Жақында халықаралық жарыста Қызылжар ауданының Бескөл ауылындағы “Парасат” мектебі оқушысының жұлдызы жарқырады. “Күрес” балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің бапкерлері Манап Нұрғожин мен Ерболат Өркешов жаттықтыратын жасөспірім балуан Аманғали Бекболатов Екатеринбургте өткен халықаралық турнирден үлкен олжамен оралды. Ол грекрим күресінен 50 килограмм салмақта жекпе-жектерге шығып, белдесулердің бәрінде жеңіске жетті.
Әсіресе, ақтық бәсекеде қарсыласынан әдісайласын асырып, Қазақстан Республикасының Гимнін шырқатқан Аманғалидың жеңісіне ұстаздарының төбесі көкке жеткендей болды.