Биыл алғаш рет мерекеленген Тұңғыш Президент күнінің мән-маңызы ерекше. Біз осы аса елеулі оқиғаны еліміздегі мәдени өрлеу үрдісімен байланыстырғымыз келеді. Өйткені, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев ел тізгінін қолға алған алғашқы күннен бастап бұл саланың өркендеуіне айрықша мән берді. Ал 2000 жылды “Мәдениетті қолдау жылы” деп жариялауы мәдениет нысандарының қатарын көбейтті, бұрындары жекеменшікке өтіп кеткендерін мемлекетке қайтаруға мүмкіндік берді, сондай-ақ осы салаға арналған жаңа бағдарламалар жасалды. Елді мекендердегі мәдениет ошақтарының нұры қайта жарқырады.
Талғат АҚЫЛБЕКОВ,
облыстық мәдениет басқармасының бастығы.
Мұндай игіліктерімізді айтпай кетуге болмайды. Мәселен, 1991 жылы облыстық қуыршақ театры есігін айқара ашты. 1999 жылы Айыртау ауданында Қарасай мен Ағынтай батырлардың кесенесі бой көтерді. Келесі жылы Қызылжарда Сәбит Мұқановтың туғанына жүз жыл толуына орай оның есімі берілген облыстық қазақ сазды-драма театры облыс жұртшылығының көзайымына айналды. Оның тұсауын Елбасымыздың өзі кесті. Ал 2008 жылы өңір жұртшылығы ежелден армандаған “Абылай хан резиденциясы” Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың қамқорлығымен қайта жаңғыртылды. Оның алдына салт атты Абылай ханның мүсіні тұғырға қондырылды. Елбасымыз 2005 жылы жаңартылған облыстық тарихи-өлкетану мұражайының да ашылуына қатысып, сөйлегені ел жадында.
2007 жылы Шал ақын ауданында да тарихи-өлкетану мұражайы пайдалануға берілді. Бір айта кетерім, Мәдениет министрлігінің сараптамасы бойынша бұл мұражай еліміздің ауылдық жерлеріндегі мәдениет және тарих мекемелерінің озығы болып танылды.
Мәдениет саласына республикалық, облыстық бюджеттерден қаржы аз бөлініп отырған жоқ. Тек биылдың өзінде ғана 14 мекемені күрделі жөндеуге 119 828,0 мың теңге қаржы жұмсалды. Атап айтар болсақ, облыстық екі театр, аудандардағы төрт Мәдениет үйі, Шухов атындағы қалалық кітапхана өңін өзгертсе, аудандық бюджеттер есебінен бес ауылдық клуб жөнделді.
Бүгінде Петропавлда жаңа қазақ сазды-драма театры ғимаратының құжаттары жасалу үстінде.
“Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламасының аясында 9 мәдениет мекемесін күрделі жөндеуге республикалық бюджеттен трансферттер есебінен 164 700,0 мың теңге жұмсалды. Соған қоса жергілікті бюджеттен 50 492,9 мың теңге қаржы шығарылмақ.
Мәдениет мекемелерінің әлеуетін нығайтуға 2012 жылдың 1 қыркүйегіне дейін 43 миллион 358 мың теңге қаржы жұмсалды. Өңіріміздегі мемлекеттік кітапханалардың қоры молайып, 3762540 данаға жеткізілді. Олардың ішінде мемлекеттік тілдегілері – 765145 дана.
Биыл біз Ғабит Мүсірепов және Сафуан Шаймерденов сияқты даңқты жерлестеріміздің 110 және 90 жылдық мерейтойларын өткіздік. Сондай-ақ облыстық орыс драма театрында, филармонияда есімдері әлемге әйгілі Әмір Тебенихин, Марат Бисенғалиев, Тимур Орманшаев, Медет Шотабаев сияқты өнер жұлдыздарымен жүздесулер ұйымдастырылғанын жұртшылық ұмыта қойған жоқ .
Ал дәулескер сахнагер, режиссер Юрий Ханинга-Бекназар погодиндіктермен бірге Мұхтар Әуезовтің “Қарагөзін” орыс тілінде, жаңа бағытта қойғаны облыс қана емес, республика өнеріндегі айрықша құбылыс болды. Погодиндіктердің тағы бір мәртебеге кенелгені – сахнагер Людмила Ванюкованың Орал қаласындағы республикалық театрлар фестивалінен “Үздік әйел бейнесі” аталымы бойынша бас жүлдені еншілеп оралуы.
“Қызылжар”, “Туған жер”, “Әлғисса”, “Әдемі-ау” ансамбльдері Астанада, Ресей қалаларында өнерімізді айғақтап, қошеметке бөленіп оралды.
2012 жылдың 6 қазанында Алматыда өткен өңіріміздің мәдениет күні оңтүстік астанамыздың тұрғындарының жоғары бағасын алды.
Театрларымыздың көрермендерге 350 қойылымды тарту еткені де айтуға тұрарлық. Соның ішінде ауылдық жерлерде арнайы 73 спектакль көрсетілді. Осы қойылымдардың 10-ы – премьера. Драматургтердің Германияда өткен халықаралық “Балденвайлер” конкурсында “Балаларға арналған пьеса” аталымы бойынша үмітін үкілеген Сәбит Мұқанов атындағы театрдың бас режиссері Болат Әбдірахмановтың “Серке мен әнші құс” пьесасы жүлделі үштіктен көрінді.
ҚР Үкіметінің 2008 жылғы 21 наурыздағы және облыстық әкімдіктің 2010 жылғы 20 желтоқсандағы қаулыларымен 600 тарихи-мәдени ескерткіш еліміздің тарихи-мәдени ескерткіштерінің тізіміне енгізілді. Бұл тізімде өңіріміздің республикалық маңыздағы 7 ескерткіші бар. Олар – “Ботай қонысы”, “Қарасай мен Ағынтай батырлардың кесенесі”, “Сырымбет мекені”, “Абылай хан резиденциясы”, Петропавлдағы “Көпес Янгуразовтың үйі”, бейнелеу өнері мұражайы, облыс орталығындағы Қарасай мен Ағынтай батырлардың ескерткіші.
Осы аталғандардың бәрі де – Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың ұлттық мәдениетке, оның ішінде өнерге көрсетіп отырған зор қамқорлығының жемісі. Осы орайда Елбасымыздың өзі бастамашы болған “Мәдени мұра” мемлекеттік бағдарламасы қабылданғаны бұл саланы өркендетуге зор арна салып берді. Соның арқасында 2004-2008 жылдар бойы еліміздің көптеген тарихи-мәдени ескерткіштері, көне дәуірлердің куәсі болып отырған сәулет ғимараттары зерттелді, қалпына келтірілді. Біздің өңіріміздің де бірнеше тарих және мәдениет орындары осы бағдарламаның ризығын көрді. Сондай-ақ тарихи қорғандар, обалар, батырларымыздың қорымдары зерттеліп, кесенелер, құлпытастар орнатылды.
Бұл бағдарламаның халықаралық деңгейде аталып өткенін мақтан тұтамыз. Оған ЮНЕСКО-ның Париждегі штаб-пәтерінде өткізілген Қазақстанның тарихи-мәдени ескерткіштерінің тұсаукесері айғақ бола алады.
Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың кемел де көреген басшылығының арқасында жиырма жылдың ішінде ғасырға татитын өркендеу жолынан өтіп, қай салада болсын дүниежүзінің іргелі елдерімен бәсекелесе алатын қабілетін танытты. Оның ішінде біз мәдениет пен өнер өрлеуін де лайықты мақтан ете аламыз.