«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: “БУРАБАЙДА АНТАЛИЯ мен ДУБАЙДАН ДА ЖАҚСЫ БОЛАДЫ”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Щучье-Бурабай шипажай аймағында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен “Rixos Lake Borovoe” resort-қонақүйі мен “Санта-Клаус деревнясының салтанатты ашылуы өтті.

Мемлекет басшысы жаңа қонақүйдің маңында үлкен туристік инфрақұрылым құрылатынын және соның нәтижесінде Бурабайда әлемнің көптеген танымал шипажайларынан да жақсы болатынын атап өтті.

“Жаңа жылдың қарсаңында біз ашып отырған бұл тамаша нысанды салғандар – түрік компаниясының құрылысшылары. Қазақстан мен Түркия акционерлері басында бұл жер суық болады, тиімсіз деп үлкен қарсылық танытқан еді. Бірақ енді өздері де мұндай кереметті салғандарына риза. Мен де бұған қатысқанымды ұялмастан мойындаймын. Бұл тамаша нысанды салуға қатысқан барлық акционерлерді, құрылысшыларды құттықтаймын! Интерьерлерін, қандай материалдардың пайдаланылғанын қараңыз, оған қоса бұл – Бурабайдағы ең таза көл. Мен Көкшетаудың қасында әуежай салғанымыз, Астанадан Көкшетауға және Бурабайға дейінгі автобанды салғанымыз және шағын авиация үшін нысандар салуымызға байланысты бұл жерде айналасы жаңа қонақүйлер мен коттедждерге толатын тамаша демалыс орталығы болатынына сенімдімін. Анталия, Дубаймен салыстырмаймын, бізде одан да жақсы!” – деді Мемлекет басшысы.

 

Щучье көлінің солтүстік бөлігінде орналасқан жаңа қонақүй – үдемелі индустриялық-инновациялық дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберіндегі жобалардың бірі. Ол ЩБША дамыту және шипажайлық бизнесті әлемдік деңгейге шығару мақсатында “Бурабай” арнайы экономикалық аймағын дамыту аясында салынды.

Нысанның орналасу орны ерекше: қонақүй Ұлттық саябақтың қарағай және қайың ормандарымен қоршалған, терезелерден қарағанда таулар мен аймақтағы ең таза Щучье көлінің көрінісі ашылады, жалпы алғанда бұл жердің ландшафты швейцариялық Альпі, неміс Бавариясы және Роки тау тізбегі сияқты әлемдік шипажайлық мекендерге бәсекелес бола алады.

Бұл Щучье-Бурабай шипажай аймағындағы бірінші resort-қонақүйі екенін атап өту қажет. Ғимаратта 5 қабат бар, біріншісі мен екіншісінде екі мейрамхана, төрт мәжіліс залы және балрум, бассейн, SPA-аймақ және фитнес-орталық орналасқан. 3-5 қабаттарда – 200 қонақүй бөлмесі, соның ішінде 158-і – Deluxe, 37-сі – Junior Suite, 4-і – Presidential Suite және Penthouse Suite.

Бұдан басқа, “Rixos Lake Borovoe” кешенінде құмарлық ойындарына әуес жандар үшін “CashVille” ойынханасы бар. Бұл Ақмола облысы әкімінің өкімімен жақында шекаралары анықталған ЩБША-дағы ойын аймағындағы бірінші казино болып табылады. Жаңа ойынхана елді мекендерден, білім беру мекемелерінен қашықтықта орналасқан.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp