«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТОҚЫМАШЫЛАР ҮЙІРМЕСІ ұмыт қалған өнерді жаңғыртуда

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қой жүнін түтіп, оны иіріп, одан қолғап, шұлық, кеудеше, шәлі тоқитын кез сағымға айналғандай. Бүгінгі күні қыз-келіншектер қолдарына тоқыма бізін ұстап тоқуды ескіліктің белгісі санайды. “Шілтерші” сәндік-қолданбалы шығармашылық клубының мүшелері, керісінше, тоқыманы өмірлерінің мәні мен сәніне айналдырған.

“Шілтерші” сәндік-қолданбалы шығармашылық клубы осыдан 6 жыл бұрын құрылған. Қалалық Мәдениет үйінде орналасқан үйірме 14 жастан асқан қыз-келіншектерді тоқу, тігу ісіне машықтандырады. Ұмыт қалған өнерді қайта жаңғырту мақсатында құрылған үйірмеде 500-ден аса қыз-келіншек білім алған.

 

“Сабақты ине сәтімен” демекші, үйірмеге бара қалсақ, ине-жіп пен тоқыма бізін өзіне серік еткен қыз-келіншектер барынша жиналған екен. Бір-бірімен әңгімелесіп, өмірлерінде болған қызықты сәттермен бөлісіп отырған олар тілшілерді жылы қарсы алды. Осыған дейін тоқыған киімдердің аз-кемін көрсеткен үйірменің жетекшісі Валентина Скорых әңгімесін бастады.

– Қыз бала өнерімен көрікті. Баяғыда егер де қыз бала не тоқу, не тігу білмесе, оның жақсы жерге тұрмысқа шығуы мүмкін болмайтын. Ата-аналары қыздарына кішкентай кезінен тоқуды үйретіп, тігудің де өнеріне машықтандыруды аналық парызы санаған. Қазіргі қыздар бұл өнерден мақрұм қалды. Тіпті, қолөнердің бұл түрі жойылды десе де болады. Осы өнердің түріне қызығушылықты ояту үшін мен мектептерде жоғары сыныптың оқушыларына арналған үйірме ашуды қаладым. Жарнамалар тараттым, мектептерге барып қыздардың өздерімен сөйлесе келе, олардың бұл өнерге деген қызығушылықтары мүлдем жоқ екендігін байқадым. “Қазір барлығы сатылады” деген олар, қолөнерін жаңа заманға қажетсіз ескіліктің белгісі деп мұрындарын шүйірді. Қаламыздағы әртүрлі шығармашылық орталықтарда орта буын, зейнетте отырған әйелдерге арналған үйірмелердің жоқтығын байқадым. Қалалық Мәдениет үйінің басшылығымен ақылдасып, кідірместен сәндік-қолданбалы және пішімтігін клубын ашуды ұсындым, – дейді ол.

Ұсынысын бірден қабыл алған Мәдениет үйінің басшылығы клубқа арналған кабинет бөліп, бар жағдайды жасауға ықпалдасты. Жұмыс басталған мезеттен үйірмеге тоқуды үйренемін деушілер топырлай бастады, дейді клуб жетекшісі. “Шілтершілердің” арасында университет мұғалімінен бастап, қарапайым еден жуушыға дейін бар. Қызметтерінен қолдары босай салысымен, уақытты тиімді өткізу үшін келіп, тоқуға үйренеміз, дейді олар.

– Бұл үйірме біз үшін тек қолөнерге үйренетін жер емес. Қыз-келіншектер жиналып, өмірімізде болған қызықты сәттерді айтып, бірге күліп, кей кездері бірге жылап аламыз. Бірбіріміздің қуаныштарымыз бен қызықтарымызды айтып бөлісеміз, – дейді “шілтершілер” ортақтаса.

Қандай жіптен тоқу мүмкін болса, біз барлығын тоқи аламыз дейді клуб жетекшісі. Күрте, жейде, белдемше, шалбар, шұлық, бөкебай, жемпір, кардиган, пальто, костюм, жылы орамал, сөмке, бас киімге дейін тоқуға машықтанып алған үйірмеге қатысушылар тоқыма бізінен басқа, тоқитын ілгемен де киімнің түр-түрін тоқи алады.

Клуб жетекшісі Валентина Скорых мамандығы бойынша музыка пәнінің мұғалімі болса да, тоқыма тоқудың нөмір бірінші шебері аталып кеткен. Оның бұл өнердегі бірінші ұстазы анасы болған екен.

– Өмірлік қажеттілік туындаған соң, өзіме жылы шұлық, күртешелер тоқи бастадым. Студенттік кезде жатақханада шұлық тоқи алмайтын қыз болмайтын. Себебі, ол кезде шұлық сатып алудың өзі қымбатқа түсетін. Шығармашылық адам болғандықтан, қолөнер мені әрқашан қызықтырған еді. Анам үй шаруасынан босаған уақытта қолына тоқитын ілгіні алып шұлық, күртешелерді тоқып, бізге кигізетін. Негізгі икемді анамнан үйрендім. 90-шы жылдары жұмыссыз қалғандықтан, пішімтігін курстарын аяқтап, үйде киім тіге бастадым. Өзімнің тұрақты клиенттерім болды. Бұл іспен қазір де айналысып келемін. Тәрбиеленушілеріме де тоқудан басқа киім пішіп, тігудің қыр-сырын меңгертудемін, – дейді клуб жетекшісі.

“Екпей егін шықпас, үйренбей білім шықпас”. Көзге оңай көрінгенмен, іске келгенде қиындықтары болатын тоқу өнеріне машықтану қара термен келмесе де, тынымсыз еңбек пен шыдамдылықты қажет етеді. Қолдың икемділігін дамытып, жіп пен тоқыма бізін өзіңе бағындыру уақытты талап етеді. Логикалық ойлау да қажетті. Түр-түстерді келістіру, адам денесінің мөлшеріне сай етіп киім де тіге алу оңай дүние емес. Десе де, үйірмеге қатысушылар қандай да бір қиын істі меңгеріп, тіпті, бірлесе әртүрлі көрмелерге қатысып, өздері де ұйымдастырады. Тек қолөнердің халық арасында беделінің жоғалғанына іштей қынжылады олар. Сондықтан тоқымашылар арттарынан ерген немере-жиендері мен қыздарына бар білгендерін үйретіп қалуды мақсат етті.

Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

СУРЕТТЕ: оң жақта – В.Скорых.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp