Таңат СҮГІРБАЕВ,
“Асыл мұра” орталығының жетекшісі.
Еліміздің ең ұлық мерекесі – Тәуелсіздік күні қарсаңында Қазақстан халқы тағы бір аса маңызды, салтанатты оқиғаны көңіл түкпіріне ұялатып, қуанышқа кенелді десем, асыра айтқаным емес. 14 желтоқсанда теңдесі жоқ өнер шаңырағы – “Астана Опера” мемлекеттік опера театрында Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның 2050 жылға дейінгі дамуының жаңа бағдарламасын жариялады. Тәуелсіздіктің 20 жылдық көкжиегінен өткенімізге көз жіберіп, болашағымызға бағдар нұсқаған Нұрсұлтан Әбішұлы бүгінде әлем таныған, бүкіл дүниежүзі мойындаған Қазақстанның ұланғайыр ұлы табыстарға қол жеткізгенін айтқанда еліміздің миллиондаған тұрғындарының бірі ретінде менің де бойымды қуаныш кернеп кетті.
Айтса айтқандай, биыл Қазақстан Дүниежүзілік экономикалық форумның бағалауы бойынша әлем мемлекеттері арасында 51-ші орынға енді. Одан да зор міндеттердің үдесінен көріне алатынымыз да қуантып отыр. Бұл орайда Елбасымыз: “Стратегия – 2030” қабылданғаннан бері 15 жыл ішінде мемлекетіміз әлемдегі ең серпінді дамушы елдер бестігіне енді. Нәтижесінде 2012 жылдың қорытындысы бойынша ІЖӨ-нің көлемі жағынан біз әлемнің 50 ірі экономикасының қатарына кіреміз”, – деді. Бұған айғақ іздеудің өзі артық. “Қазақстан – 2030” Стратегиясы қабылданған 15 жылдың ішінде ішкі жалпы өнім 16 есеге артты. Осының арқасында халқымыздың әл-ауқатының жақсарғанын көрмеу мүмкін емес. Бұл стратегиядағы басымдықтардың бірі білім беру, денсаулық сақтау, елдің әл-ауқатын жақсарту еді. Өткен он бес жыл бұл салаларда көксегенімізге қол жеткізгенін көріп отырмыз.
Осы жетістіктерді алға тарта отырып, Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік дағдарыстың жаңа толқынының қауіп-қатерін де ескерте айтты. Ол шикізатқа әлемдік бағаның құлдырауы ықтимал екендігін атап көрсетті. Бұл өз кезегінде бізге өте қолайсыз әсер етуі мүмкін екенін де аңғартты. Бұдан менің ұққаным: сақтанған қапы қалмайды. Білек біріктіргендер қиындықты жеңіп шығады деген тағылым. “Өткен күннен алысы жоқ, келер күннен жақыны жоқ” деген халық нақылын тілге тиек еткен Елбасымыз жүріп өткен жолды қадір тұтайық, алайда алдағы болашаққа қам жасайық деп бірлік, ынтымақ үнін естіртті.
Біз еліміздің жетістіктері өңірлердің қол жеткізгенімен келетін игілік екенін білеміз. Солтүстік Қазақстанның еңбекшілері де еліміздің өркендеуі мен гүлденуіне қолдарынан келген үлесін қосуда. Атап айтқанда, өткен жылы диқандарымыз астықтан еліміз бойынша рекордтық өнім алса, үстіміздегі жылы 5 миллион тоннадай астықты Отан қамбасына құйып, республикада тағы да топ жарды. Өңірімізде етті мал шаруашылығын өркендету күшті серпін алуда. Бұдан өзге табыстарымыз да тұрғындардың көңілінен шығып, тұрмыс ажарына әр бере түсуде.
Осындай ілгерілеушілік өзге өңірлерде де баршылық. Мұның бәрі Елбасымыз Жолдауда айтқан 2050 жылға қарай әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына кіру мақсаты қолымыздан келетіндігіне сендіреді.
Бір сөзбен түйіндегенде, Қазақстан алға ғаламат серпіліс жасады.
* * *
Әсемгүл ЕСІМСЕЙІТОВА,
ұстаз, көпбалалы ана.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың халқына арнаған Жолдауы ел экономикасы мен саясатының, әлеуетінің одан әрі дамуына жаңа серпін беретін бағдарламалық құжат деп білемін. Осыдан 15 жыл бұрын егемен еліміздің бағыт-бағдарын айқындаған “Қазақстан – 2030” Стратегиясында білім беруге, денсаулық сақтауға, елдің әл-ауқатын жақсартуға үлкен басымдық берілді. Ондағы белгіленген мақсаттарды жүзеге асыра отырып, біздер үлкен табыстар мен биік жетістіктерді бағындырдық. Оның дәлелін Мемлекет басшысы былай атап көрсетеді: “15 жыл ішінде біз халықтың табысын 16 есеге арттыруға жағдай жасадық. Орташа айлық жалақы 9,3 пайызға өсті. Зейнетақы төлемі 10 есеге артты. Денсаулық саласын қаржыландыру 2011 жылы 631 млрд. теңгені құрады”, – дейді.
Шындығында, бүгінгі елдегі жақсы тұрмыс – Үкіметіміз бен Президентіміздің ұстанып отырған оң саясатының нәтижесі. Халық жалақыны, зейнетақыны, жәрдемақыны, шәкіртақыны уақтылы төлемеу деген ұғымды ұмытқалы қашан?! Бұл, әрине, ел экономикасының дамығандығының белгісі. Енді, міне, Елбасы өз Жолдауында 2050 жылға қарай Қазақстан әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарынан көріну керек, деген бағдар көрсетті. Елдігіміз мен бірлігіміз осылайша жарасып тұрса, бұл асуды да бағындырарымыз анық.
* * *
Нұрғазы ӘБДІҚАНОВ,
облыстық соттың төрағасы.
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған “Қазақстан – 2050” Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты” Жолдауында қазақстандықтарға осыдан бірнеше жылдар бұрын таңдалған қағидаларды қолдана отырып, жаңа басымдықтармен 2050 жылға дейін әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына ену мақсаты қойылды. Әсіресе, Президент Қазақстан жастарына үлкен сенім артып, оларға еліміздің жарқын болашағын құру міндетін жүктеді.
“Біздің мақсатымыз – Отанға шексіз берілу мен қызмет ету принциптеріне негізделген мемлекеттік басқарудың жаңа типін қалыптастыру” деген мақсатты қоя отыра, Елбасы еліміздің әрбір азаматын өз құқықтарын қолданып, Қазақстанды гүлдендіруге өз үлесін қосуға шақырды. 15 жыл бұрын қабылданып, бірқатар бағыттар бойынша мерзімінен бұрын орындалған “Қазақстан – 2030” Стратегиясын жүзеге асыру барысында жиналған тәжірибенің негізінде Елбасы Жолдауындағы алдымызға қойылған әрбір тапсырманы өз деңгейінде орындау қазақстандықтардың қолынан келеді. Көзделген басты мақсаттарға жету үшін алған бетімізден таймай, жұмылған жұдырықтай жұмыс атқаруымыз қажет. Жаңа Жолдауды Солтүстік Қазақстан облысының судьялар корпусы толығымен қолдайды және осы бағыттағы жұмыстарды жалғастыру үшін кешенді іс-шаралар қолдану қажет деп санайды.