Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент 2012 жылы атқарылған жұмыстарын қорытындылап, тұрғындардың өрт қауіпсіздігін сақтау мәселесі бойынша брифинг өткізді. Онда мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы, өртке қарсы қызмет подполковнигі Нұрлан Атығаев өңірімізде орын алған оқиғалар мен фактілерді алға тарта отырып, адами және табиғи факторлардың салдарынан орын алған апатты оқиғаларды тілге тиек етті.
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Нұрлан Бауыржанұлының айтуынша, биылғы жылдың 11 айында облыста 777 өрт оқиғасы тіркеліп, осы оқиғалар кезінде 38 адамның өмірі қиылып, 29 адам дене жарақаттарын алған. Бұл фактілер өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 11 пайызға артық, деп көрсетілді. Өрт биыл 165 құрылыс нысаны мен 38 бірлік техниканы жалмап, 2 049 321 мың теңгенің шығынын тигізген. Өрттің 600-і тұрғын үй секторларында орын алған. Басқарма бастығы сөз еткендей, ондағы оқиғалардың барлығы өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамаудың нәтижесінен болған. Тұрғындар, әсіресе, үй жылыту құрылғылары мен пештерді пайдалану кезінде апатты жағдайларға көп ұшырайды. Орман өртінің көрсеткіші де былтырғы жылмен салыстырғанда жоғары. Биыл өңіріміздегі орманды аумақтың 251,707 гектары оттың орауында қалып, мемлекетке 27 миллион 686 мың теңгенің шығынын әкелген. Ал биылғы сықырлаған аяз өрт оқиғасының жиі қайталануына ерік беріп тұр. Осы желтоқсан айының өзінде облыста бірнеше өрт оқиғасы тіркеліп үлгеріпті. Әсіресе, мереке күндері 15-17 аралығында болған өрттен бес отбасы қайғылы қазаға ұшыраған. Мамлют, Тайынша, Айыртау, Шал ақын және Қызылжар аудандарының бес тұрғынының ажалы оттан болды. Бұл оқиғалардың орын алуына айыпты – адамдардың өзі, дейді өртке қарсы қызмет маманы. Жоғарыдағы бес фактінің барлығы жылыту құрылғыларының қауіпті жақтарын ескермеудің кесірінен болған.
Осыған байланысты басқарма бастығы өз сөзінде тұрғындар өзінің және отбасы мен жақындарының қауіпсіздігін алдын ала ойлау қажеттігін тілге тиек етіп, оларға өрттен сақтанудың бірнеше жолдарын ескертеді. Әсіресе, алда келе жатқан Жаңа жыл мейрамын тойлау кезінде қырағы болсақ, тұрғындар өздерінің өмірі мен денсаулығына қауіп төндірмейді, дейді ол. Мереке кезінде қолданылатын түрлі жарылғыш заттар адамдардың өміріне үлкен қатер әкелуі мүмкін. Сондықтан оларды пайдалану кезінде бірнеше ережені естен шығармаған абзал, деген ол жұртшылыққа мына жайларды ескертті: 1) жарылғыш заттарды сатып алған кезде оның сапасына назар аудару, яғни сертификаты бар тауарды ғана сатып алу керек; ол жарылғыш заттарды ғимараттың ішінде пайдаланбау және оны айналасында 50 метрге дейін ешқандай нысан жоқ алаңда ұйымдастыру керек; 2) балаларға арналған жаңажылдық шырша мерекесі кезінде: өрт қауіпсіздігін төндіретін жарылғыштар мен жарқылдағыш заттарды пайдаланбау; шыршаны тез жанатын заттармен безендірмеу, балаларға тез жанатын материалдардан киім кигізбеу, мереке өтіп жатқан жерде кеңістіктің көп болуы, яғни залдар адамдарға лық толмауы керек; 3) пешпен жылытылатын үйлерде өрт қауіпсіздігі ережелерін естен шығармау және балаларды қараусыз қалдырмау.
Брифингте сөз болған келесі мәселе – алаяқтық фактілері болды. Төтенше жағдайлар департаментіне шалынған қоңыраулар нәтижесі бойынша облыста өртке қарсы қызметтің атын жамылып, үй-үйді аралайтын алаяқтардың бар екендігі анықталып отыр.
-
Олар өздерін өртке қарсы қызметкер ретінде таныстырып, үй иелеріне бірнеше сауал қойып, аттарын тізіп алады екен. Телефон арқылы осындай төрт факті тіркелді. Мақсаттары қандай екендігі беймәлім. Алайда, бұл күндері басқарма мұндай жұмыстар ұйымдастырған жоқ. Өртке қарсы жұмыстар жүргізілген күнде мамандар өртке қарсы қызметкердің формасын міндетті түрде киетіндігін және олардың қолдарында куәлігі болатындығын ескертеміз. Сондықтан тұрғындарға кез келген адамға есік ашып, ақпараттар берудің жөні жоқ, – деді Нұрлан Атығаев.