Тимирязев ауданына 520 бас ангус тұқымдас ірі қара әкелінді. “Қаз-АгроҚаржы” АҚ-ның өңірлік филиалынан “Сыбаға” бағдарламасы бойынша несие қаржысын алған ауданның екі шаруашылығы өсімтал, етті ірі қараның тұқымын көбейтпек. Мамандардың айтуынша, оған жұмсалған қаржының орны екі жылда толады.
Гүлнар САЙЛАУҚЫЗЫ,
журналист.
Соның бірі – Докучаев елді мекеніндегі “Атамекен Агро-Тимирязево” ЖШС-і. Бұл шаруашылық 260 бас асылтұқымды малды қорасына енгізіп алды. Мұхиттың арғы жағынан әкелінген түлік Ресей арқылы арнайы жабдықталған көліктермен жеткізілді. Енді осы ангус тұқымды ірі қаралар өңіріміздің қатал қысына бой үйретулері керек.
– Біз олардың қамын ерте ойластырып, алдын ала жемшөбін, қора-қопсысын дайындап қойдық. Бір ай бойы карантинде ұсталатын мал кейін қораларға бөлінеді. Ал көктемде жайылымға шығарыла бастайды, – дейді серіктестіктің директоры Ќайыртар Сапулатов.
Осынша асылтұқымды мал “Мичуринское” ЖШС-іне де әкелінді. Мұндағы мал басы көбейгендіктен, жаңа 10 жұмыс орны ашылды. Шаруашылықтың басшысы Александр Барамидзе: “Елбасының бізге жүктеген міндеттерін орындап жатырмыз. Алдағы уақытта асыл тұқымды мал орталығын жасауды жоспарлап отырмыз. Сол кезде отандық нарыққа өзімізде өсірілген мал еттері шығарылады. Сондай-ақ біз әлемдік бәсекелестікте қабілеттілігімізді күшейте аламыз”,– дейді.