«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“БАЛАЛАРЫМ – БАЙЛЫҒЫМ” ДЕГЕН АНА “Алтын алқа” тағынды

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Ерлі-зайыпты тату болса, шырағы жанар” деп, отбасы құндылығын асқақтатқан ата-бабаларымыз ұрпақтың тектілігіне ерекше мән берген. Ықылым заманнан шаңырақтың шаттығы мен ырысын асырған сыйластыққа толы жұбайлық өмірдің баянды ғұмыры ел назарынан тыс қалмаған. Осы орайда Мағжан Жұмабаев ауданындағы Успенка ауылында тұратын “Алтын алқа” иегері Зәуреш Бақтыбаеваның отбасы жайлы айтпақпыз.


 

Біздің сұрақтарымызға биязы ғана жымиып жауап беріп тұрған алтын құрсақ ана – 8 баланы дүниеге әкелген абзал жан. Көзінен мейірім мен жүзінен кез келген кісінің көңілін толқытатын қуаныштың лебі сезіледі. Бүгінде жұбайы Әскербек Шахметұлы екеуі 5 ұл, 3 қызды тәрбиелеп, немере-жиендерінің қызығына бөленіп отырған бақытты ананың бейнесі осындай-ақ болар.

– 2002 жылы “Күміс алқа” алған едім. Ал осы жолы маған “Алтын алқаның” тапсырылғанына қуаныштымын. Әрине, ана атанып, ұрпақ тәрбиелеу менің міндетім болса да, мемлекет тарапынан осындай құрметке бөленгеніме ризамын. Балаларымның әрқайсысы елдің өркендеуіне өз үлесін қосатынына сенімдімін, – дейді Зәуреш Бақтыбаева.

Үлкен ұлы Алмас әскери қызметте болса, одан кейінгі ұл-қыздары “Кеден ісі”, “Экономист”, “Туризм” мамандықтары бойынша жоғары білім алған. Сүт кенжесі – Жанаты 8-сыныпта оқып жүр. “Ендігі арманымыз мектеп қабырғасында білім алып жүрген үш ұлымды жоғары оқу орындарына түсіріп, қалаған мамандықтарында оқыту”, деген Әскербек пен Зәуреш Бақтыбаевтар 31 жыл отасқан отбасылық ғұмырларында: “Өз жарыңды жаттай күт, Жат көрсін де, түңілсін. Бір-біріңді қадір тұт, Жұрт үлгі алсын, үңілсін”, деген халықтық нақылды ұстанғандай. Ері қолдағы шағын шаруашылықтың жұмысын дөңгелетсе, зайыбы ауылдағы орта мектепте аспаз болып қызмет етеді. Ал балалары ата-аналарының армандарын орындап, үміттерін ақтау үшін сабақтарын жақсы оқып, жоғары білім алып, абыройлы еңбек етуге тырысуда. “Біз жетпеген жетістіктердің дәмін балаларымыз татсын” деген ата-ана тілегі олардың бағдаршамындай. Бәрі бір-біріне қамқоршы, қорған. Ата дәстүрден таймаған қарапайым қазақ отбасы осындай болады.

Арайлым СМАҒҰЛОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp