Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ, “Солтүстік Қазақстан”.
Өнімнің сыртқы орамасын халықаралық стандартқа сай ету тауардың сатылымы мен сапалық көрсеткішін арттырады. Нарықтың осындай талаптарына орай соңғы жылдары өңірімізде түрлі тауарларды орайтын заттар шығаратын бірнеше кәсіпорын бой көтерді. Солардың бірі – Петропавл қаласындағы пластикалық орама ыдыстар шығаратын “SERPAK” ЖШС-і. Осыдан екі жыл бұрын құрылған кәсіпорында 18 солтүстікқазақстандық тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз етілген. Бүгінгі қатаң бәсекелестік жағдайында өз өнімдерімен көзге түскен кәсіпорында тапсырыс ұлғайып, жұмыстары жандана түскен.
“SERPAK” ЖШС-і өндірісті жаңғырту мақсатында биыл “БТА Банк” АҚ-ның өңірлік филиалы арқылы 70 миллион теңге несие қаржысын алып отыр. Аталмыш қаржы институтынан 8 пайыздық жылдық сыйақы ставкасымен алған несиеге “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасының бірінші бағыты бойынша демеуқаржы беріліп, енді кәсіпкер банктің сыйақы ставкасының 1 пайызын ғана өз қалтасынан төлейді. Бұл, әрине, жас кәсіпкерлікке жасалған үлкен көмек болды. Серіктестіктің директоры Николай Ефремовтің айтуынша, несие қаржысына шетелдік заманауи құрал-жабдықтар сатып алғаннан кейін өндірісте тағы төрт жұмыс орны ашылмақ.
Кәсіпорында полиэтилен сөмкелер мен пакеттер, тауарларға арналған орамалар шығарылады. Бұл серіктестік еліміздің іргелі кәсіпорындары “Сұлтан элеватор-диірмен-макарон кешені” АҚ-ы және “Кока-Кола Боттлерс БК” ЖШС-мен қоян-қолтық жұмыс істейді. Сондай-ақ олардың Қарағанды мен Семей өңірлерінде де тұрақты тапсырыс берушілері бар. Нарықтағы бәсекелестік ұлғайған сайын өндірістегі тауарлардың түрі мен сапа технологиясы қадағаланып отырылады.
– Кәсіпорын үшін шығарылатын өнімдердің сапасы – бірінші кезекте. Біз шикізатты ресейлік “Казаньоргсинтез” ашық акционерлік қоғамынан аламыз. Химия өнімдерін өндірумен айналысатын бұл өнеркәсіптің сапалық беделі өте жоғары. Олардағы шикізаттардың бағасы қымбат, сондықтан біздегі тауарлар да арзан болмайды. Біздің кәсіпте бәсекелестердің қатары жетерлік. Алайда, сапаны бағалайтын тұрақты тұтынушыларымыздың қатары күн санап өсіп келеді, – дейді кәсіпорын басшысы.
“SERPAK” жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне “Сұлтан элеватор-диірмен-макарон кешені” АҚ-нан ай сайын 15-20 тонна орама ыдысқа тапсырыс түседі. Былтыр кәсіпорын 350 тоннаның өнімін өндірсе, биылғы көрсеткіш одан да жоғары. Осылайша серіктестік жылдан-жылға сапалы өніммен нарықты өзіне бағындырып келеді.
Мұндағы жұмысшылар екі ауысыммен еңбек етеді. Өйткені, үлкен өндіріс станоктарын тоқтатып, оны қайта қыздыру қиындық тудырады екен. Сондықтан кәсіпорында тапсырыс болса, жұмыс күні-түні атқарыла береді. Ондағы кадр мәселесі өз шешімін тапқан, білікті қызметкерлер еңбек етеді. Кәсіпорын басшысы тек өндіріс орналасқан жердегі тозығы жетіп тұрған жол тұтынушылар мен жұмысшылардың келіп-кетуіне қиындық тудырады, дейді. Сондықтан ол мемлекеттің инфрақұрылымды жөнге келтіру бағдарламасы бойынша тағы бір көмекке қол жеткізсек, деген тілегін де жасырмайды.
СУРЕТТЕРДЕ: кәсіпорын басшысы Николай Ефремов; қоймашы Л. Кубрикова мен аппаратшы В. Павлов.
Суреттерді түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.