«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“АТОМ” ЖОБАСЫН ЖАҚТАЙМЫЗ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Павел ДМИТРИЕВ,

М.Қозыбаев атындағы СҚМУ география және экология кафедрасының меңгерушісі, доцент, биология ғылымының кандидаты, “Экосфера” қоғамдық бірлестігінің жетекшісі.

Мемлекеттің беделі қалай танылады? Бұл – пікірталас тудыратын сауал. Бұл бедел экономикалық дамудың деңгейінен, халықтың әл-ауқатынан, әскери күш-қуаттан танылады дерсіз Сіз. Әлбетте, дұрыс ойлайсыз. Алайда, бүгінгі күннің өлшемі өзгеше. Өйткені, көптеген жаһандық саяси, экономикалық, экологиялық проблемалар Мемлекет басшысының жеке тұлғасына байланысты шешіледі. Және де біз көптеген мәселелердің осылайша шешім тапқанын айта аламыз. Әлемдік қоғамдастық Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың саясатының арқасында Қазақстанды танып-біліп қана қойған жоқ, сонымен бірге бүгінгі таңда жаһан бізді мойындап, жалпыадамзаттық, жалпыәлемдік проблемаларды шешуде Президентіміз ұсынған бастамалармен санасып отыр.

 

Нұрсұлтан Назарбаевтың “Атом” халықаралық жобасын жүзеге асыру туралы бастамасы айрықша маңызға ие. Президент 2012 жылғы 29 тамызда “Ядролық сынақтарға тыйым салудан – ядролық қарудан азат әлемге” тақырыбындағы халықаралық конференцияда жариялаған “Атом” жобасы ядролық қаруды сынауға түбегейлі тыйым салу мақсатын көздейтін халықаралық қозғалысты бейнелейді. Жобаның атауы ағылшын тілінде төрт сөздің бастапқы әріптерінен алынып, “Біздің ісіміз – сынақтарды аластау” деген мағынаны білдіреді. Қазан айының соңында Астанада БҰҰ жариялаған халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күніне арналған конференция болып өтті. Конференцияға қатысу үшін Қазақстанға 70-тен аса елден 200-ден астам қонақ келді.

Соған қоса аталған шара Семей ядролық айлағының жабылуының 21 жылдығына арналды. Қазақстанның әйгілі қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов 1989 жылғы 28 ақпанда ұйымдастырған “Невада-Семей” ядролық сынаққа қарсы қозғалыс ядролық сынақтарға жол бермеудің бастауы болды. “Невада-Семей” қозғалысы мақсатына жетті. Ол халықаралық қозғалысқа айналды. Әлемде тұңғыш рет жаңа модель – халықтық және парламенттік дипломатияның өзара іс-қимылы пайда болды.

1947 жылғы 21 тамызда кеңестік атом қаруын жасау бағдарламасы Қазақстандағы Семей қаласынан тысқары жерде орналасқан аймақта болашақта ядролық қаруды сынайтын айлақты таңдады. 1949 жылдан бастап 1989 жылға дейін мұнда 456 рет ядролық қару, соның ішінде 86 әуе, 30 жерүсті және 340 жерасты сынақтары жасалды. 1949 жылдан 1962 жылға дейін болған атмосферадағы ядролық сынақтар қоршаған ортаға бәрінен де зор кеселін тигізді.

Республика тұрғындары бұл сынақтардың зардаптары қандай боларын білген жоқ. Семей қаласының және оған таяу елді мекендердің тұрғындарының тұрмысы, олардың бет-әлпеттері мен денелері ядролық қарудың қандай екендігін пайымдатады. Олар болашаққа жасалған ескерту болып табылады. Қаһарман адам, 1989 жылғы “Невада-Семей” қозғалысына қатысушы, дарынды суретші, Шығыс Қазақстан облысында туған Қарыпбек Күйіковке арналған парақтардың бірі осыған дәлел бола алады. Қарыпбек туғанда екі қолы болмаған. Бұл – ядролық сынақтардың қатерлі зардабы. Ол біздің еліміздің азаматтарының ішінен алғашқылардың бірі болып Президент бастамасын қолдады.

Ядролық қаруды сынау мен қолдану проблемасына қоғамдастық назарын бұл ғана аударып қоймайды.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан “Атом” халықаралық жобасын ұсынып отырғанын, жобаның аясында жер бетінде ядролық қаруға қарсы шығатын кез келген адам әлем үкіметтеріне ядролық сынақтардан мәңгілік бас тартуға үндеуге қол қоя алатынын және ядролық қаруларды сынауға жан-жақты тыйым салу туралы шарттың жеделдете күшіне енуіне қол жеткізе алатынын атап көрсетті.

“Атом” жобасы осы ескертуге әлемдік қоғамдастықтың назарын аударуға, ядролық қаруды тоқтатуға және барлық радиоактивті материалдарды өңдеуге қосылудан қорғауды қамтамасыз етуге ұмтылады. Біз ядролық қаруды сынауды мәңгілікке тоқтатып, әлемді қазіргі және болашақ ұрпақтар үшін барынша қауіпсіз ете аламыз.

Ғаламтордың мүмкіндіктері шексіз. Адам Қазақстанда, таяу немесе алыс шетелде, үлкен қалада, яки шағын кентте тұра ма, мәселе онда емес, маңыздысы – оның белсенді өмірлік ұстанымының болуы және оның айтқанының аяқсыз қалмауы. Бұл оның Жер бетіндегі адамдардың қазіргі және болашақ ұрпақтарының тірлігін сақтаудың ортақ ісіне қосқан үлесі болмақ. Жобаның Ғаламтордағы мекенжайы http: // theatomprjject. Оrg.

Нұрсұлтан Назарбаев конференцияға қатысушыларды және әлемдегі барлық ізгі ниетті адамдарды “Атом” жобасын қолдауды және ядролық қарусыз әлем құруды біздің аса маңызды мақсатымыз етуге шақырды. Қазақстан қоғамдастығы Елбасымыздың бастамасын қолдау, “Атом” жобасына жұртшылықтың назарын аудару үшін түрлі шаралар өткізді, олардан петропавлдықтар да сырт қалмады.

2005 жылы Никалина Жангелдина мына өлеңді Олжас Сүлейменовке арнады:

Отты шар аспанда лаулады,

Дүниені сұмдық өрт

жалмады.

Сескеніп кәрің де, жасың да,

Бойын тек бір үрей басуда.

Тып-тыныш, жай жатқан

даланы,

Сол жалын қаусырып

барады.

Тілеген сияқты араша,

Жер жылап жатқандай,

қарасаң.

Бір сұмдық зілзала секілді,

Зардабы, азабы орасан!

Жұрт тілеп тұрса да

тоқтауын,

Басылар емес бұл от-жалын.

Төңірек жатқандай құрысып,

Жер бетін жауыпты

күл ұшып.

Бұл сұмдық қаусырмақ

әлемді,

Тек күлге айналды

дала енді.

Хиросима секілді бұрынғы,

Бұл жер де залалға ұрынды.

“Болмаймыз залалдан

неге ада?!” –

дейтіндей бүгінде Невада…

(Аударған

Зейнолла Әкімжанов).

Міне, студент Татьяна Никитина оқыған осы өлеңмен 23 қараша күні “Атом” жобасы – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің бастамасы” деген “дөңгелек үстел” мәжілісі басталды. Бұл – “Экосфера” қоғамдық бірлестігінің қолдауымен М. Қозыбаев атындағы СҚМУ профессорлар-оқытушылар құрамы мен студент-экологтары өткізген шаралардың бірі.

География және экология кафедрасының оқытушылары Т.Назарова, Г.Мәжитова, И.Фомин “Атом” халықаралық жобасы. Біздің мақсатымыз – сынақтарға жол бермеу” деген буклет таратты. Онда мәселенің мәнісі және “Атом” жобасы туралы баяндалады.

Биология ғылымының кандидаты М.Кузнецованың ядроның тірі ағзаға тарауының әсері жайлы әңгімесі студенттердің пікірталасын тудырды.

“Дөңгелек үстелдің” қорытындысы шығарылғаннан кейін Елбасымыз Н.Назарбаевтың “Атом” жобасын іске қосу бойынша бастамасын қолдауға арналған “Әрқайсымыз жалпыға ортақ болашақ үшін дауыс береміз!” деген шығармашылық конкурс жарияланды. Оның шарттары бойынша конкурсқа барлық тілек білдіруші магистранттар мен студенттер қатыса алатынды.

Бастамашыл топ Семей айлағындағы ядролық сынақтардың зардабы, оның қасіретіне шалдыққан адамдардың тағдыры, айлақтағы тіршіліктен жұрдай болған көріністер туралы фильмнің онлайын көрсетілімін ұйымдастырды. Оны көріп отырған сексен үш студент осы залалдың зардаптарын тұла бойларымен сезініп отырды деуге болады.

7 желтоқсанда “Атом әлемінде” деген интерактивті викторина болып өтті. Оны М.Қозыбаев атындағы СҚМУ “Экология” мамандығы бойынша биыл тамамдайтын студенттер Ольга Куприна мен Елена Русина өткізіп, шараға студенттер командалары қатысты.

Шараның барысында студенттер Альбина Шотанова мен Әсел Байқанова шығармашылық өнерлерін көрсетті.

Жаратылыстану-география факультетінің студенттері викторина жеңімпаздары атанды. Жеңімпаздар марапатталды.

“Эссе” аталымында Алтын Құлжанова, Кристина Хрущева жеңіске жетті. “Атом” жобасы деген тақырыпта баяндама жазған студент Константин Жадан үздік атанды. М.Мереке, В.Бондаренко, В.Кузнецов озық ақындар ретінде танылды. Ал дене шынықтыру факультетінің студенті А. Александрович өзі шығарған әнін орындап, соған қоса бейнеклип жасағаны үшін бас жүлдені жеңіп алды.

Осы айтылғандарды түйіндей келгенде, экологиялық білім қоршаған ортаның саулығын сақтаумен айналысатын біліктілігі жоғары кәсіби мамандарды даярлап, олар Жер бетіндегі тіршілікті сақтау үшін экологиялық қауіп-қатерлермен күресіп қана қоймай, өз елінің патриоты болатындай азамат тұлғасын қалыптастырады дегіміз келеді.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp