«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БЕРЕКЕ мен БІРЛІК – ЕГІЗ ҰҒЫМ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақстанның басты жетістігіне айналған қоғамдық келісім елдің нәтижелі әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси дамуының кепіліне айналды. Бұл бағытта Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясының да қосып отырған үлесі зор. Осыған орай Тәуелсіздік күні қарсаңында облыстық ассамблея хатшылығының меңгерушісі Елена Мезёвамен кездесуді жөн санадық.

– Елена Николаевна, бүгінгі таңда тұрақтылық, бірлік, жаңғырту ұғымдары зор маңызға ие. Осы бір құндылықтарды сақтауда қандай жұмыстар жүзеге асырылуда?

 

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың кемеңгер саясаты елімізде этностық ерекшелігіне, әлеуметтік, діни және өзге де шығу тегіне қарамастан, жас мемлекеттің барша азаматтарының ұйысуына негіз болды. Барша этнос бір атаның баласындай бейбіт тұрып жатқан байтақ даланың береке мен бірлікті егіз ұғымдар деп түсінуі елдің болашағын айқындап тұр.

Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы 22 этнобірлестіктен құралған. Олардың жанында 11 жастар клубы бар. Ал аудандарда 95 бірлестік жұмыс істейді. Тұңғыш Президент күніне орай облыстық ассамблея қабырғасында түрлі танымдық шаралар ұйымдастырылуда. Оларды өткізуге аға буын ғана емес, жастар да атсалысып, белсенділік танытуда. Мысалы, жуырда украин этномәдени бірлестігі кейінгі буынға Елбасының жастық шағы туралы шара өткізді. Осындай танымдық шаралар күн сайын ұйымдастырылуда. Қараша айында Қызылжар өңірі “Достықтың жол картасы – 2012” мегажобасының эстафетасын Ақмола облысынан қабыл алды. Елбасымыз, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев қолдаған “Достықтың жол картасы – 2012” мега-жобасы Шығыс Қазақстан облысында жалауын көтергені көзі қарақты қауымға белгілі. Елдің бірлігін ұрандаған эстафетаны біздің өңір жуырда Қостанай облысына табыс етті. Осы шара барысында облыстық ассамблеяның 100-ден астам өкілі Қостанай облысына барып, өз өнерлерін көрсетті. Сондай-ақ тәжірибе алмасып, облыс орталығындағы №17 ұлттық өркендеу мектеп-кешенінің таныстырылымын өткіздік.

– Елбасы Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІХ сессиясында сөйлеген сөзінде: “Бізге Ассамблеяның өңірлердегі жұмысын сапалық тұрғыда күшейту қажет”, – деген болатын. Аталмыш жұмыс соның негізінде қолға алынған болар?

– Иә, Елбасының бұл тапсырмасы түрлі үлгідегі шаралар негізінде жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда “Халықтық IPO” жобасын насихаттаудамыз. Сонымен қатар “Нұр Отан” ХДП-ның облыстық филиалымен бірлесіп, Елбасының: “ХХІ ғасырдағы табысты экономика – әлеуметтік жауапкершілік пен әділеттілік экономикасы. Біздің халық экономиканы жаңғыртуға белсенді атсалысуда және бүкіл жұмыс берушілер тарапынан әділетті қарым-қатынастар күтеді” деген ойын жүзеге асыру үшін қоғамдық бақылау жөніндегі жұмыстарды атқарудамыз. Ассамблеяда ғылыми-сараптамалық топ, журналистер клубы жұмыс істейді. Ғылыми-сараптамалық топ жастарға арнап әдістемелік кітаптар шығаруда. Алдағы уақытта көшпелі облыстық жастар форумын өткіземіз. Сол кезде аудандардағы әріптестерімізге тарататын боламыз. Ал журналистер клубы жергілікті БАҚ-та этносаралық бірлік туралы жарияланған ақпараттың сауатты жеткізілуін бақылайды.

– Ал ауылдық жерлердегі этнобірлестіктердің жұмысының сапасы қандай деңгейде?

– Ауылдағы этнобірлестіктердің жұмысы жайлы мақтаудан басқа ештеңе айта алмаймыз. Олар белсенді. Жамбыл, Есіл, Уәлиханов және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандардағы этнобірлестіктер жоғары деңгейде жұмыс істейді. Ауылдағы этнобірлестіктер мемлекеттен көмек не қолдау күтпейді. Өздерінің ұлттық салт-дәстүрлерін сақтау жұмысын өз күштерімен жүзеге асыруда.

– “Ауыл жастары”, “Дипломмен – ауылға!” және “Жасыл ел” жалпыұлттық жобалары, “Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламасы аясында “Жастар тәжірибесі” сияқты бағыт табысты жүзеге асырылды және асырылуда. Бұл жұмыстан Қазақстан халқы Ассамблеясы да шет қалмауы тиіс, деген болатын Елбасы. Облыстық ассамблея жанындағы 11 жастар клубының жұмысы қазіргі талапқа сай ма?

– Облыстық ассамблея Елбасының барлық ойлары мен бастамаларын, мемлекеттік саясатты қолдап, жүзеге асыруға әзір. Қазіргі таңда аға буын өкілдері ассамблеядан біртіндеп кетіп, олардың орнын жастар басуда. Сол себепті біз жастардың белсенді жұмыс істеуін қадағалаудамыз. Этнобірлестіктердің жанындағы жастарды облыстық ассамблея қабырғасында өтіп жатқан барлық шараларға қатыстырып, қоғамдық жұмыстарға жан-жақты тартудамыз. Олардың бастамаларын, ұсыныстарын қолдап отырсақ, жастар шабыттанып, өз белсенділіктерін көрсетеді. Мысалы, қазір жастар Тәуелсіздік күніне арнап фестиваль өткізуге дайындалуда. Біз олардың мұндай белсенділіктеріне ризамыз. Бұрын осындай шаралар аға буынның жетекшілігімен өтсе, биыл жастар Тәуелсіздік күні сияқты айтулы мерекені атап өтуді өз қолдарына алды. Белсенді жастар әр этнобірлестікте бар. Біздің міндетіміз – олардың деңгейін көтеріп, көзқарасын қалыптастырып, дұрыс бағытқа жөн сілтеу. Мемлекеттің жастарға қатысты жүргізіп отырған саясатын білсін, көрсін, түсінсін деген оймен жуырда өткен облыстық жастар форумына этнобірлестіктердің жастарын арнайы шақырдық. Себебі, олар болашақта қоғамдағы облыстық ассамблеяның мүшелері тек ән айтып, би билеумен ғана айналысады деген түсініктен арылулары қажет. Қазіргі таңда Қазақстан халқы Ассамблеясы осы бағытта талай жұмыс атқаруда. Ассамблеяның өңірлердегі филиалдары қоғамдық қана емес, әлеуметтік жұмыстарды да жүзеге асыруға атсалысуда.

– Әлеуметтік жұмыс демекші, Сіздер үстіміздегі жылы әр ауданда қолөнерді дамытуға қатысты “дөңгелек үстел” ұйымдастырдыңыздар. Сол жұмыстың нәтижесі қандай?

– Әр ауданда аталмыш шараны өткізу барысында зерттеу де жүргіздік. Яғни, облысымызда қолөнердің қай түрі дамыған, қандай қолөнершілер мемлекеттің қолдауына мұқтаж деген сияқты маңызды сұрақтарға жауап іздедік. Мысалы, сауалнамаға қатысқандардың 41 пайызы кесте тігумен шұғылданғанды ұнатады. Ал өз аудандарында қолөнердің даму деңгейі жоғары дегендер тек 22 пайызды құрады. Сауалнамаға қатысқандар қолөнердің мұндай мүшкіл халін ұйымдастыру мен оқыту жұмысының нашарлығымен, техникалық және материалдық базамен қамтылу мәселелерімен байланыстыра айтты. Осы орайда қолөнершілердің 59,7 пайызы мемлекеттен қолдау күтеді. Облыстық ассамблея бұл мәселелерді жан-жақты зерттеп, алдағы уақытта осы бағытта нәтижелі жұмыс істеуді жоспарлап отыр.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Арайлым СМАҒҰЛОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp