«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БЕСІК – РУХАНИ ТӘРБИЕ ҚҰРАЛЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бесікті көненің қажетсіз қалдығы деп санайтындар көбейді. Жан-жақты дамыған қазіргі заманда құстың сүтіне дейін бар. Адам қолданысы үшін неше түрлі техника мен жиһаздар да күн сайын жаңарып шығып жатыр. Соның ішінде сәбилерге арналған кереуеттер де жоқ емес.

Бір қарағаннан көзге сүйкімді көрінетін кереуеттердің еш зияны жоқ сияқты. Әлемдік сән өнеркәсібі ұсынған заттарға әуес келетін өскелең ұрпақ сол арқылы жұрт алдында заманауи көрінгісі келеді-ақ. Баланы батыс елдерінің салты бойынша тәрбиелеп, киіндіруді сәнге балайды. Сол арқылы елдің ұлттық құндылықтарына балта шауып жатқандарын аңдамайды да. Мұхтар Әуезовтің “Ел болам десең, бесігіңді түзе!” деген қанатты сөзі осы орайда еріксіз еске түседі. Бесік сөзін тура және астарлы мағынада айтқан жазушының не айтқысы келгенін әрбіреуіміз түсінсек те, оған амалды әркім жасай бермейді. Өкініштісі сол. Қолда бардың қадірін сезінбей жүрген қазіргі жастар, болашақ ұрпақ тәрбиелеуде тереземіз теңесе түскен батыс мәдениетінің жаңашылдықтарын су сорған мақтадай сіңіруде. Атадан балаға мұра болып жеткен бесікті өмір сүру дағдысына енгізген уақытта ғана, қанатты сөздің астарлы мағынасына жан біте бастайтындығын түсінбейтіндейміз.

 

Қазіргі жастар бесік баланың аяқ-қолын таңып, қысып тастайды, баланың қимылы азайып, аурушаң болады деп есептейді. Дүние есігін енді ашқан сәби дұрыс дамып жетілуі үшін тыныш ұйқының маңызы бар екендігін педиатр дәрігерлер қайта-қайта айтудан жаңылған жоқ. Қолдарын әрлі-берлі ербеңдеткен балаға қарағанда, жаялыққа қымтап оралған нәресте тәтті ұйқыға батады. Ал тәтті ұйқы – нәрестенің дұрыс өсіп-жетілуінің кепілі. Сөз жоқ. Сәбилерге арналған қазіргі заман кереуеттері анаға өте ыңғайлы. Баланы тербету үшін тізерлеп отырудың қажеті жоқ. Нәрестенің жаялықтары мен жеке заттары да қол астында. Сол арқылы ана аз қимылдап, уақыты үнемделеді. Бірақ күніне бір емес бірнеше рет тізерлеп отырып, қайта тұрып, үй жұмыстарымен айналысу дене шынықтыруға арналған жаттығулардың бір түрі десем, қателеспеймін. Жаңа босанған әйелдің дене бітімі де тез өз қалпына келеді.

Бала денсаулығына тигізер пайдасы және қауіпсіздігімен қатар бесік – рухани тәрбиенің де құралы. Бір отбасы балаларының бір-біріне деген туыстық, бауырмалдық қарым-қатынастарын күшейтетін жәдігер десе де болады. Үйдің үлкенінен кішісіне мұра болып жететін бесік отбасы мүшелерін одан әрі жақындастыра түсіп, сол арқылы ағайындардың мызғымас туыстық қатынастарының нығаюына септігін тигізеді. Осылайша ұлттық құндылыққа айналатын бесік тұтас бір елдің нығаюына ықпал етеді.

Нұрғиза ДҮЙСЕН,

зейнеткер.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp