«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТІРШІЛІК НӘРІ ТАПШЫ ЕМЕС

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Самат ЕСМАҒИ,

журналист.

Есіл ауданындағы Тораңғыл ауылындағы 167 үйдің 158-і орталықтандырылған су жүйесіне қосылған. Әр үйге су осыдан бес жыл бұрын енгізіліпті. Әлеуметтік әріптестік шеңберінде “Азия Тораңғыл” серіктестігі су тарату желісінің 22 шақырымын жаңалап алған. Су мұнаралары тоқтаусыз жұмыс істеп тұр.

Тораңғыл ауылдық округінің әкімі Қабдунас Қуандықовтың айтуынша, жазда ауылдықтар күніне 1600-1800 текше метр су шығындаса, қыста азырақ. “Екі су мұнарасы да іске қосылған. Округімізде тіршілік көзінен таршылық жоқ. Су күні-түні ағып тұр”, – дейді.

 

Бұл – Есіл ауданындағы әр үйге су тартылған санаулы ауылдардың бірі. Ал қалған елді мекендер болса тіршілік көзін құдықтан, жер асты ұңғымалары немесе су тарату қосындарынан алады. Ауызсу алуға өздері келе алмайтындарға тіршілік көзі үйлеріне тасылып беріледі. Александровкадағы үш қарияға қызметтің бұл түрі тегін. Солардың бірі Анна Васильченко: “Үйіміз жылы. Отынымыз бар. Суымызды әкеліп береді. Қарттарға бұдан басқа не керек?” – деп ағынан жарылды.

Бұл жерден күніне шамамен 10 адам су алады. Қалғандары құдықтан ішкенді жөн санайды. Солардың бірі – Николай Машенцов: “Үй іргесіндегі тіршілік көзіне үйрендік, қосындағы тазартылған судан ішкен дұрыс болар еді, алайда, ол алыс”, – дейді. Бірақ техникалық талаптар бойынша қосындар биік жерде орнатылуы керек.

Жарғайыңдықтардың жағдайы жақсы. Су тарату қосыны ауылдың қақ ортасында орналасқан. Сағат таңертеңгі оннан он екіге дейін, түстен кейін үш пен бестің арасында жұмыс істейді. Ауыл тұрғыны Науан Қарағышовтың айтуынша, судың сапасы жақсы, флягасы 15 теңге.

Ауыл тұрғындарының саны – 200. Бәрінің жекеменшік шаруашылығы бар. Мектеп, кітапхана, медициналық қосын жұмыс істейді. Ауыл тұрғыны Бүркіт Жаровтың айтуынша, жолдар қардан тазартылып тұрады. Шаруашылықтар жемазық даярлауға да көмектесетін көрінеді.

Бір айтары – көшеде жарық жоқ. Оны орнату – келер жылдың еншісінде. Аудан тұрғындары: “Ең бастысы, таза ауызсудан таршылық көріп отырғанымыз жоқ”, – дейді.

Ауылдарды аралаған облыстық мәслихаттың депутаты Марат Омаров “Біз Есіл ауданының үш елді мекенінің жағдайымен таныстық. Оларға “Таза ауызсу” бағдарламасы шеңберінде су берілген болатын. Су тарату мұнаралары жұмыс істеп тұр. Тек Александровка ауылында тұрғындарының басым бөлігі құдықтарды пайдаланады екен. Олар көшеге су өткізілсе дұрыс болар еді деген өтініштерін білдірді”, – деді.

Естеріңізге сала кетейік, су тарату қосындарын орнату – “Ақ бұлақ” бағдарламасының бастамасы ғана. Республикалық жобаның көздеген мақсаты – еліміздің әр ауылын сапалы ауызсумен қамтамасыз ету.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp