Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында жерлес жазушы, көркемсөз шебері Ғабит Мүсіреповтің туғанына 110 жыл толуына орай ұйымдастырылған “Үздік ауылдық мәдениет мекемесі” атты облыстық байқаудың қорытындысы жарияланып, жеңімпаздар марапатталды.
Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Үстіміздегі жылдың қазан-қараша айларында басталған байқау өңіріміздегі мәдениет мекемелерінің ішінен үздіктерін анықтауға бағытталды. Барлық аудандардың кітапханалары мен Мәдениет үйлерін аралап шыққан қазылар алқасы бірнеше аталымдар бойынша жеңімпаздарды іріктеген. Комиссия мүшелері ең бастысы мекемелердің жаңашылдықтары мен атқарылған жұмыстарына мән берді. Додаға қатысқан әрбір мекеме өзінің жұмыс көрсеткішіне лайықты баға алды. Десе де, сыйлықтан ешкім мақрұм қалған жоқ. Сайысқа қатысқан барлық дерлік аудандардың белсенді деген кітапхана мекемелері мен Мәдениет үйлері бағалы сыйлықтарға ие болды. Байқау қорытындысы бойынша Литовочное ауылының кітапханасы Гран при иегері атанды. Кітапхананың қызметін одан әрі жақсарту мақсатында жеңімпаздарға дербес компьютер сыйға тартылды.
Байқаудың екінші аталымы – “Ең үздік ауылдық Мәдениет үйі” деп аталып, онда да жүлделі орын қызу тартысқа түсті. Елді мекендердің мың бұралған бишілері мен күміс көмей әншілері, әртүрлі ансамбльдері мен вокалдық топтары өзара бәйгеге түсті. Қалай дегенмен 13 ауданның ішінен бұл аталым бойынша үздік деп танылған Қызылжар ауданының Бескөліндегі Мәдениет үйі болды. Өнерге бар жанымен берілген өнерпаздар жиылған өнер ордасы бағалы сыйлықтан бөлек облыстық мәдениет басқармасының эмблемасының үлгісі бойынша ойып тұрып жасалған мүсін де бұйырды. Үздік мәдениет мекемелерін облыстық мәдениет басқармасының бастығы Талғат Ақылбеков марапаттап, ізгі тілегін білдірді. Іс-шара мерекелік концертке ұласты.
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.