Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Алдыңгүні өңір басшысы Серік Біләловтің қатысуымен облыс орталығындағы аграршылар үйінде инвесторларға қызмет көрсету орталығы ашылды. Жаңа орталықтың директоры Амантай Жүсіпов келгендерге аталмыш құрылымның міндеттері және мақсаттарын түсіндіріп, мамандар жұмыс істейтін кабинеттер мен іскерлік келіссөздер жүргізілетін конференцзалды көрсетті. Сондайақ ол орталықтың жұмыс істеу үдерісін, инвесторлармен кездесулер және таныстырылымдардың қалай жүргізілетінін сөз етті.
– Мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру үшін бұл орталықтың атқаратын қызметі зор. Орталыққа мамандарды таңдаған кезде инвестиция саласын жүргізуде тәжірибесі мол кадрлар қабылданды. Бүгіннің өзінде инвестицияларды тарту қай салада басымырақ екендігі белгілі болып отыр. Сіздер, аудан басшылары да аудандарыңыздағы жағдайды бақылап, тиісті шараларды қолданыңыздар. Кейбір аудандарда осы орталықтың бөлімшелерін ашып, жұмысты жеңілдетуіміз керек, – деді өз сөзінде облыс басшысы Серік Сұлтанғазыұлы.