Болат ҚОЖАХМЕТОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Осы ретте Мұхаммед пайғамбар жер бетінде бүлік атаулының етек алатынын да болжаған екен. Күні кеше ғана өзіміз қандай болсақ, өміріміз де сондай тыныш еді, енді мынау ХХІ ғасырың ұйқымызды шайдай ашты ғой: біресе анда, біресе мында сарт-сұрт, жарқ-жұрқ, бұрқ-бұрқ… Мың жылдық тыныштық орнаған мекен сияқты болып көрінетін жерге жайғасқан, дәлірек айтқанда, шөлдің өзін жұмаққа айналдыруға аз-ақ қалған арабтар анау екі-үш жылдан бері бір тыншымай қойған… 15-20 жылдан бері тұрғындарын апта сайын дерлік мылтықтың оғымен оятатын Кавказ түгіл, қақ жүрегі – Мәскеудің өзінен маза кеткен Ресейің мынау… Міне, осындай жер астынан жік шыққан, екі құлағы тік шыққан заманда қой аузынан шөп алмайтын қазағыма да тіл тиді білем: бүлік салғандар бізде де бар…
Ақырзаманның бұлардан басқа кіші белгілерінің көптігіне байланысты сөзімді соза бермей, осымен доғара тұрайын. Неге десеңіз, Мұхаммед пайғамбар: “Сендер мына он нәрсені көрмейінше, қиямет-қайым болмайды”, – деп атап көрсеткен ақырзаманның үлкен белгілері туралы қалай үндемей қалайын?! Мұның бірінші белгісі – қырық тәулік бойы толастамайтын тұман. Екінші белгісі – өзін Құдаймын дейтін “Дажжал” (қазақша тажал – Б.Қ.) есімді адамның шығуы.
Айтпақшы, “Мен Алламын” деп жар салған мұндайлар мұсылмандар қалың қоныстанған елдерде қазір төбе көрсетіп жүрген көрінеді. Биылғы 21 желтоқсан қарсаңында “көктен түскен” мұндай арандатушыны әшкерелеу үшін хадистен хабарыңыз болсын, онда “Дажжал шықпастан бұрын үш жыл қатарынан жаңбыр жаумайды” делінген. Екіншіден, бұл дәу дін әлсіреген кезде ғана шығады.
Ақырзаманның үлкен он белгісінің үшіншісі дабба деген хайуанның шығуына қатысты. Төртінші белгісі – Күннің батқан жерінен қайта шығуы. Бесіншісі – Иса пайғамбардың көктен түсуі. Ал ең соңғысы – Хижаз жақтан шығатын орасан зор от.
Қиямет-қайымның кіші және үлкен белгілері, міне, осындай.
“Қиямет жұма күні болады”
Пайғамбарымыз бір хадисінде осылай депті, ал Алла тағала: “Кенеттен келеді”, – деуден аспапты. Мұның қай жылдың, қай айдың несінші жұмасы екенін Алладан басқа ешкім де білмейді. Сөйтіп, Жаратқан иеміз ғана білетін бір жұмада бүкіл адамзат, барлық тірі мақұлықтар, Жер, Күн, Ай, жұлдыздар – бәрі де жоқ болмақ. Қазіргі тілмен айтқанда, зілзала, цунами, жанартаулардың атқылауы, метеориттердің құлауы секілді қат-қабат катаклизм бір мезгілде астанкестен қылмақ. Құранда қиямет-қайым: “Көк жарылған сәтте. Жұлдыздар төгілген сәтте. Теңіздер тасыған сәтте. Қабірлер қопарылған сәтте”, – деп суреттелген.
Мақаланың бастапқы тұсында айтылғанындай, Құранда ғана емес, Тәурет пен Інжілде де ақырет күнінің хақ екендігі ескертілген.
Мен зайырлы қоғамның бір зиялысы ретінде бұл мәселені ғылыми тұрғыдан топшылауға да қарсы емеспін. Бұл ретте жаһандық ядролық соғыс өркениеттің жойылуына апарып соқтыруы әбден мүмкін. Екіншіден, баяғы Мальтустың сандырағы келуі ғажап емес: Калифорния университетінің биологы Эстони Бэрноскидің есептеуі бойынша 2050 жылы жер бетіндегі халық саны 9,3 миллиардқа жетіп, климат 2 градусқа жылынғанда, соншама адам баласын асырау мүмкін болмайдымыс. Үшіншіден, экологиялық апат та аранын ашып тұр. Биыл әлемнің 22 биологы, экологы, геологы және палеонтологы 3 құрылықта зерттеу жүргізіп, оның қорытындысын Nature журналында жариялады. Онда жер-жаһанның астын үстіне келтіретін экологиялық алапат апат ХХІ ғасырда болады деген болжам жасалған. Төртіншіден, озон қабаты үлдіреп қалғандықтан, қазірдің өзінде Күн шақырайғанда қайда барарыңды білмесең, түбінде атмосфера ауасының жұтуға жарамсыз болып қалуы таңданыс туғызбайды. Бесіншіден, алып астероидтың құлауы қауіп төндіретінін айтумен және жазумен ауыз да, қол да талды.
Жә, айта берсе, Жердің магниттік полюсінің алмасуына немесе Күннің бетіндегі бұрынсоңды болмаған жарқылға я болмаса планетаның бүкіл биомассасын жалмауы мүмкін нанотехнологияның бақылаудан шығып кетуіне қатысты және басқа да жаһандық қауіп-қатер аз емес.
“Биыл ақырзаман болады” деп дүние дүрліккенде бұл мәселе бойынша ғылыми болжам жасаған ғалымдар өркениеттің жоғалуы кенеттен болатын құбылыс деген тұжырым жасады. Ақырзаманның қашан болатынын өзі ғана білетін Алла тағала да: “Кенеттен келеді”, – деген болатын.