«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АТАҚТЫ ҚАЖЫМҰҚАН БАЛУАН ЕСІМІ Қызылжарда да құрметтеуге лайық

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Егер әлеуметтен “Қажымұқан Мұңайтпасов кім?” деп сұрай қалсаң, “Қазақтың атақты балуаны” деп жаңылмай жауап беретінін білеміз. Алайда, “Ол қай жерлерде, қандай жетістіктерге қол жеткізді?” деген сауалға екінің бірі жауап бере алмасы анық. Одан әрі “Балуанның өмірбаянынан не білесіз? деген тереңдеу сұрақ жұртшылықтың көбін мүдіртер еді.

Зейнолла ӘКІМЖАНОВ, “Солтүстік Қазақстан”.

Менің Қажымұқан Мұңайтпасов есімін алғаш рет естігеніме жарты ғасырдан асыпты. Бала кезімде Сәкен Сейфуллиннің “Бандыны қуған Хамит” повесін оқып шыққаннан кейін онда автор асқан сүйіспеншілікпен жазған Қажымұқан туралы біле түскім келді. Менің іштегі алаңымды қимыл-әрекетімдегі, бет-әлпетімдегі өзгерістен аңдай қоятын анамнан мұның мәнісін сұрағанымда, бір қызық әңгіменің тиегін ағытқан еді.

 

Бұл менің он-он бір жасар кезім. Шешем Мәдина Қостангелдіқызы алғашқы жұбайы, қазақтың белгілі жазушысы, “Кеңес ауылы” газетінің (қазіргі “Солтүстік Қазақстан”) қаламгері Әбдірахман Айсариннің 1932 жылы Қызылжарда болған атақты балуан Қажымұқанды қонақ қылып, қой сойып, дәм бергенін айтқанды. Бұл сапарға Қажымұқан Қызылжар мен Омбыда күресу және халыққа арнайы күш амалдарын көрсету мақсатымен шығып, біздің қаланың циркінде бірнеше күн аялдайды.

– Оған қарсы шығатын балуандар – кілең жастар, ал Қажымұқан – шау тартқан адам. Жығыса алмайды. Әлде жұртты жинау үшін әдейі сөйте ме екен, әйтеуір, цирктің алды күнде құжынаған халық, ине шаншар жер болмайды, – дейді шешем. – Бәріміз оның жеңуін тілейміз. Жас орыс балуандары оған қайрат қыла алмайды. Сосын ол бірнеше рет зілмауыр қара тастарды ойыншықша лақтыра ма керек, шалқасынан жатып алып, үстіне он-он бес адамды шығарып, тақтайдан жасалған қақпаны қарнымен шірене итергенде, аналар ұшып түседі.

Сол жолы қонақта болған Қажымұқан анамнан тер сүртетін үлкен сүлгі сұрап алыпты. “Аға, не бұйымтайыңыз бар?!” деген Әбдірахманға айтқан өтініші сол екен. Бірақ жазушы арнайы шапан тіккізіп, балуанның үстіне жауыпты. Ал аттанарында сол жылы екі жастағы ұлы Аянның аузына түкіртіпті. Алайда, ағам балуан болған жоқ, бүгінде өмірден озған.

Шешем айтқан әңгімеден аңғарғаным – сол жылы Қажымұқанның жасы алпыс-алпыс екі шамасында. Бұл сөзге қарағанда, кейбір зерттеушілердің оны “1886 жылы туған” деп жүргендері қисынға келмейді. Демек, “Қажымұқан 1870 жылы өмірге келген” дейтіндердікі жөн болуы керек. Және мұны мына дерек те айғақтай түседі: “Мен өмірімнің 55 жылын күреске арнадым. Талай рет өлім аузында болдым. Америкадан өзге шетелдердің бәрін де араладым. Қазір жасым 75-те. Менің қазіргі тұрмыс жағдайым нашар” деп өз қолымен 1945 жылдың 26 маусымы күні Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Төрағасы Әбсәмет Қазақбаевқа жазған хаты 1990 жылы Алматының “Қазақстан” баспасынан шыққан “Күш атасы” деген естеліктер жинағында көзіме ұшырасты (321-ші бет). Осыны басшылыққа алғанда Қажымұқан 1870 жылы туған болып шықпай ма?

– Тағы бір айтарым, оның асқа тәбетінің орасан екендігі. “Қалың қабақты, бет-әлпеті жалпақтау, қарны шығыңқы, қолы-қары сұмдық сом, биік, зор тұлғалы. Табақтас болмасам да, оның ет жеп, қымыз бен шарапты бес адамдай ішетінін сездім”, – деген еді шешем.

Ендігі бір әңгіме Қажымұқанның Қызылжарда қазақ, орыс байларында жалшылықта болуы туралы. Ол жайындағы жазылған кітаптарда, әсіресе, өткен ғасырдың сексенінші жылдарында шыққандарында және басқа мақалаларда балуан өмірінің Қызылжар тұсы аса назарға алынбайды. Осылардың кейбірінде оның туған жеріне күмән келтіретіндері де барына көзім жетіп жүр. Мысалы, республикалық газеттердің бірінен Қажымұқан Мұңайтпасұлы оңтүстікте туып, Арқа жерінде өсті деген пікірді оқығаным бар. Анығында, оның ата-бабалары Алтыбас қыпшақтан тарап, олар, расында да, Оңтүстік Қазақстанды қоныс еткен екен. Сәбит Мұқановтың әңгімелерінде Қажымұқанның Қараөткел түбіндегі Қоспа ауылында туғаны айтылады. Бұл сәйкессіздіктің тамырына филология ғылымының докторы, профессор Әуелбек Қоңыратбаевтың “Өз аузынан естігендерім” деген естелігі балта шабады. Бұл естелігін белгілі ғалым 1946 жылы Ғабит Мүсіреповтің арнайы тапсырмасымен Қажымұқан қайтыс болардан екі жыл бұрын балуанды Шәуілдірге іздеп барып, өз аузынан жазып алғанын айтады (“Күш атасы”, Алматы, “Қазақстан”, 1990 ж. 145-146-беттер). Естеліктің “Жастық шағы” деген тарауында: “Қажымұқан Ақмоладағы Қараөткел дуанына қарасты Қоспа деген жерде дүниеге келген” деп тайға таңба басқандай жазылған жолдар бар. Бұл дерекке сенетініміз – оның балуанның өз аузынан айтылғаны. Демек, оның әкесі Мұңайтпас күнкөрістің амалымен оңтүстіктен Арқаға ауып, Ақмола өңіріне келіп, осында қоныстап қалған. Сәбит Мұқановтың ұлы Мараттың “Расселение казахов среднего джуза” деген ғылыми еңбегінде, Мұхамеджан Тынышбаевтың ұлы қазан төңкерісіне дейінгі ұлттық орналасуымыз, демограф Мақаш Тәтімовтің халықнама жайындағы кітаптарында Қоқан, Бұхар хандықтарының қысымының зардабынан оңтүстік өңірлерден тұрмысқа қолайлырақ, тыныштығы жақсылау теріскей өңірлерге қоныс аудару жиі болып тұрғанын оқығанбыз.

Ал балуанның жастық шағында Қызылжарда тұрғаны, байларда жалшылықта жүргені туралы деректерді ешкім жоққа шығаруға тиіс емес. Мұның мәнісі мынада: Қызылжар төңкерістен бұрын Арқа жерін орыс империясының сауда-саттық, өнеркәсіп өркендеген ірі қалаларымен байланыстырудың белөзегі болғаны тарихи шындық. Қорған, Омбы, Түмен, Екатеринбург сияқты ірі орталықтарға тура қарым-қатынас Қызылжар арқылы жасалған. Сондай-ақ Омбы, Орынбор генерал-губернаторлықтарының ықпалы сонау Жетісу және Шымкент, Ақмешіт (бүгінгі Қызылорда), Таразға дейін қамтыған. Жұмыс іздеген жалшы-батырақтар осы мақсатпен кіре тартатын көпестерге, саудагерлерге, кәсіпшіліктер басшыларына жалданған. Осындай себеппен тақыр кедейдің баласы Қажымұқан да жасөспірім шағында бірде қазақ байларында, келесіде орыс, татар көпестері мен саудагерлерінде жалшылықта болып, ақыры Қызылжарда тұрақтап қалған. Бұл жайында Сәбең де, Қалмақан Әбдіқадыров та, Әлімқұл Бүркітбаев та жазғанымен, Қажымұқан қызметте тұрған қызылжарлық орыс көпесі Масликовтың есімі бірінде Николай, екіншісінде Орлий, ал тағы басқаларында тегі Масликов емес, Кожулин деп әрқилы жазылған. Бірақ Қажымұқан соңғы жалданып, содан соң Омбы, Қазан қалалары арқылы кәсіпқой күреске аттанатын жері – Қызылжар, оны жалдаған көпес Григорий Масликов екенін Қажымұқанның әйелдерінің алғашқысы, балуанның өзі қазақшалап “Бәтима” атаған, 1894 жылы Белоруссияда туған Надежда Николаевна Чепковская нақты айғақтап береді. Екеуі 1909 жылы Рига қаласында кездесіпті. Сол жылы қосылған. Ол Қажымұқан туралыестелігін 1960 жылы, өзі дүниеден озардан алты жыл бұрын Омбы облысының Называев ауданындағы Редькое ауылында тұңғышы Халиолланың қызы, яғни немересі Рәзияның қолында тұрғанда жазып берген екен. Осы естелігінде ол Қажымұқанның 1911 жылы Мәскеуде, Варшавада өткен жарыстардан соң Омбыға аттанғанын айта келіп: “Ұмытпасам, не осы жылы, не 1912 жылы, әйтеуір, осы екі жылдың бірінде бір жолы біз Қызылжар қаласына тоқтадық. Қажымұқан жас кезінде жалшылықта болған көпес Григорий Масляков (ол “Масляков” деп жаңсақ айтуы мүмкін. Дұрысы “Масликов” екені анық З.Ә.) кісі жіберіп, үйіне шақырып қонақ етті. Батырдың болған жерлеріндегі күрес әңгімелерін қызыға тыңдап, көп сұрақ қойды. Дастарқанын жайып, сыйлы қонақтарын шақырып Қажымұқанға, бізге үлкен сый көрсетті.

… Қажымұқанның астына ат мінгізді, маған 5 метр көк мақпал, таза күмістен әшекейлеп жасаған редикюльді сыйға тартты” (“Күш атасы”, 19-20- беттер) дейді.

Осы Масликовта (Масляков) жалшылықта орасан зор күшімен көзге түсіп, Омбы циркінің балуандарының бірі, орыс алыбы А.Злобинмен белдескен бозбала оның ұйғарымымен Қызылжардағы тәнті болып, тілеуін тілеген жанашырларының көмегімен Петербургтегі Иван Лебедевтің күрес мектебіне біздің қаламыздан аттанған.

Өзі жазған өтініште айтылғандай, ғұмырының 55 жылын күреске арнаған Қажымұқан әлем елдерін шарлап, қазіргі грек-рим күресі бойынша жекпе-жектерге шығып, дүниенің небір алып балуандарын жерге қаратқан. Оның қарсыластарының арасында Иван Поддубный, Иван Заикин, Иван Шемякин, Иван Корень, Вейланд Шульц, Гаккеншмид, Алекс Аберг, Георгий Лурих, Циклоп, Поспишил, Ципс, Чемберс, Поль Абс, Иван Яго, Станислав Зыбышко-Цыганевич сияқты жойқын күшті балуандар болған. Қажымұқан бабамыз Лебедевтің күрес мектебінде алты ай бойы жаттығып, кәсіпқой күреспен шұғылданғанда әлемнің 24 еліндегі жарыстарда алтыны, күмісі бар – барлығы 48 алқаны жеңіп алған екен. Ал бүгінгі еркін күрес “Америка күресі” деп аталып, сол бойынша белдесулерде оған тең келер қарсылас болмаған. Бірақ күрестің бұл түрі ол кездері, бүгінгідей құрметке бөлене қоймапты. Сондықтан Қажымұқанды грек-рим күресі бойынша көбірек ардақ тұтқан екен.

Орыстың ең даңқты балуанының бірі Иван Заикин Қажымұқанды әр кездесуде жиырма минуттың ішінде жығуға уәде беріп, бәске мол ақша тігіп, ақыры үш мәрте жеңе алмағаны аян.

Бір қынжыла отырып айтарымыз, ол жылдары күреске жұртшылықты ағыл-тегіл тарту мақсатымен Қажымұқанды “Қазақ” демей, “Жапониялық “Муханура” деген лақап атпен шығарады екен. Тіпті, орыс елінен әлем біріншіліктеріне жіберуге де ықылас қоймай, оны Иван Поддубныйдың араласуымен ғана қатыстырғанын Қажымұқан жайлы естеліктерінде Вейланд Шульц айтқан екен.

