“Қазақша Уикипедия” жобасындағы мақалалардың саны 200 мыңнан асты. Жағымды жаңалық па? Иә! Сол сәтте-ақ Сіздің санаңызда: “Бұл қандай жоба және осынша сүйіншілейтіндей оның қандай пайдасы бар?” деген сұрақ туындайды. Оған жауап беруге тырысайық.
Арайлым СМАҒҰЛОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Уикипедия дегеніміз – редакциялауға болатын онлайн-энциклопедия. Ол 2001 жылы мәре алған. Осы уақытқа дейін ол әлемнің 285 тілінде дамып, 24 миллион мақаланың басын құрады. Бұл адамзаттың ақпаратқа қолжетімділігін қамтамасыз етіп отыр. Көптеген адамдар орыс және ағылшын тілдерін білсем, ақпаратқа қолжетімді деп санайды. Ойлап қараңызшы, егер әлем тек ағылшын тілінде сөйлессе, адамзат бірізділікке салынар еді. Сол себепті әрбір адам ана тілінде сөйлеп қана қоймай, оны дамытуға ұмтылуы керек. Оның бір амалы – өз ана тілінде Уикипедияны дамытуға қол ұшын созу.
Қазақ тілінде Уикипедияның дамуын көздеген жанашыр топ “WikiBilim” қоғамдық қорын құрып, 2011 жылы тамыз айында Израильдің Хайфа қаласында өткен ғаламдық “Wikimania – 2011” уики-конференциясында, тіпті, үздік жоба аталып та үлгерді. Аталмыш конференцияда қазақтілді Уикипедияның бүгінгі жағдайы туралы айтылды. Уикипедияның негізін қалаушы Джимми Уэйлс “Стате оф Уікіпедіа” деп аталатын дәстүрлі баяндамасын жасау кезінде қазақстандық “УікіБілім” қоғамдық қорының жұмысына тоқталып, оны ерекше бағалады. Қоғамдық қорға Үкіметтен бастап, “Самұрық-Қазына” Ұлттық әл-ауқат қоры да қолдау білдірді. Қазіргі таңда ол ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы Кәрім Мәсімовтің қолдауымен жүзеге асырылуда.
Осындай игі бастамалардың жалғасы 2012 жылдың 20-21 сәуір аралығында түркітілдес елдер уикипедиашыларының конференциясын өткізуге түрткі болды. Қазақстанда конференция өткізу идеясын онлайн-энциклопедияның негізін қалаушы Джимии Уэйлстың өзі ұсынған екен. Конференцияға Қазақстан, Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан, Түркіменстан, Қырғызстан, Татарстан, Башқұртстан, Саха (Якутия) елдері вики-қауымдастықтарының, сонымен қатар “Wikimedia Foundation”, “Creative Commons”, “Open Software Foundation” секілді халықаралық қозғалыстар мен ұйымдардың және “Google” компаниясының өкілдері қатысты.
Енді осы бір жобаның мақсатына тоқталсақ. “Қазақша Уикипедия” жобасының негізгі мақсаты – Интернеттегі қазақ тіліндегі интеллектуалды ортаны, уики қауымдастықты қалыптастыру. Интернеттен қазақ тілінде ақпарат іздеген оқырман іздегенін таба алуы қажет. Уикипедиа ашық энциклопедиясын оқу процесінде инновациялық білім беру құралдары ретінде пайдалануды насихаттау. Осы орайда Қазақ энциклопедиясы “Қазақстан” Ұлттық энциклопедиясының осы уақытқа дейін жарыққа шыққан барлық нұсқасын Уикипедия ашық энциклопедиясына жариялауға рұқсат берген еді. Сонымен қатар “Қазақ энциклопедиясы” редакциясынан шыққан басқа да аймақтық және салалық энциклопедиялық жинақтарды да тапсырды. Әрине,ортақ ұлттық мүдде үшін. Осылай ұлттық мүддені ту еткендердің арқасында Уикипедияның тілдер рейтингісінде қазақ тілі 127-ден 25-орынға көтерілді. Жоба жұмыс істеген кезде қазақша Уикипедия айына тек 500 мың рет қаралса, қазіргі таңда бұл сан 8 миллионға жетті. Үстіміздегі жылдың қыркүйек айында қазақша Уикипедия, тіпті, 10 миллион рет қаралды. Бұл – қазіргі күннің рекордтық көрсеткіші. Осының арқасында өткен жылы қазақтілді мақалалар санын 200 000 дейін жеткізуді көздеген “WikiBilim” қоғамдық қорының да тілегі орындалды. Ендеше “Қазақша Уикипедия” сияқты ақпараттық дәуірдің перзентінің алғашқы қадамы жақсы нәтижелерге толы деуге негіз бар. Жаңа қарқынмен жүзеге асырылған “Қазақша Уикипедия” туған тілдің қолданыс аясын кеңейтудің әрі қазақстандық ақпараттық технология дамуының дәлелі екені айдан анық.