Өткен аптада облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекеновтің төрағалық етуімен өңірлік үйлестіру кеңесінің кезекті отырысы өтті. Онда солтүстікқазақстандық 14 кәсіпкердің “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша екінші деңгейдегі банктер арқылы алған несиелеріне демеуқаржы бөлу туралы өтініштері қаралды. Кәсіпкерлерден түскен өтінімдер мақұлданған жағдайда, олардың алған несиелерінің 3,6 миллион теңгесі субсидияланады деп күтіледі. Өңірдің іскер азаматтары өздерінің бизнес жобаларына сәйкес 40 жұмыс орнын ашуды жоспарлап отыр.
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Бағдарламаға қатысуға ниет танытқандардың ішінде петропавлдық “Жасмин” шаруа қожалығы бар. Ол өзіне тиесілі 20 гектар жер телімінде көкөніс өсірумен айналысады. Шаруашылық “Цесна банк” АҚ-ның өңірлік филиалы арқылы алған несиеге танаптағы өнімді тура жинау құрылғысын сатып алған. Ал айыртаулық Арис Каракозиди – мал шаруашылығын дамытып отырған шаруагер. Арис Георгиевич агрожүйені жетілдіру үшін екі ангар мен мал семірту алаңының құрылысын жүргізуді мақсат еткен. Демеуқаржы сұрағандардың қатарында жүк және жолаушылар тасымалымен айналысатын жеке кәсіпкерлер Сергей Межевцев, Артур Самигулин, Дмитрий Нагорных, Виктор Сухов, Виталий Агеев бар.
Олар өз қызметтерінің сапасын арттырып, кәсіптерін кеңейту мақсатында автокөліктер мен құрал-жабдықтарын көбейтуде. Үйлестіру кеңесінің мүшелері халыққа қызмет көрсетудің бұл саласына мемлекеттік көмектің қажеттігін бірауыздан мақұлдады.
Пластиктен тауар өндіруді қолға алған Сергей Жуков өз кәсіпкерлігінің тауарды қайта өңдеуге бағытталғандығын жеткізді. Отырыстың төрағасы Қайрат Бекенов бұл бастаманы да мақұлдады. Сондай-ақ петропавлдық Симон Григорянның да кәсіпкерлігі оң пікір қалыптастырды. Тәтті тағамдар жасайтын цехтарға арналған қойытылған сүт өндіру ісімен айналысатын кәсіпкерге өңірімізде бәсекелестік тудыратындар жоқ десе болады. Оның мақсаты – өнімді одан әрі сапалы етіп, ресейлік бәсекелестерімен иық тірестіру. Ал “Асхат Агро” ЖШС-і “АТФ банк” АҚ-ның облыстық филиалынан несиеленген қаржыға 85 бас жылқы сатып алған. Енді кәсіпкердің банк алдындағы борышының 2,3 миллион теңгесін немесе жылдық сыйақы мөлшерлемесінің 7 пайызын бюджет көтеретін болады.
Алайда, осы күні қаралған 13 өтінімнің екеуі қанағаттандырылмады. Олар – Мамлют ауданындағы “Aciona” мен алматылық “Вариант Агро” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінікі. Мамлюттік кәсіпкер Сергей Деймундт таза су тарату кәсібін жақында қолға алыпты. Оның барлық құжаттары бағдарлама талаптарына сай болғанымен, бұл кәсіпкерлік әлеуметтік тұрғыдан күмән тудырып отыр. Өйткені, ол өндіріске қажетті суды жергілікті ұңғымадан алады. Сондықтан кеңес мүшелері “Ол құдықтар кәсіпкерліктің сұранысымен қатар тұрғындарды да қамтамасыз ете ала ма?” деген пікір тудырып, отырыс төрағасы бұл мәселені қайта қарау қажеттігін айтты. Сондай-ақ ол өз сөзінде жұмыс істеуге құлшынып отырған кәсіпкерге кедергі жасалмайды, егер кәсібін жүргізуге мүмкіндік болмаса, оның басқа жолдарын қарастыру қажет және оған жергілікті билік қолғабыс жасайды, деді. Алматылық кәсіпкердің мәселесі ойланарлық. Шет жерлерге астық сатуда делдалдық жасаумен айналысатын Светлана Иванованың кәсіпкерлігі заңды түрде Алматы қаласында тіркелген. Сондықтан оның барлық салық төлемі сол жақта жүргізіледі. Осы мәселе бойынша әртүрлі пікір туындағандықтан, оның өтінімін тағы бір тексеру қажеттігі талап етілді.