Әйелге бақытты болу үшін не қажет? Жылы ұяң, балашағаң аман болып, жаныңда арқа сүйер жолдасың бар болса, соны бақыт деп санайтындар бар. Десе де, отбасылық бақыттан басқа, өз ісіңде де жеңіске жетуді бақытты болудың формуласына балайтын Елена Левина – өңіріміздің белсенді әрі іскер әйелі. Үш ұл, бір қыз тәрбиелеп отырған көпбалалы ана – сонымен қатар Бескөл ауылында 100-ден аса адамды жұмыспен қамтып отырған “Левин” жиһаз кәсіпорнының басқарушысы. Жуырда Астана қаласында өткен әйелдердің үшінші Еуразиялық саммитіне қатысып, “Қазақстан әйелдерінің жетістіктерін “Ажар” Ұлттық қоғамдық дәріптеу сыйлығы” республикалық байқауының “Экономика” саласы бойынша жеңімпазы атанды.
– Елена Владимировна, сіз әкеңіздің бастап кеткен ісін жемісті жалғастырып келе жатырсыз. Бұл жиһаз кәсіпорнын Левиндердің отбасылық кәсібі деп толық атауға болады ғой?
– Иә, дұрыс айтасыз. “Левин” жеке кәсіпорнының облысымызда қызмет етіп келе жатқанына биыл 25 жыл толып отыр. Әкемнің бастамасымен ашылған кәсіпорынды мен 13 жыл басқарып келе жатырмын. Алғашқыда қарапайым бір-екі жиһаз шығарумен айналысқан кәсіпорын бүгіндері тек орындықтардың ғана 12 түрін шығаруда. Негізінен орындықтар, үстелдер өндіреміз. Өнімімізді жергілікті қайың ағашынан жасаймыз. Ағашты сатып алып, кептіріп, оны аралап, жиһазға қажетті материалға дейін өзіміз дайындаймыз. Облысымыздағы жиһаздарды жаппай өндіруші жалғыз кәсіпорын болып есептелеміз.
– Ширек ғасыр бойы қызмет етіп келе жатқан кәсіпорынның тарихына тоқталсаңыз.
– Әкем Владимир Левин мамандығы бойынша математик және көркемсуретпен де айналысатын. 1987 жылы әкем іскерлік бағытқа ден қойып, жиһаз өндіруді қолға алады. 90-шы жылдардағы тоқырау уақытында жиһазды жасап шығаруға қажетті құрал-саймандар мен ғимаратты сатып алады. Суретші болғандықтан, жиһаздардың дизайнын да, есеп-қисапты да өзі жасайтын болады. Бүгіндері кәсіпорынның тұтынушылары бүкіл Қазақстан бойынша бар деп айтуға болады. Кеден одағының да жемісін көрудеміз. Ресейдің Түмен қаласындағы “Красный Октябрь” фабрикасымен келісімшартқа қол қойылды. Жақын арада өніміміз Ресейге экспортталатын болады. Сұраныс өндірістен әлдеқайда жоғары болғандықтан, кәсіпорынды кеңейту мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл – жаңа жұмыс орындары пайда болып, өнімнің одан әрі көбеюі деген сөз. Сондықтан жақын арада кәсібіміз кеңеюі мүмкін.
– “Ажар” атты республикалық байқаудың “Экономика” саласы бойынша лауреаты атандыңыз. Негізгі мамандығыңыз қандай?
– Экономист, менеджер әрі заңгермін. Заң саласы бойынша магистратурада білімімді жалғастыру ойымда бар. Байқауда өз өнімдерімнен көрме жасап, саммит барысында “Мемлекет пен бизнестің ынтымақтастығы” тақырыбында ұйымдастырылған ашық сұхбат алаңында спикер болдым. Мемлекет істеймін деген адамға барлық мүмкіндіктерді жасап отыр. Әсіресе, іскер әйелдерді қолдауға бағытталған әртүрлі мемлекеттік бағдарламалар баршылық екен. Тек жұмыс істесең болғаны. Төмен мөлшерлемемен берілетін кредиттер – ауылды жерлердегі әйелдердің іскерлікке ден қоюына таптырмас мүмкіндік. Мұны көбіміз байқамайды екенбіз. “Алма, піс, аузыма түс” деп отыратын уақыт артта қалды. Қазіргі таңда ерінбей еңбек етсең ғана сен табыстысың. Ал жалқаулық – кедейлікке апаратын тура жол.
– Отбасылы бола тұра, табысты кәсіпкер болу қиын ба?
– Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған ондаған кәсіпкер нәзік жандыларға қарасаңыз, барлығының бала-шағасы, немерелері мен жиендері бар. Отбасында ана, жұбайыңның жары бола білген әйел ғана өз ісінің маманы бола алады. Соны ұмытпау керек. Ал елімізде іскер әйелдер біз ойлағаннан да көп екен. Және олар жай ғана кәсіпкер емес, әртүрлі қоғамдық шараларға белсене қатысушы, қайырымдылықты жиі жасайтын әйелдер екен.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Әңгімелескен
Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.
ТҮЙІН СӨЗ: Әйел заты өзгенің қайғысына бейқам қарай алмайды. Елена Владимировна да төрт баланың анасы және екі жасар немересінің әжесі ретінде “Әлемде бақытсыз бала болмауы тиіс” деп есептейтіндердің бірі. Кәсібінен тыс қоғамдық жұмыстарға белсене қатысатын ол Бескөл ауылында орналасқан “Левин” дүкенінде тегін әлеуметтік бөлім ашып, онда әлеуметтік жағынан қорғалмаған немесе аз қамтылған отбасыларға арналған қайырымдылық іс-шараларын үзбей өткізіп келеді. Сондай-ақ Архангелка ауылында орналасқан “Кәмелет жасына толмаған балалар баспанасына” әрдайым көмек қолын созатын Елена Левина биылғы жылы ғимараттың бөбектер орналасатын жатын бөлмелеріне толықтай жөндеу жұмыстарын жасап берді. Осылайша бақыт дегенді кәсібінің жемісін көрумен қатар, қайырымдылық деп түсінетін іскер нәзік жанды Елена Левина – өз ортасында ғана емес, сонымен қатар тұтастай туып-өскен өңірінің ардақ тұтар азаматшасы.