С. Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрында әділет органдарының қызметкерлері кәсіби мерекелерімен бірге, 20 жылдық мерейтойларын да атап өтті.
Биыл Тәуелсіз Қазақстанның әділет органдарының құрылғанына – 20 жыл. Өңірімізде аталмыш салада 300-ге тарта адам еңбек етеді. Оларды өңір басшысының атынан айтулы күнмен құттықтай келген оның орынбасары Александр Чжен әділет органдарының бірқатар қызметкерлерін облыс әкімінің Құрмет грамотасымен, Алғыс хатымен марапаттады.
Елмен бірге әділет органдарының қызметі де дамып келе жатқандығын тілге тиек еткен облыстық әділет департаментінің басшысы Ернар Сейдімбеков бұған білікті мамандардың қосқан үлесі зор екендігін атап өтті. Сол себепті, мерейтой күні олардың еңбегі ескерусіз қалмай, бірқатары “Әділет органдарына қосқан үлесі үшін” медалімен, “Әділет органдарының үздігі” төсбелгісімен, ҚР Әділет министрлігі мен оның облыстық департаментінің мақтау қағаздарымен марапатталды. Бұл күні жалпы саны 88 награда табыс етілді. Марапатталғандардың қатарында аталмыш салаға 25 жылын арнаған облыстық әділет департаменті бастығының орынбасары Гүлнәр Қожахметова да бар.
– Мен еңбек жолымды 1987 жылы Сергеевка қаласында азаматтық халық актілерін тіркеу инспекторы қызметінен бастадым. Бүгін еңбегім ескеріліп, “Әділет органдары жүйесінің құрметті қызметкері” төсбелгісімен марапатталғаныма қуаныштымын, – деді ол.
Құрмет пен марапатқа толы салтанатты шара концерттік бағдарламаға ұласты.
(Өз тілшімізден).
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.