Мектепте 5-6-сыныптарда оқып жүрген кезінде-ақ анасына қолқанат болғысы келген Евгений Панов жазғы каникул уақыттарында Петропавлдағы ботаникалық бақта жұмыс істеп ақша табуды әдетке айналдырады. Равиль Рязаповтың соңында жүріп өсімдіктерді баптаудың қыр-сырын меңгеріп, көздің жауын ала жайнаған гүлдердің құпиясына үңіліп, оларды зерттейді. Бала күнгі тиын-тебен табу үшін істеген жұмысы кейін оның дизайнерлік қабілетінің ашылуына түрткі болған. Содан кейінгі дизайнерлікке жол ашқан екінші жайт, үйіндегі қабырғаға кіріктіріп жасалған ескі шкаф болған. Оны бұзуға келмейтіндіктен, жаңа өң беруіне тура келеді. Осылайша, өз бойында дизайнерлік қабілет барын байқап, оны табыс көзіне айналдырған. Оның бүгешігесін Евгений Петровичтің өзінен сұрап білгенді жөн көрдік.
– 8 жылдан бері ландшафтық дизайнмен айналысып, қосымша табыс көзін тауып жүр екенсіз. Қалада жасаған дизайндарыңызды қай жерлерден көруге болады?
– Алғашқы жұмысым Мир көшесіндегі “Сокол” сауда үйінің алдынан басталған еді. Одан кейін “Топаз” зергерлік бұйымдар дүкені және “Айсберг” сауда үйінің аумағында қолтаңбам қалды. “Айсбергтің” аумағы бос жер болатын, сол жерге біраз еңбегім сіңді, негізін қалап, жасап бердім, одан кейін олар өздері күтіп-баптап әлі күнге дейін жақсы деңгейде ұстап келе жатыр. Қала көшелерінде жылт етіп пайда болған жаңаша безендірулерді көздері қырағы, әдемілікке құмар жандар бірден байқады. Осы жерлерде жасаған жұмыстарымды жоғары бағалаған қалталы азаматтар да табылды. Сөйтіп, мен дүкендер маңын абаттандырудан, коттедждер мен саябақтардағы үйлер маңын әсемдеуге ауыстым. Қазір біраз тәжірибе жинақтаған кезімде алғашқы жасаған еңбегімнен өзім кемшіліктер табамын. Жыл өткен сайын тәжірибең де, шеберлігің де шыңдала түседі. Аумағы көлемді жерлерде жұмыс істегенді тәуір көремін, өйткені дүкендердің маңайы тар, ойыңды әдемі, заман сұранысына сай етіп жасау үшін мүмкіншілік аз.
– Ландшафтық дизайн дегенді қалай түсіндіресіз? Дизайнер болу үшін не қажет?
– Ландшафтық дизайн дегеніміз қоршаған ортамен үйлесім тауып, айналаға жайлылық, әсемдік беру. Дизайнерлік жұмыс шығармашылықты, қиялыңның ұшқыр болғанын қажет етеді. Онда адамның төзімділігі, табандылығы сынға түседі. Бір жұмысты байыппен атқара алмайтын, тез жалығып кететін адамдардың дизайнерлікті қолға алмағаны абзал. Бір тегіс жазықта істеген жұмыс жүйкені тыныштандырады, ал жоғарыға қарай өрлеген сайын, алға ұмтылу сезімі баурайды. Дизайнер осы жағдайды теңгерімде ұстауы керек, бірдеңені тым асыра сілтеп те жібермеген дұрыс, онда жұмыстың нәтижесіне нұқсан келтіруің мүмкін. Ауланың әр шаршы метрі нақты дәлдікпен есептеледі. Гүлдермен аумақты әшекейлеу кезінде оларды бір жүйеге келтіріп, сәндеуді, бір гүлдің екіншісімен үйлесім табуын, оларды аулада өсірген кезде барлығына да баратын жол болуын қарастырамын. Қиялымда туындаған әсемдікті жүзеге асыру үшін көп ізденемін. Кітап-журналдардан, Интернеттен алып, солардан оқу арқылы білімімді толықтырамын.
– Сөзіңізге қарағанда, бұл әсемдік арзан бағаланбайтын сыңайлы. Тапсырыс берушілер бар ма?
– Қазір Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны жақсы. Жылдан-жылға қаламыздың өзінде бай азаматтар көбейіп, олардың талғамдары да, сұраныстары да артып келеді. Алғаш айналыса бастаған кездегі тапсырыстар қарапайым, аса қымбат болмайтын, қазір олар жасаған жұмысыңды жақсы бағалайды, ақшаларын аямайды. Өйткені, сол аулада тұрады, қонақтарын қарсы алып, өздері демалады, балаларын, немерелерін тәрбиелейді. Сондықтан қазіргі іскер азаматтар өздері үшін, ұрпақтары үшін жайлылық жасап жатқандарын, соған қаражат салып жатқанын толық түсінеді. Үйге кірмей тұрғандағы алғашқы әсер оның ауласынан басталатынын біледі.
