Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
“С. Киров атындағы зауыт” АҚ-да өндіріс өнімдерін шығарумен алты цех айналысады. Соның жинақ цехының фрезерлеу және бедерлеу учаскесінде бүгінгі техниканың дамыған заманында жаңаша жұмыс істеуге мүмкіндік артқан. 2010 жылы “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы аясында өндірістегі бірқатар құрал-жабдықтар заманауи техникамен жаңғыртылған кезде бұл учаскеге де немістің озық технологиялы станогы қойылды. Онда компьютерлік бағдарлама бойынша барлық жұмыстарды бір ғана оператор атқарады. Әрине, ол үшін зауытқа техниканың тетігін жетік меңгерген кадрлар қажет. Бүгінде зауыттағы компьютер арқылы атқарылатын жұмыстарға жастар көптеп тартылуда. Солардың бірі – Алексей Бибиков.
Зауыттың жинау цехындағы фрезерлеу және бедерлеу учаскесінде оператор болып еңбек ететін Алексей Александрович бұл жұмысқа жақында орналасқан. Бірақ өте ізденімпаз, еңбекқор жігіт өз мамандығын бірден меңгеріп алған. Петропавлдағы темір жол колледжін тамамдаған ол арман қуып, Ресейдің астанасы Мәскеуге барып еңбек етіп те көріпті. Ондағы жекеменшік иесіне жұмыс істеген ол фрезерлеу және бедерлеу шеберлігіне үйренген. Алайда, “өз үйің – өлең-төсегің” дегендей, жас жігіт туған жерін сағынып, екі жылдан кейін еліне оралыпты. Ол өз әңгімесінде біздің өндіріс орындары енді ғана қол жеткізіп жатқан заманауи құрал-жабдықтарды ресейліктердің ертерек пайдаланатындығын айтады. “Алайда, қандай істі болсын қолыңа алған кезде өзіңе талап пен мақсат қойсаң, еңбектің алынбайтын асуы жоқ”, – деп білетін оған компьютерге салынған бағдарлама бойынша жұмыс істеу аса қиындық тудырмайды екен. “Тек техниканың бағдарламасына мұқият болып, станоктың жұмыс барысын қырағы қадағалап отырсаң болғаны,” – дейді ол. Жас маманның атқарып отырған жұмысы мен алатын еңбекақысына көңілі толады. Сондай-ақ өзіне қойылатын талапты жете сезініп, сапалы әрі өнімді жұмыс атқарып жатқан жас жігіттің еңбегін әкімшілік те жоғары бағалап отыр.
СУРЕТТЕ: оператор Алексей Бибиков.
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.