Қызылжар аудандық ішкі істер бөлімінің полицейлері аудан орталығындағы кәсіпорындардың бірінен ақша салынған сейфті тонады деген күдікпен Бескөл ауылының екі тұрғынын ұстады. Оларды ұстау кеңсеге бейнебақылау орнатылғанының арқасында мүмкін болды.
Оқиға орнына барған полицейлер тонаушылардың кеңсенің көше жақтағы терезесін бұзып кіргенін анықтады. Олардың тез әрекет еткені сондай, күзетші байқап үлгере алмай қалған. Тергеу шаралары кезінде кәсіпорынның басшылығында сыртқы бейнебақылау камерасының мұрағатының сақталғандығы зор көмек болды. Ал ұрланған сейф кәсіпорыннан бірнеше жүз метр жерден табылды. Жеделіздестіру шарасы барысында күдіктілер Петропавлда жалдамалы пәтерден ұсталды. Олар ұрлық жасағандарын мойындады. Тергеу барысында ұсталғандардың бірі аталмыш кәсіпорында қарапайым жұмысшы болып еңбек еткендігі және ұрлық жасауға бел буған күні олардың мас болғандығы анықталды. Терезені балтамен ашып, кейін онымен сейфті де бұзған. Қанжығаларын майлағаннан кейін такси ұстап, облыс орталығына жол тартқан. Әрине, ұрланған ақшаны жігіттер ойынсауыққа жұмсаған.
Ұсталғандардың екеуі де бұрын мүліктік қылмыс бойынша істі болған және облыстық наркологиялық диспансердің тіркеуінде тұр.
– Күдіктілер – бұрын бірнеше рет істі болған Бескөл ауылының 1981 және 1984 жылғы тұрғындары. Қазіргі таңда олар тергеу оқшаулағышында отыр. Аталмыш факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 175-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды, – дейді Қызылжар аудандық ішкі істер бөлімінің тергеушісі, полиция капитаны Әлия Жүсіпова.