Дизайнердің жұмысы оның жобасын жасаудан басталады. Алдымен жұмыс жасалатын орынды барып көріп, онда істелетін тапсырыстың көлеміне қарай бағасын белгілейсің. Қожайындардың төлем қабілеттеріне қарай жобаны да соған лайықтап жасаймын. Кейбіреулері ақыл-кеңес сұрайды, оған бір сағат уақыт бөлсең – 5 мың, тек жобасын жасап берсең – 3 мың теңге. Нақты ландшафтық дизайн жасасаң, жұмыс көлеміне қарай 2 мың доллардан басталады.
– Дизайн жобасын тапсырыс беруші ұсына ма, әлде оны өзіңіз жасайсыз ба? Жоба жасау кезінде нені ескересіз?
– Қожайынмен жұмыс істей бастаған кезде олардың мінез-құлқын да ескерген жөн. Ерлерге тез істелгені керек. Ал әйелдер оның нәтижесіне, нәзіктігіне, жайлылығына назар аударады. Ауланы көбіне әйелдер баптайтын болғандықтан, солардың қалауына ерекше назар аударамын. Олардың психологиясын зерттей бастайсың. Жұмыс істейтін жердің жобасын жасай бастаған кезде, сол жерге бірнеше рет барамын. Сол аумақты толығымен өз санамнан өткізіп, салмақтаймын. Жасаған дизайн қоршаған ортамен де үйлесім табуын қадағалаймын. Жоба жасау кезінде қоршаудың сыртында тұрған бағандар, тіпті сол аумаққа енбейтін үйдің шатырында, сыртында, т.с.с. көріністі бұзатын басқа да дүниелердің байқалмауын ескеремін. Көбіне өзімнің жұмысымды көзімді жұмып жүріп тексеремін, егер көзімді жұмған қалпымда ештеңеге соқтықпасам, шалынбасам, демек, қожайынның жүріп-тұруына жайлы деп білемін.
– Өзіңіздің негізгі мамандығыңыз кім? Дизайнерліктен басқа жұмыс істейсіз бе?
– Негізгі мамандығым – химия-биология пәндерінің мұғалімі. Өзіміздің педагогикалық институтты бітіргеннен кейін 5 жыл химия-биология пәндерінің мұғалімі болып №32, №21 мектептерде жұмыс істедім. Еліміз қиын кезеңдерді басынан кешкен кезде өзімді түрлі салада сынап көрдім. Адамның шығармашылықпен жұмыс істегенін, өз ісінің кәсіби шеберлерін, мейлі ол электрші немесе дәнекерлеуші болсын, таза өз еңбегімен нәпақа табатындарды жақсы көремін. Сондықтан мен де адамдарды сүйсіндіретін, жасаған заттарымды көріп жандары рахат табатын, қажетті дүниемен айналысуды жөн көріп, дизайнерлікті таңдадым. Шығармашылықтың адамы болғандықтан, айналамнан іліп алар, түбінде өзімнің бір қажетіме жаратар штрихтарды қарап жүремін. Бау-бақшашылардың өтінішімен “Веснянка” бау-бақша қоғамының төрағасы болып жұмыс істеймін. Өсімдік әлемі жаныма жақын болғандықтан, бұл жұмысым өзіме ұнайды. Төраға болып істеген алты жылдың ішінде иесіз қалып, үйлері қирап, бұзып әкетіп жатқан бау-бақша қоғамын қайтадан қалпына келтірдік. Күзет қойдық, жарық бердік, су тарттық, автобус қатынасын реттедік. Қазір онда адамдар саяжайлар салып, белсенді жұмыс істеуде. Мен осы бау-бақша қоғамын қалпына келтіруге сіңірген еңбегімнің далаға кетпегенін мақтан етемін.
– Алдағы жоспарларыңыз қандай?
– Дизайнерлік жұмыс қазіргі кезде өте сұранысқа ие. Қазір қала бойынша ландшафтық дизайншы жоқ деп айта аламын. Өзіңнің бәсекелестерің болмаса, тоқырап қаласың, шығармашылық өсу болмайды. Жасым ұлғайған сайын өзімнің білгенімді қызығушы жандар табылып жатса, үйретсем деймін. Дизайнерлік – жастардың жұмысы. Олардың өмірге көзқарастары, идеялары жаңаша. Оны меңгерсең, өмір бойғы азығың. Бұл өнер әркімге жайлылық пен рахат сыйламаса, ешкімге зиян келтірмейді. “Өнерді үйрен де, жирен” деген бар, оны үйренуден жалықпайық дегім келеді.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.