Қажымұқанның жанының жомарттығын пайдаланып кететін алаяқтар да болған. Солардың қатарында үнемі кездесетіндері – Балтық бойы елдерінің балуандары Георг Лурих пен Алекс Аберг екенін де оқып білген едік. Мысалы, студент кезімде оқыған “Алекс Аберг – загадка ковра” деген кітапта мұның мысалдарын кездестірген едім.

Олар, әдетте, жарыс басталып, он-он бес күн өткеннен кейін келіп, тыңнан қосылады екен. Цирк басшыларын сатып алатыны да ақиқат делінеді кітапта. Бұл уақытта қанша мықты дегенмен, Қажымұқан сияқты нағыз лайықтылар шаршап-шалдығады. Ал тыңнан қосылғандар жеңіске жетеді. Демек, оларға жүлденің үлкені, қаржының молы тиеді. Әділ, аярлыққа төзбейтін орыс балуаны Иван Корень және кейбір сол тектілер әлгіндей жағдайлардан соң цирктерден кетіп қалып жүрген. Ал Қажымұқан бұған амалсыздықтан көнуге мәжбүр болған. Өйткені, күрес – оның тұрмысының өзегі, күнкөрісінің көзі.

Қажымұқанның Қызылжарда жалшылықта болғанына он екілер шамасындағы кезімде естіген мына оқиға да көз жеткізер еді. Мен әкем Рамазан қайтыс болғаннан кейін сегіз жасымда анам, әпкем үшеуміз шешемнің алғашқы жұбайы Әбдірахманнан туған Аян ағамның қолына көшіп келдік. Ол кездері қазынаның үйі атымен жоқ, көбіне пәтер жалдап тұрдық. Сондай пәтеріміздің бірі бұрынғы Карл Маркс, бүгінгі Абай көшесінде болды. Ұмытпасам, бұл 1962 жылы. Бізге үлкен ауланың ішіндегі оңаша жеркепесін жалға берген адам Қызылжардың атақты саудагері Сәду ақсақал сол кезде сексеннен асқан. Бай, дәулеті тасып тұрған адам, әрі саудагер болғасын қора-қопсысы кең, тұрмысы нығыз, қысы-жазы қонақ арылмайтын үй еді. Әсіресе, қысты күндері ат-шаналы қонақтар ағылып келіп, түстеніп жатады. Сәкең өзінің менімен тетелес баласы Сансызбай екеуімізге үнемі ауланың қарын күретеді, қонақтардың қолдарына су құйдырады.

Осындай астың бірінде шал-шауқандар Қажымұқан жайында әңгіме айтқанда елең ете қалдым. Бақсам, Сәкең оны өзінің тоғыз-он жасында Қызылжарда көріпті. Масликовтың үйі осы біз тұратын Карл Маркс көшесінде болыпты. Бірақ нақ қай тұс екені есімде жоқ. Пайымдауымша, қазіргі Абай және Жамбыл көшелері түйіскен маң болса керек.

Қажымұқан 1948 жылы өмірден озған. Ол қазақ атын әлемге шығарған тұңғыш атақты кәсіпқой спортшы болғандықтан, Қазақстанның біраз елді мекендерінде оның атымен аталатын көшелер барын пайымдаймын. Осы ретте бұл қатарда біздің қаланың да болуы заңды емес пе? Ұлы балуанның өмірінің бір кезеңі Қызылжарда да өтті ғой. Сондықтан қаланың бір көшесін, мысалы, Ярослав Гашекті өзгертіп, оған Қажымұқан есімі берілсе, несі ерсі? Бұл көшеде спортқа дарынды балалардың облыстық мектеп-интернаты орналасқан. Оқу орнында жас балуандар тәлім-тәрбие алады. Бұл да оларға рухани күш-қуат бермей ме?!

Орыстың ең даңқты балуанының бірі Иван Заикин Қажымұқанды әр кездесуде жиырма минуттың ішінде жығуға уәде беріп, бәске мол ақша тігіп, ақыры үш мәрте жеңе алмағаны аян.

Бір қынжыла отырып айтарымыз, ол жылдары күреске жұртшылықты ағыл-тегіл тарту мақсатымен Қажымұқанды “Қазақ” демей, “Жапониялық “Муханура” деген лақап атпен шығарады екен. Тіпті, орыс елінен әлем біріншіліктеріне жіберуге де ықылас қоймай, оны Иван Поддубныйдың араласуымен ғана қатыстырғанын Қажымұқан жайлы естеліктерінде Вейланд Шульц айтқан екен.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp