«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖОЛДАУДЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ ЖОСПАРЫН БЕКІТТІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Кеше “Нұр Отан” халықтық демократиялық партиясының Солтүстік Қазақстан облыстық филиалы саяси кеңесі бюросының мәжілісі өтті. Өңір басшысы, облыстық партия филиалының төрағасы Серік Біләлов жүргізген бюро мәжілісінде Қазақстан Республикасының Президенті – Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2012 жылғы 14 желтоқсанда Қазақстан халқына арнаған “Қазақстан – 2050” Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты” Жолдауын жүзеге асыру жөніндегі шаралар жоспарын бекіту туралы мәселе қаралды.

Тоқтар ЗІКІРИН,

“Солтүстік Қазақстан”.

– Елбасы Жолдауында 2050 жылы республиканың қол жеткізуге тиіс басты мақсаты – экономикасы дамыған және жалпыға ортақ еңбек мүмкіндіктері мен күшті мемлекет негізінде берекелі қоғам құру болып табылады делінген. Осы өте маңызды бағдарламалық құжат бізден Жолдауды жүзеге асыру бойынша жаңа, белсенді қадамдарды талап етеді, – деді бюро мәжілісін ашқан өңір басшысы. Одан кейін облыстық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қайрат Пішенбаев сөз алып, саяси кеңестің бюро мүшелерін Жолдауды жүзеге асыру жөніндегі шаралар жоспарымен таныстырды. Жоспардың ұйымдастырушылық, ақпараттық-насихаттық және сараптамалық үш бөлімнен тұратыны айтылды, олар бойынша атқарылатын нақтылы жұмыс бағыттары көрсетілді. Бюро мүшелері шаралар жоспарымен танысқаннан кейін өңір басшысы Серік Біләлов “Жас Отан” жастар қанатының атқарушы хатшысы Сәкен Жәкеновке осынау жауапты іске жастарды молынан тартуға, бір айдың ішінде облыстың барлық аудандарында партияның жастар қанатын құруға міндет жүктеді. Бұл жұмысты облыс орталығындағы ірі өнеркәсіп кәсіпорындарында жандандыруды тапсырды.

 

Бюро мәжілісінде облыстық мәслихаттың хатшысы Қайырлы Едіресов сөз алып, ауыл жастарының назардан тыс қалмауы қажеттігін айтты. Жолдауды жүзеге асыру жоспарының нақтылығын және міндетті түрде іске асырылуы керектігін ескерткен партия филиалының төрағасы барлық бюро мүшелерінің және ақпараттық-насихаттық топтағы белсенділердің маңызды буындарға бекітілуін талап етті. Партия филиалының жаңа жас орынбасары Арман Бердіғұловқа Шал ақын, Тимирязев және Ғ. Мүсірепов атындағы аудандарда Жолдау бойынша жүзеге асырылатын істерге тікелей ықпал етуге тапсырма берді. Мәжілісте қала әкімі Болат Жұмабеков алдағы жылдан бастап молынан қаржыландырылатын барлық дамыту бағдарламаларын толық игеру қажеттігі мәселесін көтерді.

Бюро мәжіліс барысында айтылған ұсыныстар мен толықтыруларды есепке ала отырып, Жолдауды жүзеге асыру жөніндегі шаралар жоспарын бекітті.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp