Облыс әкімдігі жанындағы мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссияның отырысы өтті.
Мәжілісті ашқан облыс әкімінің орынбасары Фархад Қуанғанов биылғы жылы Қазақстан Республикасы мемлекеттік рәміздерінің 20 жылдығы мерекеленетінін атап өтті. Осыған байланысты облыста мерекеге арналған кешенді шаралар жүзеге асырылған. Облыстың барлық аудандарында және Петропавл қаласында отансүйгіштікке, өз еліңнің мемлекеттік рәміздеріне құрмет пен мақтаныш сезімде тәрбие беруге бағытталған көптеген акциялар өтті және ол әлі де жалғасуда.
Комиссия отырысында мемлекеттік рәміздерді қолдану және насихаттау жөніндегі жұмыстардың барысы туралы Аққайың, Ақжар, Мағжан Жұмабаев, Қызылжар және Тимирязев аудандары әкімдері орынбасарларының есептері тыңдалды.
Мемлекеттік Туды, Мемлекеттік Елтаңбаны және олардың бейнелерін, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранын Конституциялық заң талаптарын бұрмалап пайдаланғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылатыны туралы ішкі істер департаменті бастығының орынбасары Ақпан Дүкетбаев хабарлама жасады.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерінің пайдаланылуын насихаттау және бақылау жөніндегі шаралар жоспарын жүзеге асыру қорытындысы туралы ішкі сасат басқармасының бастығы Руслан Әлішев айтып берді. Комиссия хатшысы облыста 2,5 мыңнан астам мемлекеттік рәміздер орналастырылғанын хабарлады. Қазақстан Республикасы мемлекеттік рәміздерінің 20 жылдығына арналған 6 мыңнан аса шара өткізіліп, оларға 240 мыңнан астам адам тартылған. Облыстың барлық аудандарында және Петропавл қаласында “Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері” сәулеттік композициялары орнатылды, бүгінде олар негізгі қоғамдық-саяси шаралар өткізілетін орталық орын болып табылады.
Жүргізілген тексерістер қорытындылары Қазақстан Республикасы мемлекеттік рәміздерін насихаттау мен қолдану аясында аздаған кемшіліктердің орын алғанын көрсетеді. Алайда, облыс әкімінің орынбасары осы бағыттағы жіберілген кемшіліктердің алдын алу жөніндегі алдағы жұмыстарға баса назар аударды.
Мәжіліс барысында мемлекеттік рәміздердің мәнін және олардың қолданылу тәртібін түсіндіруге қоғамдық бірлестіктерді, мәслихат депутаттарын, ардагерлерді, жастарды белсендірек тарту туралы ұсыныс түсті. Қазақстандық отансүйгіштілікті және халық бірлігін қалыптастыруда Қазақстан Республикасы Әнұранының рухани және тәрбиелік мәніне айрықша назар аудару қажеттілігі айтылды.
(Ресми ақпарат).