Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Тәуелсіздік күніне арналған концерттік бағдарлама облыс орталығындағы қалалық Мәдениет үйінде болып өтті. “Тәуелсіз елге – жастар өнері” деп аталған мерекелік шараны тамашалауға жиналған қала тұрғындарына жергілікті өнерпаздар өз өнерлерін көрсетті.
Көпшілікке танымал “Арт-Думан КZ” тобының “Көк тудың желбірегені” атты әнімен бағдарламаның шымылдығы ашылды. Одан әрі сахна төрінде ел бірлігін, халықтар достығын, патриоттық сезім мен жастардың Отан қорғауға деген ынта-жігерін білдірген әндер шырқалды. Мерекелік концертте “Милос”, “Самғау”, “Околица”, “Звонница”, “Шестое чувство” сияқты вокалдық топтардың әндері тыңдалса, “Экспромт”, “Движение” сияқты би топтары билерін тамашалатты.
* * *
С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ-сазды драма театрының көрермендері Тәуелсіздік күніне арналған концерттік бағдарламаны үш күн тамашалады. Бұл күндері сахна төріне театрдың танымал әртістерімен бірге жас таланттар да шықты.
Болат Мамытбековтің “Тәуелсіздік тағдыры” атты поэмасына сахналанған қойылыммен бағдарламаның шымылдығы ашылды. Көріністің соңы Желтоқсан оқиғасына тіреліп, бүгінгі азаттығымызды шарықтатқан “Алтын бесік” әні жас өнерпаздардың орындауында тыңдалды. Сондай-ақ мерекелік бағдарламада театрдың “Алуа” би тобы бірнеше бимен көрермендердің ықыласына бөленді. Өз өнерлерімен көпшілікке таңдай қақтырып жүрген би тобының қыздары “Аққу”, “Адай”, “Балбырауын”, “Шашу” билерін мың бұрала орындап берді.
Әрине, театрдың осындай концерттік бағдарламасына оның майталман актер-әншілерінің атсалыспауы мүмкін емес. Біздің сөз етіп отырғанымыз Біржан Жалғасбаев, Самал Тәшімова, Кенжекей Ақжолова, Ақкенже Балқыбекова сынды әртістер. Сондай-ақ соңғы кездері домбыра тарту шеберліктерімен тыңдармандардың жүрегіне жол сала бастаған жас таланттар М. Ғайнулин мен Д.Топышовтың орындауындағы “Күй тартыс” та сәтті шықты. Бағдарламаның соңғы нүктесін театрдың жас актерлері “Қазақстан” әнімен қойды.