«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ШАТТАНАМ, ӘЛЕМ ТАНЫП ҰЛЫЛЫҒЫН!

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,

ақын, Қазақстан Жазушылар

одағының мүшесі.

Елбасымыз – Президент күні бүгін,

Шаттанам, әлем танып ұлылығын!

Жиырма жыл жасампаздық айғағы бұл

Тәуелсіз Қазақстан ғұмырының.

Туған жөн, Нұрағадай, туғасын да,

Дананың нұры жайнап тұлғасында.

Данышпан көш бастаған елміз бүгін

Жолды өткен тең келетін бір ғасырға!

 

Мұны айтқан дүниенің алыптары,

(Анық бұл лайықтыны анықтауы).

Нұраға еңбегінің жемісі ғой

Қазақты жер-жаһанға танытқаны.

Қиыннан жасық қана жасқанады,

Асулар алынды ғой асқаралы.

Көркімен көз тоймайтын таңғалдырып,

Тұрғызған таң-тамаша Астананы.

Ұйытты ол берекесін ел ішінің,

Бізге жат дүрдараздық, теріс ұғым.

Қазақтың жан-жылуы шамшырақ боп,

Халқының таба білген келісімін.

Танытқан бауырмалдың шын ұстамын,

Қазақпыз жұрттың еткен туыс бәрін.

Іргесі сөгілмейтін ынтымақпен

Күн кешкен барша ұлт пен ұлыстарың.

Жол осы Елбасымыз салып берген,

Тамаша игілігін халық көрген.

Отырмыз бір атаның баласы боп

Орынды берекелі алып төрден.

Көнбейтін ірге сөгер айла-амалға,

Халықпыз қадам басар қайда да алға.

Бақытты болашақты таңдаппыз-ау

Елбасын жүрек қалап, сайлағанда.

Біз түгіл, өзге арнаған жылы лебіз,

Ардақты ақиқатқа жүгінеміз.

Нұраға нұрлы жолды нұсқаған соң

Ең заңғар биіктерге ту ілеміз.

 

Кете алмас ұйымшылды жығып дауыл,

Мұндайды көреді ғой ілік тәуір.

Тұлғасын мүсіндеді ардақ тұтып,

Жанына жақын тартқан Түрік-бауыр.

Жақсыны жатсынбайды жатың-дағы,

Көреді кемел жанды жақын бәрі.

Орнатып алтын көпір арасына,

Түйіспес Шығыс, Батыс жақындады.

Осыны ғаламат деп ұғынасың,

Даналар төгер солай шұғыласын.

Тізгінді тең ұстаумен теңестірген

Дүниенің төрт бірдей құбыласын.

Көз салсаң қай қиырға – тұнған еңбек,

Елімнің бейнесі осы – тұрған өрлеп.

Тұлғасын Нұрағаның асқақ тұтқан

“Жасампаз!”, “Кемеңгер!” деп

күллі әлем боп.

Қош келдің, кемеңгерді таңдаған күн,

Сенімін артқан оған арнап әркім.

Келешек берекелі болар елге

Көреген отырғанда аңдап алдын!

Ырыспен таңдандырып жан-жақты біз,

Әлдіміз, әлеуетті, салмақтымыз.

Елбасы жасай берсін бағымызға

Ел сүйген, елін сүйген Ардақтымыз!

ЕЛБАСЫҢДЫ БАҒАЛА

Тоқтар ЗІКІРИН, ақын, Жазушылар

одағының мүшесі.

Елбасыңды, халқым-ау, бағалағын,

Болғандықтан ол сенің қалағаның.

Нұрекеңді таниды бүкіл әлем,

Озық туған ұлы деп замананың.

Ол ұсынған Жолдаулар бізге ғажап,

Ардақтаймыз сара жол, ізге балап.

Қандай жақсы Елбасы көш бастаған,

Болашақтың іргесін бірге қалап.

Жасалады жақсы істер ақылменен,

Көрегенді кемелін жақын көрем.

