«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ФОРУМ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Тоқтар ЗІКІРИН,

“Солтүстік Қазақстан”.

Қаладағы “Континент” мейрамханасының салтанат залында облыс әкімі Серік Біләловтің төрағалық етуімен халықаралық инвесторлар форумы өтті. Оның жұмысына Қазақстан, Ресей Федерациясы, АҚШ, Қытай, Корея және Швейцария елдерінен келген инвесторлар қатысты. Форум барысында осынау алқалы жиынға қатысушыларға өңірдегі болашағы зор инвестициялық жобалар таныстырылды. Онда, әсіресе, құрылыс материалдары, полиметалдарды барлау және өндіру, көлік қатынасы мен мал шаруашылығы салаларына басымдық берілетіні аңғарылды.

 

Биыл облыста инвестиция көлемінің арта түскені байқалады. Шетел инвестицияларының мөлшері де ұлғайып келеді. 2012 жылдың 9 айында облыс экономикасына 68 миллиард теңге инвестиция құйылды, ол өткен жылдың сәйкес кезеңдегіге қарағанда 1,4 есеге көп.

Форумды ашқан өңір басшысы Серік Біләлов: “Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында Қазақстан инвестицияларды тарту бойынша үздік атанды. Шетелдік инвестициялар еліміздің экономикалық дамуына зор ықпал етуде және осы жұмыс жолға қойылған. Солтүстік Қазақстан облысы да осы бағытта Еуропа және Азия елдерімен экономикалық қатынаста қыруар жұмыс атқаруда,– деп атап өтті.

Форумда жиналғандарды өңірдің инвестициялық тартымды салаларымен таныстырып, баяндама жасаған облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекеновтің айтуынша 3 жыл ішінде облыста 500 жаңа өндіріс орны бой көтерді. Облыстың индустрияландыру картасына 282 миллион АҚШ долларына бағаланған 30 жоба енді.

 

2012 жылдың қорытындысы бойынша облыс экономикасына инвестициялар көлемі кем дегенде 75 миллиард теңгені құрайды, соның ішінде шетелдік инвестициялар 150 миллион теңгеге жетеді және ол алдағы жылдары еселей артып отыратын болады, – дей келіп, инвесторларға барынша қолайлы жағдай жасау қажеттігіне баса назар аударған ол слайд экранда көрсетілген бейнематериалдарға сүйене отырып, облыстың инвестициялық қуатын, оны қандай бағыттарда дамытуға болатынын жіктеп айтып берді.

Өңірдің инвестициялық қуатын дамытуға қосқан үлестері жайлы әңгіме өрбіткен “ҚазЭкспорт Астық” холдинг” АҚ-ның бас директоры Игорь Ермоленко компанияның осы бағыттағы кең ауқымды жұмыстарымен таныстырды.

“Қазэнергорегион” ЖШС-нің бас директоры Қамария Сағындық жиналғандарды Булаево қаласында тұрғызылатын мұнай өңдеу зауытының құрылыс жобасы тұсаукесерімен таныстырды.

Дәл осы сияқты “Голден инвест лимитед” компаниясы да Петерфельд ауылында өндірістік қуаты 100 текше метр мұнай базасы құрылысына инвестициялық қаржы салуды ойластыруда. Ол туралы компания өкілі Дави Варигян айтып берді. Ал, швейцариялық “РВ Рева групп СА” акционерлік қоғамының президенті Абим Салихидің “Пластбау” құрылыс зауыты” жобасының тұсаукесеріне өңір басшылығы қызығушылық танытты, оны одан әрі зерттеп, зерделеуді “Солтүстік” ӘКК-ға тапсырды. Сол сияқты “Қазэнергорегион инвестициялық компаниясы” ЖШС-і мен ресейлік “Компания Меттен” бірлескен жеңіл болат және жұқа қабырғалық конструкциялар өндірісі жобасының тұсаукесерін ұсынған Борис Зайцевтің инвестициялық ұмтылысы құпталды.

Сонымен бірге озық технологиялар негізінде бағдарламалық қамтамасыз етудің жобасы туралы “Инспур Ко ЛТД” компаниясының Орта Азия елдері бойынша өкілі Фу Хэн, Қызылту стансасынан Ресейдің Граничная стансасына дейінгі біртабанды теміржол учаскесін қалпына келтіру жобасының тұсаукесері туралы “Строй Сервис” АШҚ-ның бас директоры Евгений Балдаков, ағаш-жоңқа плиталары өндірісі жобасының тұсаукесерін жасаған “АБД-Арманы” ЖШС-нің директоры Мұрат Камалбаев, өсімдік шикізатын тереңдете өңдеу жөніндегі Қазақстан – Ресей биотехнологиялық кешен құру жобасының тұсаукесерін өткізген мәскеулік “Поликомплекс” АШҚ-ның бас директоры Илья Вишневский және мал шаруашылығы кешені бойынша өз жобасын ұсынған Игорь Овчинников форумға қатысушылардың қызығушылығын туғызған өз ойларын жеткізді. Ал, Ресейдің Қорған облысының сауда-өнеркәсіп палатасының президенті Евгений Сочнев көршілес екі облыстың өзара сауда-экономикалық қатынастары жайында әңгімелеп берді.

Форум соңында “RV REVA-Group SA” (Швейцария) АҚ мен “Петропавл құрылыс материалдары зауыты”, Қорған мен Солтүстік Қазақстан облысы сауда-өнеркәсіп палаталары, Петропавл қаласының әкімдігі мен “HOSOO INTERNIONAL CIS” (Корея) ЖШС-і өзара екіжақты келісімдерге қол қойды.

Жалпы осы форумда шамамен 1 миллиард теңгенің келісімдері жасалды. Жалпы, 2015 жылға дейін көзделген жобалар жүзеге асса, облысқа 200 миллион долларға жуық инвестиция құйылатын болады.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp