Фархат ТАСТАМБЕКОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Жылдағы дәстүр бойынша облыс әкімі Серік Біләлов бұрнағы күні облыс орталығындағы бас шыршаны жақты.
Жаңа жылды, әсем етіп безендірілген шыршаны, Аяз ата мен Қарша қызды қала тұрғындары да сағына, асыға күтсе керек. Сол күні кешкісін көпшілік солтүстіктің сарышұнақ суығына қарамай, Орталық алаңға серуенге шығыпты.
Орталық алаң ортасында жаңа жылдық жасыл шырша, мұздан жасалған мүсіндер, шыршаны айнала Аяз ата мен Қарша қыз және шаһар тұрғындары. Бір сөзбен айтқанда, алаң мерекеге сай безендірілген, қызылжарлықтар да көтеріңкі көңіл күйде бір-бірін құттықтап жүр. Әсіресе, мұз қалашықта сырғанақ тепкен кішкентай балалар мәз-мейрам…
Ал шыршаның шамын жағып, қала қонақтары мен тұрғындарды құттықтауға облыс әкімі Серік Біләлов және қала әкімі Болат Жұмабеков бастаған топ келді.
– Тәуелсіздік күніне де санаулы күндер қалды. Сондықтан осы мерекеге орай қаламыздың бас шыршасын жағайық деп жиналып тұрмыз. Келер Жаңа жылдан да оң нәтиже күтетініміз белгілі. Олай болса, барша қызылжарлықтарға келе жатқан Жылан жылы тек жақсылығын ала келсін, – деп облыс әкімі жаңа жылдық шыршаның шамын жақты.
Өңір басшысының құттықтауынан соң кезек ән мен биге берілді. Сол күнгі шырқалған ән де, мың бұралған би де тек Жаңа жылға арналды. Бір қызығы, мерекелік әсем әнді жергілікті өнер иелері орындаса, сол шараға келген тұрғындар шыршаны айнала биледі.