Кеше Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында еліміздің Тәуелсіздігі күні мерекесіне арналған салтанатты жиын өтті. Облыс әкімі Серік Біләловтің қатысуымен өткен шарада елдің дамуына елеулі үлес қосып жүргендердің бірқатары мемлекеттік наградалармен марапатталды.
Арайлым СМАҒҰЛОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Алдымен салтанатты түрде еліміздің көгілдір Туы сахна төріне шығарылып, Әнұранымыз шырқалды. Ел Тәуелсіздігінің белгісі – мемлекеттік рәміздерімізге көрсетілген құрметтен кейін облыс әкімі Серік Біләлов жиналған қауымды ұлық мерекемізбен құттықтап:
– Тәуелсіздік – барлық жетістіктеріміздің рухани бастауы. Біз бұл мерекеге толайым табыстармен жеттік. Еліміздің саяси жүйесі жетілдіріліп, халықтың табысы еселенді. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сындарлы саясатының арқасында Қазақстан барлық қиын кезеңдерден өтіп, әлем таныған мемлекетке айналды. Елбасы:“Тәуелсіздіктің әр жылы – бұл жаңа Қазақстан тарихындағы тұтас дәуір”, – деген болатын. Қоғамдық тұрақтылық пен келісімнің, береке-бірліктің негізінде біз әлеуметтік-экономикалық дамуға қол жеткіздік. Тәуелсіз Қазақстанның өркендеуі жолында облыстың тұрғындары да өздерінің лайықты үлестерін қосуда. Өңірімізде жаңа индустриялық-инновациялық жобалар жүзеге асырылып, әлеуметтік-аграрлық сала тұрақты дамуда. Болашақта да Елбасы белгілеген міндеттерді жүзеге асыруда бар күшімізді салып, елдің гүлденуіне елеулі үлес қосатындығымызға сенімдімін, – деді. Өз сөзінде өңір басшысы тәуелсіздік жылдары өңіріміздің жеткен жетістіктерін тілге тиек етіп, жиналған қауымды әлеуметтік-экономикалық саладағы табыстарымызбен таныстырды.
Индустрияландыру картасына өңірімізден жалпы құны 42,3 миллиард теңгені құраған 30 инвестициялық жоба енген. Бұл жобалар толық жүзеге асырылған уақытта 2 мыңнан астам жаңа тұрақты жұмыс орны ашылмақ. Соңғы екі жылда жалпы құны 18 миллиард теңгені құраған 20 жоба жүзеге асырылса, оның 13-і – өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы нысандары. Үстіміздегі жылы 5 жоба пайдалануға берілсе, соның бірі – “Сүт өнімдері” ЖШС-нің сүт зауыты. Жаңа өндірістік кәсіпорындарды ашып, бұрынғыларды жаңғыртудың арқасында жалпы құны 53 миллиард теңгеден астам өнеркәсіп өнімі өндірілген. Өңірімізде шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту жұмысы да қарқынды жүргізіліп жатқандығын айтқан облыс әкімі “Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламасына, тұрғын үй-коммуналдық саласын жаңғырту жұмыстарына тоқталды. Елбасының тапсырмасымен “Магистральдық газ құбырлары құрылысы” жобасын жүзеге асыру жұмысы қолға алынған кезде өңіріміздің бірқатар аудандары көгілдір отынмен қамтылатын болады. Бұл елдің әлеуетін көтереді, деген облыс әкімі Серік Біләлов өңірімізде әлеуметтік салаға 62 миллиард теңге қаржы бөлінетіндігін жеткізді. Оның 36 миллиард теңгесі білім саласына бағытталған. Бүгінде өңірімізде бүлдіршіндерді мектепке дейінгі білім беру ұйымдарымен қамту 86 пайызды құрап отыр. Сондайақ денсаулық сақтау, спорт салаларын дамытуда атқарылып жатқан жұмыс сараланып, өңіріміздің жақын және алыс шетелдермен қарымқа-тынасымыздың нығайғандығы тілге тиек етілді. Өңірімізде инвесторларға қызмет көрсету орталығы ашылғандығын айтқан облыс әкімі Серік Біләлов салтанатты жиынды елеулі еңбек еткен бірқатар солтүстікқазақстандықтарды марапаттаумен жалғастырды.
Сонымен, Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес Аққайың ауданындағы “Солтүстік Қазақстан ауыл шаруашылығы тәжірибе стансасы” ЖШС-нің директоры Белгібай Қанафин, Петропавл қаласындағы “СУ-808” ЖШС-нің директоры Виктор Ли, Ғ. Мүсірепов атындағы ауданның “Ақселеу” ЖШС-нің директоры Серік Малаев, “Азық-түлік корпорациясы” АҚ-ның өңіріміздегі өкілдігінің директоры Есжан Оразалин, облыс орталығындағы “Лесной” ЖШС-нің директоры Михаил Христевич “Құрмет” орденімен марапатталды. Ал “Ерен еңбегі үшін” медалімен марапатталған 9 азаматтың қатарында Айыртау ауданындағы “Кутузовское-Алиби” ЖШС-нің механизаторы Сергей Клименко, Мағжан Жұмабаев ауданындағы “Ноғайбай” және “Совет СК” ЖШС-лерінің механизаторлары Ақын Сағитов пен Виктор Юстус бар. Елбасының Жарлығымен бірқатар аудандардағы денсаулық сақтау нысандарының дәрігер мамандарына “Шапағат” медалі, ал ауыл шаруашылығы, құрылыс, өнеркәсіп салаларының өкілдеріне Құрмет грамотасы табыс етілді. Марапаттау салтанаты мұнымен аяқталмады. Облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан елеулі үлесі және қоғамдық өмірге белсене араласқаны үшін және Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің күнін мерекелеуге байланысты облыс әкімінің Құрмет грамотасымен, Алғыс хатымен бір топ солтүстікқазақстандықтар марапатталды.
Құрмет пен марапатқа толы салтанатты жиында мінбеге көтеріліп, Тәуелсіздіктің 21 жылында елімізде атқарылған жұмыстарды тілге тиек еткендердің қатарында еңбек ардагері, Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы Құдайберген Қалиев, облыстық сауда-өнеркәсіп палатасының төрайымы Нелли Кукушкина, жеңіл атлетші Маргарита Мукашева және тағы басқалар болды. Сөз сөйлегендердің бірі – ІІМ Ішкі әскер Петропавл Әскери институтының бастығы, полковник Жұмабек Ахметов облыс әкімінің орынбасары Фархад Қуанғановты әскери мамандарды даярлауда қолдау көрсеткені үшін “ҚР Ішкі істер министрлігі ішкі әскерлеріне – 20 жыл” төсбелгісімен марапаттады. Жылы лебіз бен құттықтауларға толы ресми бөлім аяқталғаннан кейін салтанатты жиын концерттік бағдарламамен жалғасты.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.