Солтүстік өңірде бірнеше күннен бері сынап бағанасы -30 градустан жоғары көтерілмей тұр. СҚО ІІД ЖПБ-ның бастығы, полиция подполковнигі Айдар Совет қарамағындағы қызметкерлерге жол бойын күшейтілген режімде бақылауға, жүргізушілермен түсінік жұмыстарын жүргізуге тапсырма берді. Бір тәулік ішінде жолда қалған бірнеше көлік анықталды.
Алматыдан құрылыс материалдарын әкеле жатқан екі “Рено” жүк автокөлігі жанармайлары қатып, Келлеровка ауылының маңында қалған. Көмекке келген полиция сержанты Дәурен Шәмиев пен аға сержант Рустам Кабисов жүк көліктерін қыздырып, олардың әрі қарайғы қозғалысын реттеген.
Мамлютка-Петропавл тас жолының бойында ішінде 18 жолаушысы бар бағыттық автобус сынып қалған. ЖПЖБ-ның 4-взводының қызметкерлері ондағы жолаушыларды басқа көліктермен облыс орталығына қайтарып, автобусты Мамлютка қаласына сүйреп апарған.
Петропавл-Астана бағытында “Мерседес” жүк көлігі жол жиегіне шығып кеткен. Жол полицейлері “КамАЗ” машинасымен “Мерседесті” сүйреп шығарған.
СҚО ІІД-нің баспасөз қызметі.