Замира ОСПАНОВА,
қазақ мектеп-гимназиясы “Өнер” орталығының домбыра сыныбының мұғалімі.
Салиқалы да, сабырлы, сарабдал саясаткер, кемеңгер Көшбасшы, әлемге әйгілі тұлға, Қазақ елінің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тәуелсіздігі тұғырлы, егемендігі іргелі, берекесі берік, татулығы нық, болашағы баянды еліміздің іргетасын қалап, дамудың даңғыл жолына бастап, небары жиырма жылдың ішінде гүлдендіріп, Азияның азулы барысына айналдырғанын еңкейген қариядан еңбектеген балаға дейін бәріміз білеміз және мақтан тұтамыз.
Жылына екі рет тұрғындар, ата-аналар мен оқушылар алдында есеп беру концертін өткізетін “Өнер” орталығы биылғы жылғы бірінші концерттік бағдарламасын Тұңғыш Президент күніне арнады. Негізгі мақсатымыз – жалынды да дарынды жас ұрпақты елін, жерін сүюге баулу. “Тұңғыш Президентіміз – кемеңгер Көшбасшы” атты концерт шымылдығын осы “Өнер” орталығының “Мұрагер” қазақ аспаптар оркестрі М.Әубәкіровтің күйі “Наркескенмен” ашқанда көрермен бірден ыстық ықыласпен қабылдады. Аталмыш “Өнер” орталығы домбыра, қобыз, фортепьяно, баян, әнтерме, вокал, гитара, ақындар сыныптарымен қатар “Мұрагер” қазақ аспаптары оркестрінің жетекшісі Амангелді Рамазанов, “Заман-ай” театрының жетекшісі Аманжол Зағыпар, “Жұлдыз” қазақ би ансамблінің жетекшісі Ольга Лахтина, сондай-ақ “Серілер” ер балалар тобының жетекшісі, “Өнер” орталығының меңгерушісі Дәмеш Құрманкина сияқты есімдері өңірімізге танымал ұлағатты ұстаздар ұжымынан құралады. Концерт барысында Елбасымыздың балалық шағынан күні бүгінге дейінгі өмірінен деректер келтіріліп отырды.
Қазақ ауылындағы қарапайым отбасынан түлеп ұшып, әлемдік биіктен танылған мемлекет қайраткері Нұрсұлтан Назарбаевтың қайталанбас тұлғасы – мектеп қабырғасында білім алып жатқан әрбір оқушыға үлгі. Олай дейтініміз, “тар жол, тайғақ кешуден” аман өтіп, бабалар армандаған Тәуелсіздікке қол жеткенде ел тізгінін қолға алған басшымыз көк аспан астында көк туымызды желбіретіп, елімізді дамудың дара жолына салиқалы саясатымен бастай білді.
Өнерлерін ортаға салған оқушылар арасынан ерекше көзге түскендері де болды. Құрманғазының күйі “Балбырауынды” орындап, халықтың ризашылығына бөленген Мұхаммед Әбілдин, Альбина Ережепова халық күйі “Көк дөненді” нақышына келтіріп, арқаны қоздыра, шебер орындаған Асылан Асылбеков, Мәдина Молдахметова, Дарина Байтеновалардың он саусағынан бал тамар болашақ күйшілердің балғын тұлғасын көруге болады. Елбасымызға өз өлеңдерін арнаған жас қаламгерлердің ішінен Саян Ермек пен Мәдина Нұрғазина жауқазын жырларымен Елбасымызға деген құрметі мен жас буынның жүрекжарды ыстық лебізін жеткізе білді. Саян Ермек “Кемеңгер Көшбасшы” өлеңімен қала әкімдігі Тұңғыш Президент күніне орай ұйымдастырған жас ақындар мүшәйрасында бірінші орынды қанжығасына байлап, мектебімізді абыройға бөледі. Елін, жерін, ұлтын, Отанын сүйе білген, суығына тоңып, ыстығына күйе білген Елбасымыздың кемеңгер, сарабдал тұлғасын оқушылар қауымына жан-жақты көрсете білдік десек, артық айтқандық емес.
Петропавл қаласы.