Бодандықтан бұйығып, бұғып қалған,

Санамызды сейілтіп жатыр дер ем.

Бағы жанып халқымның сағы сынбай,

Кемеңгерім жүретін жол ұсынғай.

Өрлеуіміз керек қой ертең біздің,

Азияның айбарлы барысындай.

Өндіріске қуатты беріп екпін,

Кең далада жайқалған егін ектім.

Жерұйыққа айналып барады елім,

Қызғанышын қоздырып төңіректің.

Таңдаған ел төрінен бас қаласын,

Қоштамайсың қалайша бастамасын.

Таңдай қағып, тамсанып отыр әлем,

Көргенде әсем қазақтың Астанасын.

Бәрі осының Елбасы ерендігі,

Көрегенді ойының тереңдігі.

Көрінеді жарқырап қашандағы,

Елім деген бұл есіл ер еңбегі.

Нұрекеңді деу керек дара дарын,

Озық туған ұлы ғой замананың.

Маңдайыңның бағына туғасын да,

Елбасыңды, халқым-ау, бағалағын!

АРДАҚТЫМ ӨЗІҢ – ЕЛТАҢБАМ,

АСЫЛЫМ ӨЗІҢ – ӘНҰРАН!

Татьяна ПЕНЬКОШИНА.

Қанатын қаққан қос пырақ,

“Тағдырдың берген сыйы” де.

Достығымыз біздің достық-ақ

Ырыс боп енген үйіме.

Нұрына Күннің шомылған

Шаңырағы шашқан арайын.

Айымыз туған оңынан,

Татумыз туыс, ағайын.

Жұлдыздар төгіп бар нұрын,

Жарығы бойға тараған.

Баршамен бірге тағдырым

Кетпейді ойдан, санадан.

Халықтың нығыз бұл көші

Бөлінбес берік өмір ғой.

Осынау достық іргесі

Қаланған мәңгі сөгілмей.

Салынбай сызат бір елі,

“Бірлік!” деп соққан жүрегі.

Тағдырдың да осы – тілегі,

Тәңірдің де осы – тілегі.

Әлемге достық ғұрпы ұнап,

Бар елге үлгі, біргеміз.

Айналдым, сенен, ынтымақ,

Болсыншы берік іргеміз.

Көремін бақыт әр таңнан,

Шаттыққа әр күн шомылам.

Ардақтым өзің – Елтаңбам,

Асылым өзің – Әнұран!

ЖАСАЙ БЕРСІН

ҚАЛАУЛЫСЫ ХАЛЫҚТЫҢ!

Кіндік қаны тамған жерін әр адам,

Аялайды шығармастан санадан.

Елбасымыз халық таңдап, қалаған,

Туған елін тағдырына балаған.

Бағыт тауып, тура бастау ел көшін –

Ауыр жүк-ау, емес пе бір ерге сын.

Жігерлі жас жаңылмады жолынан

Отан-Ана ақ батасын бергесін.

Жас қыранның қияларға жетті үні,

Серпіні зор, қуаты мол екпіні.

Халық айтқан тұлғасына тәнті боп:

“Батаменен ер көгерер!” деп мұны.

Туған Отан аялады баласын,

(Баласынан танығаны-ау данасын).

Елжандының жүрегі де өзге ғой

Ұялайтын ерекше бір жарасым.

Уақыт оны шынықтырды, шыңдады,

Кемел болды топ жаратын, тұлғалы.

Кемеңгердің қасиетін берді оған

Жас жігерді алаулатқан жылдары.

Әр жүрекке сәуле шашып, нұр берер,

Ол – кемеңгер, ол – Елбасы, бір кемел.

Көшті бастап осындай ер тұрғасын

Қазақстан болды әлемде іргелі ел.

Адымымыз қарышты әрі алып тым,

Шоқтығы да биік бүгін әр ұлттың.

Елімізді бұл бақытқа кенелткен

Жасай берсін қалаулысы халықтың!

