«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МЕН – ЕГЕМЕН ЕЛДІҢ ЕРТЕҢІМІН!

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ақмарал ЕРСАЙ,

М. Жұмабаев атындағы Петропавл

гуманитарлық колледжінің 1-курс студенті.

Адам адам болып жаралғаннан бері, даму көшінің өн бойында жер үшін, ел үшін сан қилы дүрбелеңдер көп болған. Әдетте, осындай дүрбелеңдерден, яғни қанқұйлы соғыстардан соң ғана әлем картасы аталатын ала қағаз бетіне түзетулер түсетін. Ал ХХ ғасырдың соңында әлем картасының келбеті ешқандай дүрбелеңсіз-ақ өзгеріп шыға келді. Оған жер жаһанның алтыдан бір бөлігіне иелік етіп, қаһарымен алыс-жақын елдердің бәрін ықтырып келген алып империяның ыңшыңсыз ыдырауы себеп болды. 15 тәуелсіз мемлекет өсіп шықты. Солардың бірі Орталық Еуразия алабындағы ғажайып әрі қайталанбас тарихы бар Қазақстан Республикасы еді.

 

Халқымызға ғасырлар бойғы арман болған тәуелсіздік, егемендік ұстанымдарын биікке көтеретін Тәуелсіздік күні – біздің Отанымыздың әрбір азаматы үшін қастерлі мереке. Азаттық аңсаған елдің түпкі мақсаты орындалып, бүгінгі Қазақстан Республикасы өз Тәуелсіздігін бұдан 21 жыл бұрын жариялаған болатын. Бұл мереке күнтізбеде “Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы” Конституциялық Заңының 1991 жылы 16 желтоқсанда қабылдануына байланысты тұрақты түрде аталып өтіледі.

Бізді бұл күнге дейін жеткізген ұмытылмас оқиғалар: ұлт-азаттық көтерілістері, қантөгістер өшпес өнеге, өлмес мұра ретінде есте сақталуға тиіс. Мұндай оқиғалар 1986 жылдың 16 желтоқсанындағы көтеріліске дейін жалғасты. Тәуелсіздік күнінің оңайлықпен келмегенін білеміз.

Еліміздің тыныштығы мен қауіпсіздігі, көпұлтты Қазақстан халқының жарастығы мен ынтымақтастығына Президентіміздің жүргізіп отырған парасатты да көреген саясатының арқасында қол жеткізіліп отыр. Қазақстан халқы өз болашағына нық сенімді. Сондықтан бұл күн жас мемлекетіміз үшін елдіктің, ынтымақтастық пен татулықтың, сонымен қатар өткенге деген тағзымды салауат пен болашаққа деген сенімнің мерекесі болып табылады. Ата-бабаларымыздың алдында тәуелсіздік үшін күресу мақсаты тұрған болса, біздің алдымызда оны нығайта түсу міндеті тұр.

Отан… Атамекен… Атажұрт… Тарих… Бұл – қай құлаққа да асқақ естілер асыл ұғымдар. Адам есейген сәттен өз Отанының тарихына ден қоя бастайды… Оның дамуына қандай да бір үлесімді қоссам дейді. Ендеше неге талпынбасқа? Отан үшін отқа да, суға да түскен батыр аға-апаларымыздан неге үлгі алмасқа? Сонау Ұлы Отан соғысы кезіндегі Бауыржан, Рақымжан, Әлия мен Мәншүктер халқының басына түскен ауыртпалыққа көз жұма қарап отырмай, “алға” деп ұрандаса, күні кеше ғана болып өткен желтоқсанның құрбандары Қайрат, Ләззаттар да ел үшін жанын пида еткен, елін сүйген, елі сүйген алаштың адал перзенттері. Солардың арқасында тәуелсіз атанып, көк аспанның астында бейбіт өмір сүрудеміз. Елтаңбамыз төрден ойып тұрып орнын тапса, Әнұранымыз талай шырқалып, көк Туымыз биікте самал желмен тербеліп тұр. Осынау аз ғана уақыт ішінде көптеген жетістікке қол жеткіздік. Алда әлі талай шыңдарды бағындырарымызға кәміл сенемін. Себебі, біздің халқымыздағы атамекенді ардақтау сезімі өте терең, олар үшін туған жерді қасиет тұту – қанға сіңген мінез, ежелгі дәстүр. Бұл біздің жанымызға ана сүтімен тараған, ана сүтімен дарыған.

Мен – жаңа ғасыр, жаңа мыңжылдықтың жас ұрпағы, егемен елдің ертеңімін. Сондықтан “Сен де бір кірпіш дүниеге, Кетігін тап та бар қалан” деп Абай атамыз айтқандай, жас, тәуелсіз мемлекетіміздің кірпіші болып қаланып, ата-баба ерлігі мен рухынан нәр алып, Отанымның өркендеп өсуіне бар күш-жігерімді жұмсаймын. Ол үшін кемел де терең біліммен қаруланып, ғылым мен техниканың сан қырлы тетігін меңгеріп, бүкіл әлемдік құндылықтарды бойымызға сіңіре алған ұрпақ болсақ деп армандаймын. Елдің ертеңі үшін аянбай еңбек ету, білім алу, тәуелсіз мемлекетімізді дамыта түсу, ұлттар арасындағы ынтымақтастық пен достықты нығайту – ең басты парызымыз деп түсінемін. Ғасырдан ғасырға жалғасып келе жатқан бабалар аманатын орындап, жалғастыру біздің еншімізге тиген ардақты іс екенін жүрегіммен сезініп, мақтан етемін.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp