Самат САПАРАЛЫ,
журналист.
Ауызсу елімізде, соның ішінде, өңірімізде де әзірше шешімін күткен мәселелердің бірі болып отыр. Осыған орай қабылданған “Ақ бұлақ” мемлекеттік бағдарламасы бұл олқылықтың орнын толтырмақ. Кешенді бағдарлама бірнеше жылға жоспарланған. “Ауызсу” бағдарламасы бойынша су елді мекендерге енгізілсе, жаңасының мақсаты – оны әр үйге жеткізу.
Шаховское елді мекеніне магистральдық су құбыры тартылғанымен, колонкалар жұмыс істемейді. Құдық суы қатпас үшін жабылыпты. Суы мөлдір. Әдеттегі судан айырмашылығы шамалы. Тұрғындардың сөзіне қарағанда, тәулік бойы бір қалыпты ағып тұр.
Судың сапасын ешкім тексеріп, сараптамадан өткізбеген. Дегенмен, ауыл тұрғындары тіршілік көзін Петропавлдан тасып ішкенді жөн санайды. Ал ауылдағы суды көбіне тұрмыстық қажеттіліктеріне пайдаланады.
Ал Тайынша ауданы Драгомировка ауылында 2007 жылы жерасты суымен қамтамасыз ететін нысан ашылған болатын. Бүгінде ол халық игілігі үшін қолданылмауда. Су құбырлары іске жарамды, нысан күзетіледі. Дегенмен, ауыл тұрғындары ішер суды қолдан қазылған құдықтардан алғанды жөн санайды. Өйткені, кейбірі суды сатып алуға қымбатсынады. Мұнда 1 фляга судың бағасы – 5 теңге. Енді біріне қыстың көзі қырауда суды алыстан тасу қолайсыз.
Ауылдық округтің әкімі Әдiлбек Өтеубаевты жұмыс үстінде таптық. Ол жұмысшылармен бірге электр желiсiндегi апатты жоюға білек сыбана кірісіп кетіпті.
Ауылдық округ әкімінің айтуынша, су жақсы, жұмсақ. “Бірақ, әр аулада қолдан қазылған құдықтар бар. Ал олардың суы шамалы тұзды болып келеді. Жұрт содан алып ішіп жатыр. Егер су тарату бекетін тарату желісіне қосатын болса, халық қуана қолданатын еді. Өйткені, мына аязды күнде су тарату бекетіне тұрғындардың суға баруы қолайсыз”, – дейді ауыл әкімі.
Драгомировка ауылындағы мектепте өткен жиында тұрғындар келелі мәселелерге тоқталды. Олар: ауыл шаруашылығы тауарларының төмен бағаға саудалануы, жемазықтың қымбаттығы, дәрі-дәрмекпен дұрыс қамтылмау, ғаламторға қосылу жылдамдығының төмендігі. Бүгінде бұл мекенде жылыту қазандығы жақсы жұмыс істеп тұр. Ондағы үйлердің 48 пайызы орталықтан жылытылады екен. Енді ауылға газ тартылып, ауызсу әр үйге енгізілсе екен деген армандары да жоқ емес.