БІЗДІҢ ОРТАҚ ҮЙІМІЗ “Біздің республикамыз – біздің ортақ үйіміз!”

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

Ортақ үйдің ынтымақты жандары,

Емес пе бұл бақытының жанғаны.

Бірлікпенен тірлік еткен халықтың

Әрқашанда асқақ болар арманы.

Ортақ үйім – Отаным ғой ол менің,

Отаныммен биік, заңғар төрдемін.

Берекелі, тату-тәтті тұрмыстың

Ризығы – бақыт қана көргенім.

Үйім ортақ, парыз да ортақ баршаға,

Биік болсын бәрінен де ар, сана.

Ортақ үйін сүйе білген әр адам

Жеңіп шығар қай қиынға салса да.

Асқақ ұстап, түсірместен иықты,

Жеңеміз біз бұдан да зор биікті.

Жеңілмейтін рух дарып жүрекке,

Елбасымыз жігер беріп ұйытты.

Алдамайды үмітіміз үкілі,

Ортақ үйдің ортақ жүрек лүпілі.

Кемеңгерге тапсырған соң тағдырын

Мұндай үйдің түзу ұшар түтіні!

Орысшадан аударған

Зейнолла ӘКІМЖАНОВ..

БОЛАШАҚ БҮГІННЕН БАСТАЛАДЫ

Аманжол ЗАҒЫПАРҰЛЫ,

қазақ мектеп-гимназиясының мұғалімі

 

Көрудеміз Тәуелсіздік жемісін,

Үлкен бақыт Отан үшін, ел үшін.

Көк байрақты көк түріктің ұрпағы,

Бүгін, міне, көріп жатыр жеңісін.

Барлығы да Елбасының бастауы,

Іске асып дамудағы жоспары.

Жеріміздің игілігін көрдік біз,

Еліміздің ашық болып аспаны.

Елбасымыз болашақты болжады,

Жас ұрпақты мейілінше қолдады.

Бәсекеге қабілетті болуда

Ұл-қызымыз білімменен олжалы.

Әр таңымыз қуанышпен атуда,

Әр күніміз жаңалықпен батуда.

Жетістікке толы жылдар жемісін

Бүгінгі күн алты Алашым татуда.

Болашаққа жасаудамыз нық қадам,

Елбасының саясатын құптаған.

Бір шаңырақ астындағы тату ел

Дара жолдың даңғылынан шықпаған.

Еліміздің қазынасы білімде,

Бүкіл байлық одан аспас түбінде.

Білім орда шаһарлары көп бізде,

Бар мүмкіндік жасалған ғой бүгінде.

Ақ таңдарды атырамыз арайлы,

Тамсандырар күндер алда талайды.

Жас ұрпаққа жалын бітті өзгеше,

Үлгі тұтып Мағжан мен ұлы Абайды.

Бағындырдық асулар мен заңғарды,

Әлем бізге қызығумен таңғалды.

Болашақты бастаймыз деп бүгіннен,

Елбасымыз іскерлікпен қолға алды.

Ұл-қыздар да көбеюде дарынды,

Білімді де сегіз қырлы, жалынды.

Астананың дәл төрінде асқақтап,

Назарбаев университеті салынды.

Мұның бәрі – болашақтың қадамы,

Көк байрақты көтереміз жоғары.

Болашақтың баспалдағын нық басар,

Ұрпақ бүгін білімді де саналы.

Болашақты жасаудамыз бүгіннен,

Тәуелсіздік байрағындай тігілген.

Биіктерді бағындырып шығамыз,

Еңбек, бірлік, бәсекелі біліммен.

Елбасының саясатын қолдаймыз,

Татулықтың ізгі жолын таңдаймыз.

Жастар біздер жұдырықтай жұмылсақ,

Тек қана алғы қатардан да қалмаймыз.

Біз талаптың тұлпарларын баптайық,

Бабалардың өсиетін сақтайық.

Болашаққа нұрлы қадам жасауға

Нұрағаңның зор сенімін ақтайық.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp