«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЙГҮЛДІҢ ӘСЕМДІК ӘЛЕМІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Әйелдің болымсыз етістікпен айтылатын бір ғана тілегі бар, ол – қартаймау” деген екен бір ғұлама. Расында да, дені сау болу, отбасын құру, сәби сүю, бала тәрбиелеу, жұмыс істеу, нәпақа табу, әдемі болу деген сияқты тілектердің барлығында да болымды етістік қолданылған да, тек қартаймау деген тілекте ғана болымсыз етістіктің ма деген жұрнағы жалғанған. Ал қартаймау үшін әйел күтініп, сыланып-сипанып, тотыдайын таранып жүрмесе болмайды. Таранып дегеннен шығады, бұл ретте оларға көмекке келетін шаштараздар, жалпы, әсемдік салондары бүгінгі таңда жетіп артылады. Ондағы қызметшілерге де таңдау көп. Ал Айгүл Даниярованың әсемдік әлемін бір аралаған әйелдің оған қайта-қайта жол шиырлап келе беруінің сыры тереңде…

 

Бәрін ретретімен баяндайық. Айгүл бала кезінен шаштараз болуды армандапты. Кішкентай кезінде-ақ құрбы-құрдастарының шашын сәндеуді жақсы көріпті. Сондықтан ол қатарластары сияқты жоғары білім алып, мансап қууды мақсат етпей, шаштараздар курсында оқуға бел байлаған. Қалада туып-өскен қыз 2004 жылы оқуды тамамдаған соң, бірден облыс орталығындағы сән салондарында жұмыс істеуге кірісіп кетуден жүрексініп, ауылға тартыпты. Сондағы туысқандарының үйінде жатып, қолын жаттықтыру үшін келген-кеткендердің бәрінің шашын өте арзан бағаға қиғанын бүгін күліп еске алады. Басқа шаштараздардан бағасы арзанырақ болған соң, Айгүлге сол кезде әйел де, еркек те, бойжеткен де, бозбала да ағылып келген екен…

Кейін Айгүл қаладағы әсемдік салондарында жұмыс істей жүріп, біліктілігін арттыруды да ұмытпайды. Кем дегенде жылына екі-үш рет шаштараз өнерінің халықаралық орталықтарында дәріс алған, қос астанадан келген шебер-технологтардың семинарларына да қатысқан.

Енді оған шаштараздық аздық етіп, өзге өнерді де үйренгісі келеді. Сөйтіп, бірте-бірте қас сәндеу, ерін мен қас татуажы, құлақ тесу, макияж, маникюр, тырнақ өсіру, жасанды кірпік жалғау деген сияқты жұмыстың барлығын меңгереді. Бүгінде Айгүлге бір келген әйелдің мұнда қайта-қайта келгісі келе беретіні де содан. Өйткені, бір жерден қызметтің барлық түрін алуға мүмкіндік бар. Осы қызметтің әрқайсысына уақыт кетіріп, әр жерді шарлаудың қажеті жоқ. Әрі орналасқан жері де ыңғайлы – қаланың орталығында. Бүгінде Айгүлге ол тарлық етіп отырғандықтан, алдағы уақытта тағы бір бөлмені жалға алу туралы ойы бар. Онда тек қана кірпік жапсырумен айналыспақшы.

Оның үстіне кеше ғана қолына қайшыны жүрексіне ұстаған талапты жас бүгінде өзі де қыз-келіншектерге дәріс оқып жүр. Соңғы екі жылда оқу-өндірістік орталығында шаштараздық өнерден сабақ береді. Ал тәжірибе жинақтау үшін тыңдаушылары қолдарына балық емес, қармақ ұстатқан Айгүлдің ұядай бөлмесіне келеді. Әр курстың мерзімі – үш ай. Қолдарына сертификат алғаннан кейін олар да жұмыс істеуге кірісіп кетеді. Айгүлдің айтуынша, олардың араларында жоғары білімді қыз-келіншектер де бар. “Таңдаған мамандықтары бойынша жұмыс істемей, шаштараздықты армандайтындарға таңғаламын. Араларында емізулі баламен келіп оқитындары да бар. Қолдарына қайшы да ұстау білмейтін оларға шаш қиюды, сәндеуді үйретемін. Кірпік жалғауды, ерін бояуды да үйренгісі келетіндер баршылық. Кейде кірпік жапсыруды басқа біреулерден үйреніп, кейін маған келіп дұрыстап үйретуді өтініп жататындар да кездеседі. Ешкімнің бетінен қақпаймын”, – дейді ол. Осындай ақжарқын да ашық мінезімен Айгүл шәкірттерін де, талғампаз қыз-келіншектерді де өзіне баурап алған десек, артық айтқандық емес. Бәрі де оны құрбысындай көріп, сырласады, ақыл сұрайды. Айгүл бәріне де уақыт табады. Өзінің отбасы, жұбайы, қайын енесі, екі баласы бола тұра. Қызы Айдана қазақ мектеп-гимназиясының 4-сыныбында оқиды. Ұлы Айдулат “Ақ бота” балабақшасына барады. Өзі жұмыста болған кезде, екі баланы қолындағы қайын енесі күтіп-бағатынына дән риза. Әсіресе, жұмыс істейтін қыз-келіншектер көбінесе кешкі уақытты немесе демалыс күндерін қалайды. Тым кешіккен күндері жұбайы Қайрат өз көлігімен тасымалдап, әрдайым қолдау көрсететіне де шүкіршілік айтады.

Айтпақшы, жуырда ғана қаланың шетінен тұрғызып алған үйін Айгүл өз қалауы бойынша безендіруге бел шешіп кірісіп кеткен. Ендеше, әмбебап маман алдағы уақытта безендірушілік өнерді де меңгеріп кетуі ғажап емес…

Роза ШӘКЕНОВА,

“Солтүстік Қазақстан”. 

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp