік боксшысы атанды.
Сонымен ел чемпиондары мына боксшылар:
49 кг. Біржан Жақыпов (Оңтүстік Қазақстан). 52 кг. Ілияс Сүлейменов (Астана), 56 кг. Қайрат Ерәлиев (Оңтүстік Қазақстан), 60 кг. Берік Әбдірахманов (Маңғыстау), 64 кг. Мерей Ақшалов (Астана), 69 кг. Данияр Елеусінов (Астана), 75 кг. Жәнібек Әлімханұлы (Алматы облысы), 81 кг. Алмат Серімов (Қарағанды облысы), 91 кг. Антон Пинчук (Қостанай облысы),+91 кг. Жан Кособуцкий (Ақмола облысы).
Бір айтарымыз, бұл чемпионатқа Лондонның алтын, күміс және қола жүлдегерлері Серік Сәпиев, Азамат Ниязымбетов және Иван Дычко қатысқан жоқ. Бірақ жаңа жеңімпаздар жүлделерді қолдан бере қоймасы анық. Мысалы, Ақмола облысының намысын қорғаған Ж.Кособуцкий – Қостанай тумасы. Оның ежелгі қарсыласы бұрынғы қарағандылық, қазіргі астаналық Василий Левит (91 кг.) болса, енді Жан бұдан жоғары салмақта И. Дычкомен күш сынаспақ. Сондай-ақ Алмат Серімов А.Ниязымбетовтен ығыспайтынын тілге тиек етіп жүр. Данияр Елеусінов Лондон ойындарының жеңімпазы Серік Сәпиевтің орнын басуға даярлануда.
Чемпионат барысы әйгілегендей, біздің өңірде бокс тоқыраудың уысынан шыға алар емес. Ең танымал боксшыларымыз бұрынғы КСРО-ның халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері, бірнеше ірі жарыстардың жеңімпаздары, Азиядағы, Еуропадағы, басқа да құрлықтар мен елдердегі жекпе-жектерде жұлдыздары жанған Абай Әбдірахманов пен Камиль Сафиннің жолдарын жалғастыратын жастарымыз көзге түспегелі қашан?!. Кезінде екеуі де КСРО құрамасында Қазақстанның даңқын асырған еді ғой.
Бәсеке болмай, спортшы шыңдалмайды. Сондай-ақ мәңгілік жеңімпаздар болмайды. Бұл жастардың назарында жүруі керек.