«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАР БОЛСЫН, БАҺАДҮР ТҰЛҒАМЫЗ!

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бүгінде Қазақстан озық ел, озат мемлекет атанып, әлем картасына өзінің мәңгілік белгісін салды. Тәуелсіздік таңбасын! Жұмыр жердің иен бөлігін иемденіп, жер көлемі жағынан дүниежүзі бойынша тоғыздыққа табан тіреген Қазақстан “көшпелі” деген ұғымды тапжылтпай басып, Тәуелсіз Қазақстан Республикасы деген мәртебелі атақты бұдан аттай жиырма жыл бұрын күллі адамзаттың санасына құйды. Бұл бақыттың алтын тамыры Азаттықта жатыр. Аңсап күткен азаттық. Әке болып тебіреніп, ана болып еміреніп күткен күн. Бесік жырымен бойға тарап, ананың ақ сүтімен қанға сіңген ұлы сөз.

Ернар СЕЙДІМБЕКОВ,

 облыстық әділет департаментінің бастығы.

ХХ ғасырдың соңғы онжылдығында елтаңба қадап, жалау желбіреттік. Жеңіс туы алаш жұртының абзал перзенті, халқы таңдаған қаһарман, елі таңдаған ер тұлға Нұрсұлтан Назарбаевтың қолында желбіреді! Сол күні желтоқсан – жазға, жанымыз – сазға, әніміз назға айналды. Әз Алматының қысқы аспанын көмкерген көгілдір тұманның өзі кейін көгілдір Ту болып, көкке самғады.

 

Сонда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың көкейінде тұрған алғашқы сөз: “Отандастарымнан бөлек уайымым да жоқ, олардан бөлек қайғым да жоқ. Нені болса да елмен бірге көремін, елмен бірге төземін, елмен бірге жеңемін”, – деген сөз екеніне ешкім де шүбә келтірген жоқ. Бұл әрі қарапайым, әрі жан тебірентерлік сөзді Елбасымыз күнде айтып келеді. Ісімен, шешімімен, бастамасымен, қамқорлығымен, қызметімен. Айта да береді. Өйткені, бұл сөз – оның адамдық, азаматтық, қайраткерлік кредосы. Елбасылық, Көшбасшылық тұжырымы. Перзенттік парызы, Азаматтық қарызы.

Осы жиырма жыл Елбасы үшін оңай болды деп ешкім де айта алмайды. Тіпті, саяси оппоненттері де. Саясатты саудаға салып, ұпай жинаймын деп жүрген азаматтың да Елбасы бітірген ұланғайыр іс, ұлағатты шаруа, ұлы тірлікті мойындамасқа әдісі жоқ. Елбасымыз жүргізіп келе жатқан сындарлы саясаттың мәні мен мақсатын жүрекпен ұғынып, тілекпен түсініп, тізе қосып, Мемлекет басшысымен бір сапта келе жатырмын деп көңілін бірлей алады. Шын мәнінде еңбек ендіктері мен береке бойлықтарында қайнаған қызу еңбек – Тәуелсіздіктің тынымсыз қайнап жатқан қазаны. Ырысы мол, ырыздығы жоғары, ықыласы ашық қазан. Іргетасы мықты ғимараттың қашанда еңсесі биік, түтіні түзу болатыны әлімсақтан белгілі. Қазақстан атты алып ғимараттың іргесін бекітіп, реңін ашып, керегесін жайып, кемелін танытып, түндігін түзіп, табысын көбейтіп, белдеуіне бес құрлықтың көлігін байлаған Елбасымыздың ерен істерін дос қоштап, дұшпан мойындап, алысжақын алғаусыз пікір білдіреді. Әрбір қазақстандық бұл пікірді өзіме айтылған өрелі сөз, өнегелі лебіз, өрісті мадақ деп қабылдауы артық болмайды.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың осынау жиырма жылдық кезеңде атқарған жасампаз істерінің жылнамасын түзгенде, ел өмірінің барлық салалары – экономикалық, қоғамдық-саяси, ішкі-сыртқы саясаттағы сындарлы табыстары тілге тиек етіледі. Тұңғыш Президентіміздің жүзеге асқан идеялары мен жобалары әлемде зор бағаланады. Әлемдік деңгейдегі саясаткерлер, зияткерлер мен бизнесмендердің айтқан сөздерін қорытындылайтын болсақ, біздің Елбасымызға “Қазіргі заманның көрнекті Көшбасшыларының бірі” деп анықтама беруге болады. Бұл – қазіргі кезде бұлтартпас ақиқат.

Тәуелсіз Қазақстан халқын жиырма жыл бойы бейбітшілік пен ынтымақта талмай бастап келе жатқан Ұлт Көшбасшысы, Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың халқымызды, мемлекетімізді жаңғыртып, жаңартудағы ерен еңбегі мен халыққа адал қызмет етуін бағалайтын күн жетіп отыр. Ал ең басты баға – Мемлекет басшысына өз халқының берген бағасы. Елбасы өңірлерді аралаған кездегі халықтың оған деген ықылас-ниетін, қалың жұртты қақ жарып келе жатқанда халықтың көз жанарында тұнған алғыс пен шынайы сенімді байқауға болады. Әрбір қазақстандықтың жүрегіндегі Елбасыға деген ыстық лебізін білдіріп, құрмет көрсетіп, мақтан тұтатын күн бұдан былай желтоқсанның 1-ші жұлдызы болмақ. Бұл күн – баршамыз бір болып, бірлігіміз жарасып мерекелейтін, Көшбасшымызға деген алғысымызды, жүрекжарды ілтипатымызды білдіретін ерекше күн.

“Бұл дүниеде біздің бір ғана Отанымыз бар, ол – Тәуелсіз Қазақстан” деген ұлағатты сөздің авторы, жаңа тұрпатты мемлекет орнатып, жер жүзіне оны толық мойындатып, әлемдік деңгейдегі көшбасшылық биіктікке көтерілген Тұлға – Сіз бен біздің Елбасымыз – Нұрсұлтан Назарбаев. Әлемде Қазақ елі біреу, оның Көшбасшысы біреу.

Бар болсын, баһадүр Тұлғамыз!

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp