«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“АШЫҚ ЕСІК” АКЦИЯСЫ кәсіпкерлерге арналды

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыс әкімі Серік Біләловтің тапсырмасы бойынша облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы, “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры” АҚ өңірлік филиалы, “Атамекен” Қазақстанның Ұлттық экономикалық палатасы бірлесіп “Ашық есік күні” акциясын өткізді. Шара барысында шағын және орта бизнес өкілдеріне, кәсіпкерлікпен айналысқысы келетіндерге кеңес беру, оларды “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасымен таныстырып, өз істерін ашуға, кәсіпкерлікті дамытуға барынша тарту мақсаты көзделді.

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

 

“Ашық есік” акциясына келгендерді “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша кәсіпкерлікті қолдау аясындағы шаралармен “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры” АҚ өңірлік филиалының, “Атамекеннің” ЗТБ, облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының қызметкерлері таныстырды. Онда тегін негізде түрлі қызмет көрсету түрлерін дамытуға болатыны айтылды.

 

Солтүстік Қазақстан облысы кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бөлім бастығы Ольга Цымбалюктің айтуынша, аталмыш бағдарлама бойынша кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған шаралар жеткілікті. Оған несие беру бойынша пайыздық ставкаларды субсидиялау, несиені кепілдендіру, өндірістік инфрақұрылымды дамыту, сонымен қатар бизнесті жүргізу бойынша сервистік қызмет көрсету, тағы басқалар жатады. Одан басқа “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасының аясында бұрыннан бері жұмыс істеп келе жатқандар мен өз ісін жаңа да бастаған кәсіпкерлерге арналған семинарлар өткізіліп тұрады. Биылғы жылы оқудан бөлек шетелдерде тағылымдамадан өтіп келген кәсіпкерлер де бар. Сондықтан “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы барлық деңгейдегі кәсіпкерлерге жол ашып отыр деп айтуға толық негіз бар.

– Өңірлік үйлестіру кеңесі биылғы жылы кәсіпкерлерден түскен 1000-нан астам өтінімдерді қарады. Субсидиялау бойынша 97-ден астам жоба қолдау тапты. 9 жоба кепілдендіруге өтті. 27 инфрақұрылым кәсіпкерлері қаржылай қолдау алып, 14 нысанның жолдары, электр желілері іске қосылды. Сонымен қатар “Даму” қоры жеке ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер үшін екі күндік қысқа мерзімді бизнес кеңестер өткізді. Оның аясында 650 адам ақыл-кеңес алды, – деді Ольга Цымбалюк.

“Ашық есік” акциясына қатысушы, көптен бері кәсіпкерлікпен айналысып жүрген жеке кәсіпкер Сергей Бурыкинді өнеркәсіптік инфрақұрылым мәселесі қызықтырды. Оған “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасының аясында қолдау алуға болатындығы жан-жақты түсіндірілді. Ол бойынша кәсіпкерлерге электр, су, телефон желілерін тарту, жол салу, ұңғыма жұмыстарын жүргізуге жеңілдік алуға болатыны айтылды. Мәселен, кәсіпкер өз кәсібін дамытуға 10 млн. теңге көлемінде қондырғы алатын болса, оның 50 пайызын, яғни 5 млн. теңгесін бюджеттен инфрақұрылымға көмек ретінде қарастыруға болады. Ал соның 4 млн. теңгесі жол салуға жұмсалады десек, кәсіпкер оған 100% жеңілдік ала алады. Сондай-ақ кәсіпорындары бір жерде шоғырланған бірнеше кәсіпкер бірлесіп жол салуға немесе басқа да инфрақұрылымдар тартуға өтінім түсірсе, онда оның шығыны толық бюджеттен өтеледі.

“Единство” ЖШС бастығы Марат Мергенов пен Уәлиханов ауданынан келген Ерік Әзенов те өздерін қызықтырған мәселелері бойынша қанағаттанарлықтай жауаптар алды.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp