Кеше Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында өңір активінің Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Қазақстан – 2050” Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты” атты Қазақстан халқына Жолдауын талқылауға арналған жиналысы өтті.
Арайлым СМАҒҰЛОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
– Жолдау – тарихи маңызы бар стратегиялық құжат. Биылғы Жолдау экономиканы нығайту мен халықтың әл-ауқатын арттыру бойынша жаңа міндеттер қоюмен ерекшеленді. Бағдарламада елімізді одан әрі әрбір отбасының, азаматтың жағдайын жақсарту, халқымыздың тыныштығын қорғау жолдары нақты аталып көрсетілген. Президент еліміздегі жұмыссыздықты жою, ауылды жандандыру, білікті мамандарды даярлау мәселесін көтерді. Жолдаудағы әр 10 бағыттың бәрінің де зор маңызы бар, – деген облыс әкімі Серік Біләлов олардың біздің өңіріміздің өсіп-өркендеуімен байланысты тұстарына тоқталды.
Жаңа бағыттың экономикалық саясаты – пайда алу, инвестициялар мен бәсекеге қабілеттіліктен қайтарым алу принциптеріне негізделген экономикалық прагматизм болса, бүгінде осыны жүзеге асыруда өңіріміздің әлеуеті жеткілікті. Өңірімізге инвестиция тарту 1997 жылғымен салыстырғанда 36 есеге артқан. Алайда, бұл көрсеткіш әлі де төмен, деді облыс әкімі.
Макроэкономикалық саясатты жаңғыртуда бюджет қаржысын үнемдеуге аса мән берілуде. Бұл орайда өңірімізде республикалық бюджеттен бөлінген қаржының 1,7 миллиард теңгесі игерілмеген. Жылдың қалған уақытында оның көлемін барынша қысқартуға күш салынбақшы. Ал облыстық мәслихаттың шешімімен өңіріміздің ендігі жылғы бюджеті 104,9 миллиард теңгені құрап отыр. Келесі жылдың бюджетінен инфрақұрылымды дамытуға қыруар қаржы бөлінбекші. Осы орайда “Астана-Петропавл-РФ Қорған облысымен шекарасы” транзиттік дәлізін қайта қалпына келтіру басталса, 323 км. республикалық, 600 км. жергілікті маңызы бар жолдарды жөндеу қолға алынды. Толық мемлекет меншігіне өткен Петропавл халықаралық әуежайын қайта қалпына келтіруге 5,3 миллиард теңге қарастырылған. Өңіріміз экспортқа бидай, ұн, металл және одан жасалған өнімдер, электр өткізбейтін және құрылыс материалдарын шығарады. Инвестиция тартуға да және технология трансферті болуға әбден лайық өңіріміз 70 елмен ынтымақтастық қарым-қатынас орнатқан.
Жекеменшік компанияларды зерттеу мен инновациялық жұмыстарға қаржы салуына талпындыру барысы да сөз болды. Бұл да олқы тұстарымыздың бірі. Табиғи ресурстарды басқарудың жаңа жүйесін енгізу қажеттілігі де айтылды. Бүгінгі таңда өңірімізде 286 кен орны болса, оның 34-і – металл, 217-сі – құрылыс және технологиялық шикізат, 33-і – жерасты суы. Осы орайда Ақжар ауданында қоры 10 миллион тонна құрылыс тастарының кен орны бар екендігін атап өткен жөн. Бұл жаңа өндіріс орындарын ашуға зор мүмкіндік береді. Серік Біләлов Елбасының 2050 жылға қарай елде энергияның баламалы және жаңғыртылатын түрлерін қоса алғандағы барлық энергияны тұтынудың кем дегенде тең жартысы келуге тиіс деген тапсырмасын “Зенченко және К” КС-і қазірдің өзінде жүзеге асырып жатқандығын тілге тиек етті.
Сондай-ақ облыс орталығында көшелерді жарықтандыру үшін күннен қуат алатын батареялар орнатылғандығына тоқталды. Өңірімізде Есіл өзенінде бұл мақсатта жұмыс істейтін “Казводхоз” шағын су электр стансасы бар. Алдағы уақытта “Қазақтелеком” АҚ аудандардағы өз құрылғыларын электрмен қамтамасыз ету үшін 3 жел-күн электрқондырғыларын пайдалануға енгізбек. Мұны өзге ұйымдарға үлгі еткен өңір жетекшісі осы жылы ағаш өңдейтін ұйымдардың қалдығымен, тіпті, сабанмен жағылатын тиімді қазандықтар енгізу жұмысы басталғанын айтты. Елбасының индустрияландырудың жаңа кезеңі жайындағы тапсырмасына сай, бүгінде өңірімізде шикізаттық емес тауарларды экспорттау көлемі 32 пайызды құрап отыр. Ауыл шаруашылығы саласында ауқымды жаңғырту жұмыстарын жүргізу бойынша, өңіріміз жыл сайын рекордтық көлемде астық жинағанымен, оны қайта өңдеу жұмысын жетілдіру қажеттігі айтылды. Кәсіпкерлікті – ұлттық экономиканың жетекші күшін жан-жақты қолдау бағытында өңірімізде шағын және орта кәсіпкерліктің үлесі 25 пайызды құрап отыр. Оны 2015 жылға дейін 75 пайызға жеткізу жоспарлануда. Отандық өндірушілерді қолдауға айтарлықтай көмек болған “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы барысында атқарылған жұмыстар да айтылды. Әлеуметтік саясаттың жаңа принциптері – әлеуметтік кепілдіктер және жеке жауапкершілік бойынша өңірімізде мүмкіндігі шектеулі адамдарға ерекше көңіл бөлінуде. Оларды барлық түрдегі кәсіпорындарда жұмысқа тұрғызу үшін 3 пайыздық квота қарастырылған. Гендерлік саясатқа тоқталып, әйел затына құрметпен қарау қажеттігі айтылды. Денсаулық сақтау мен спорт, білім беру саласындағы жағдайлар да сөз болды. Қазір облыста 4 аудандық емхананың құрылысы қолға алынуда. Қан айналым жүйесі бойынша өлім деңгейі 1,5 есеге азайған. Осыны тілге тиек еткен облыс әкімі ауылдан келген науқастарды облыс орталығындағы ауруханалардың еш себепсіз әуре-сарсаңға салып, қалтасын қағатындығын айтып, мұны тексеру үшін арнайы комиссия құрғандығын жеткізді. Егер бұл нақтыланса, денсаулық сақтау саласы мамандарына қатаң шаралар қолданылады, деді Серік Біләлов.
Спорт саласының инфрақұрылымын жетілдіру үшін үстіміздегі жылы қаржыландыру көлемі 12,5 пайызға артқан. 2200 спорттық ғимарат бар. Аудандарда 30 стадион салынып, қайта қалпына келтірілді.
Білім саласында бүлдіршіндерді мектепке дейінгі білім берумен қамту мәселесін шешуде “Балапан” бағдарламасының қосып отырған зор үлесіне тоқталған өңір басшысы бүгінде аталмыш ұйымдардың саны 227-ге көбейіп, балаларды балабақшамен қамту пайызы 52-ден 85-ке дейін өскенін айтты. Алайда, Петропавл қаласындағы жағдай әлі де күрделі – 9000 бала кезекте тұр. Осы ретте жергілікті кәсіпкерлер тарапынан ынта шамалы. Білім саласында ауыл шаруашылығы мамандарын даярлау үшін ашылғалы отырған Есіл аграрлық-техникалық жоғары оқу орнының маңызы зор, оның материалдық-техникалық базасын нығайту үшін атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Облыс әкімі баяндамасында мемлекетті одан әрі нығайту және қазақстандық демократияны дамыту, дәйекті және болжамды сыртқы саясат – ұлттық мүдделерді ілгерілету мен аймақтық және жаһандық қауіпсіздікті нығайту, жаңа қазақстандық патриотизм – біздің көпұлтты көпкон-фессиялы қоғамымыз табысының негізі деп аталатын бағыттарға да тоқталды.
Мұнан кейін мінбеге көтерілген Қазақстанның Еңбек Ері, “Зенченко және К” КС-нің бас директоры Геннадий Зенченко энергия үнемдеудегі қолға алған бастамасына тоқталып, мал шаруашылығын дамытудағы өз ойын жеткізді. Ол 400 басқа арналған мал шаруашылығы кешендерін салып, 20 миллион долларға шығынданғанша, асыл тұқымды ірі қараны жеке секторға таратып беру қажет, деді. Бұл ойын өзі де жүзеге асыру үстінде. Ынта танытқан үлескерлеріне асылтұқымды ірі қараны таратып берген.
Ақжар ауданының әкімі Ағзам Тастеміров Елбасының Жолдауда берген тапсырмаларын жергілікті жерде орындауға дайын екендіктерін айтып, бүгінгі әлеуеттеріне тоқталды. Ауданда 50-ге жуық жоба жүзеге асырылып, 200-ден астам жаңа жұмыс орны ашылған. Ал Солтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы, Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның “Ақселеу” ЖШС-нің директоры Серік Малаев ауылдағы ағайынның жағдайын жақсартып, елді мекендерді көркейту үшін қолдан келгендерін жасап отырғандығын жеткізді. “Асыл мұра” орталығының жетекшісі Таңат Сүгірбаев, “Жас Ұлан” ұйымы облыстық филиалының төрағасы Рүстем Есенбергенов сынды аға буын мен жас ұрпақ өкілдері де өз ойларын жеткізіп, “Қазақстан – 2050” Стратегиясын жүзеге асыруға аянбай атсалысатындықтарын мәлімдеді.