Жуырда белгілі болғанындай, 2013 жылы “Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламасына енгізілген өзгерістерге сәйкес өңіріміз оның 1 және 3 бағыттарын жүзеге асыруда қанатқақты жобаларды жүзеге асырмақ. Осы орайда аталмыш бағдарламаға енген өзгерістерге сай өңірімізде жүзеге асырылатын қанатқақты жобалар жайлы білмек болып, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бастығы Асқар Сақыпкереевке бірер сұрақ қойған болатынбыз.
– Асқар Жоламанұлы, елімізде екі жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан “Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламасына енгізілген өзгерістер оның өміршеңдігін көрсетеді. Осы орайда аталмыш бағдарламаны жүзеге асыру арқылы өңірімізде қандай жұмыс атқарылғанына тоқталсаңыз?
– Өткен екі жылда “Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламасын жүзеге асыру үшін 4 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Қанатқақты жоба ретінде 2011 жылы қолға алынған бағдарламаның нәтижелері оның маңыздылығы мен қажеттілігін көрсетті. Алғашқы жылы өңірімізде кәсіптік оқытуға 986 адам жіберілді. Әлеуметтік жұмыс орындарына 656 адам орналастырылып, 200 миллион теңгенің 104 жеңілдетілген несиесі берілді. Сондай-ақ 222 жекеменшік тұрғын үй салынды. Ал 2012 жылы кәсіптік оқытуға 496 адам жіберілсе, 441-і оқуды тамамдап, 1 желтоқсанға дейін 423-і жұмысқа орналастырылды. Әлеуметтік жұмыс орындарына – 1235, жастар тәжірибесіне –1255 адам тартылды. Бұл жылы 600 миллион теңгенің 268 жеңілдетілген несиесі берілді. 141 пәтерлік 129 тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, 99 отбасы көшірілді. Бағдарламаның төртінші бағыты – “Елді мекендерді дамыту” бойынша 451,2 миллион теңгенің 29 жобасы жүзеге асырылды. Алайда, бағдарламаны жүзеге асыру барысында қолданыстағы нормативтік-құқықтық базаны өзгертуді талап еткен бірқатар мәселелер мен сұрақтар да туындады. Осыған байланысты үстіміздегі жылы енгізілген өзгерістер бағдарламаның іс-шараларына жұмыс берушінің қатысуын кеңейтіп, оны жүзеге асыруға бөлінген бюджет қаржысын тиімді жұмсауға жол ашпақ.
– Ендігі жылы бағдарламаны жүзеге асыруға қанша қаржы бөлінді? 1 бағытын жүзеге асыру тәртібін айтып өтсеңіз.
– Ендігі жылы бағдарламаны жүзеге асыру үшін 4 миллиард теңге қаржы бөлінді. Ал “Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламасының 1 және 3 бағыттарында айтарлықтй өзгерістер бар. 2013 жылы қолданысқа енетін жаңа өзгерістер бойынша “Өз бетінше жұмыспен айналысушыларды, жұмыссыздарды және табысы аз адамдарды оқыту және олардың жұмысқа орналасуына жәрдемдесу” бағытында жұмыс беруші бағдарлама қатысушысын, мамандықты және оқу орнын өзі таңдайды. Осы орайда жұмыс беруші бағдарлама қатысушысын өзі іздеуі, жұмыспен қамту орталығы ұсынғанды алуы не болмаса бос жұмыс орындары жәрмеңкесінде табуы мүмкін. Сондай-ақ жұмыс беруші өзіне қажет маманды оқыту үшін бағдарлама операторының, сондай-ақ білім беру саласы бойынша тұрғындарды жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті органдар мен тұрғындарды жұмыспен қамту орталықтарының, “Атамекен” ұлттық экономикалық палатасы” ЗТБ-ның Интернет-ресурсында жарияланған білім беру ұйымдарының тізімінен таңдайды. Жұмыс беруші таңдап алған бағдарлама қатысушысымен төртжақты әлеуметтік шарт жасалады. Яғни, жұмыспен қамту орталығы, бағдарлама қатысушысы, жұмыс беруші, оқу орны. Жұмыс беруші мен оқу орны әлеуметтік шарттың жасалғандығын растау үшін жазбаша түрде әлеуметтік шартқа қосылатындығы жөнінде жауапты лауазымды тұлғаның қолы мен мөрі қойылған өтініш беруге құқылы. Жұмыс беруші өз өтінішінде бағдарлама қатысушысының жеке басы туралы мәліметті, оқитын мамандығы, оқытатын оқу орнын, өндірістік тәжірибенің өтетін орны және оқуын аяқтағаннан кейін жұмыс істейтін жерін көрсетуі тиіс. Әлеуметтік шарттың бағдарлама қатысушысы, жұмыс беруші және оқу орны тарапынан орындалуын жұмыспен қамту орталықтары, ал жұмыспен қамту орталығын ауданның (қаланың) жұмыспен қамту жөніндегі уәкілетті органдары қадағалайтын болады.
– Осындай өзгерістер бағдарламаның 3-ші бағытында да бар. Оған да жанжақты тоқталсаңыз.
– “Еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру” бағытына мемлекет пен жеке серіктестік тетігі енгізілмек. 2013 жылы қанатқақты өңірлерде қызметтік үйлердің құрылысы, оларды алу, құрылысы аяқталмаған нысанды салып бітіру және қоныстандыру жұмыс берушілердің қатысуымен жүзеге асырылмақ. Бірлескен қаржыландыру жағдайында орынды, үй құрылысының нұсқасын таңдау, алу және құрылысы аяқталмаған нысанды салып бітіру жұмыстары жұмыс берушінің қатысуымен орындалады. Бұл жағдайда жұмыс беруші тарапынан болатын бірлескен қаржыландыру көлемі үйдің құнының 10 пайызынан кем болмауы тиіс. Сондай-ақ ол бір пәтердің немесе жеке үйдің құрылысын, пайдалануға берілуін немесе сатып алуын қамтамасыз етуі қажет. Салынған және пайдалануға берілген үй мемлекет пен жұмыс берушінің ортасында құйылған қаржыға байланысты бөлінеді.
Бағдарлама қатысушысы атану қызметтік үйдің құрылысына, оны алуға, құрылысы аяқталмаған нысанды салып бітіруге, қоныстандыруға қатысатын жұмыс берушінің бағыттауы бойынша жүзеге асырылады. Егер жұмыс беруші қызметкерлерін үймен өзі қамтитын болса, онда жергілікті атқарушы орган заңнамаға сәйкес үй құрылысы үшін жер телімін бөлуге, қосылуға техникалық жағдайларды алуға, сондай-ақ құрылыс аймағының жоспарына сай инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдарды тарту мен қосуға қолдау көрсетеді. Сонымен қатар жастарға арнап жатақхана салу жоспарланған. Жастарға арналған жатақхана міндетті еңбек шарты мен тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесінің қатысушысы болған жағдайда берілетін болады.
– Өңірімізде қанша жатақхана салынады және қай жерлерде?
– Қазіргі таңда облыс орталығында жастарға арналған әрқайсысы 100 орындық екі жатақхана салу мәселесі шешілуде. Жалпы аталған бағыттар бойынша қанатқақты жобаларды жүзеге асыру облыстағы жұмыс берушілерді бағдарлама қатысушыларын кәсіби даярлауға және еңбекпен қамту жұмысына іс жүзінде тартуға, мемлекет пен жеке серіктестік қағидасын жүзеге асыруда нормативтік-құқықтық актілерге енгізілген өзгерістерді тәжірибеде сынауға мүмкіндік бермек.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Арайлым СМАҒҰЛОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.