Фарида ЖАЗИТОВА,
журналист.
“Ауызсу” бағдарламасының аясында 2002-2010 жылдар аралығында Ақжар ауданының Талшық ауылында су құбырларын тарату жүйесін қалыпқа келтіру қолға алынған болатын. Енді ол “Ақжар” мемлекеттік қазыналық мекемесінің басқаруына тапсырылды.
Талшық ауылында әр 20 метр сайын колонкалар орнатылған. Тұрғындар, өткен жылдары қыстың аязды күндері бұл құдықтар қатып, істен шығатын, дейді. Биыл су күні-түні ағып тұр.
Жалпы, Талшық елді мекенінде су құбырына қосылған 47 құдық бар. Олардың барлығы іске жарамды. Судың сапасы да тұрғындардың көңілінен шығуда.
Аудан орталығынан он шақырым қашықта орналасқан Қулыкөл ауылына тіршілік көзі “Есіл су” республикалық мемлекеттік кәсіпорны филиалының магистральді су құбырынан келеді. Бір фляга судың құны – 5 теңге. Аязды күндері ауыл тұрғындары суды тарату орнынан алғанды жөн көреді.
Қарашілік ауылында өткен жылы қатты аязға шыдамай құбырлар қатып қалған болатын. Биыл елді мекенде судан еш қиындық жоқ. Жобалық-сметалық құжаттар дайындалғаннан соң Қарашіліктегі тарату жүйелері толық қалыпқа келтірілмекші.