25 желтоқсанда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Индустрияландыру картасына енгізілген нысандарды іске қосуға арналған жалпыұлттық телекөпірге қатысты. Бұл туралы ҚР Президентінің баспасөз қызметі хабарлады.
Тікелей эфирдегі телекөпір барысында Индустрияландыру картасына енгізілген елеулі нысандардың тұсаукесері болып өтті. Жобалардың бір бөлігі табысты жұмыс істеп жатқан кәсіпорындардың базасында жүзеге асырылуда. Өзге бағыттар базалық салаларды жаң-ғыртуға, өңірлік дамуға, “Қолжетімді тұрғын үй” бағдарламасын іске асыруға арналған. Олар: “ҚазАзот” компаниясында аммиак, азот қышқылы және аммиак селитрасы өндірісін жаңарту (Маңғыстау облысы); Теміртау қаласындағы “Линде Газ” өнеркәсіптік газ өндірісі кешені (Қарағанды облысы); “Сареко” ЖШС-да (ҚазАтомӨнеркәсіп және Sumi-tomo Atom БК) сирек кездесетін концентраттар өндірісі (Ақмола облысы); “ВостокМашЗауыт” компаниясында вагон құю өндірісі (ШҚО); Маневрлік тепловоздар өндірісі (Шу қаласы, Жамбыл облысы); “Мұнай-машта” мұнай өнеркәсібі үшін бұйымдардың жаңартылған өндірісі (СҚО); “Қазақцемент” компаниясында “құрғақ тәсілмен” жұмыс жасайтын цемент зауыты (ШҚО); “Зенченко және К” коммандиттік серіктестігінде жел энергиясы қондырғысы (СҚО), ОҚО-ның Жетісай ауданында мақта сабағынан құрылыс материалын өндіру кәсіпорны; “Қордай-Шу” жоғары қысымды газ құбыры (Жамбыл облысы).
Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев “Инновация көшбасшысы” және “Индустрияландыру көшбасшысы” санаттарында республикалық “Алтын сапа” арнайы сыйлығын тапсырды, сондай-ақ “Парыз” бизнестің әлеуметтік жауапкершілік конкурсы бойынша Гран при жеңімпазын жария етті.
Атап айтқанда, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі “Парыз” сыйлығының Гран приі “Қаз-ТрансОйл” АҚ-ға тапсырылды. Ал “Инновация көшбасшысы – 2012” атты Елбасының арнайы сыйлығы “Қаз-атомөнеркәсіп” ҰАК” АҚ-ға табысталса, “Индустрияландыру көшбасшысы – 2012” сыйлығы “Қазақстан темір жолы” ҰК” АҚ-ға берілді.
Телекөпір жұмысын қорытындылай келе, Қазақстан Президенті индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын іске асырудағы үш жылда еліміздің жалпы ішкі өнімі 20 пайызға артқанын атап өтті. Өндірілген өнімдер экспорты Тәуелсіз Қазақстан тарихында 2011 жылы алғаш рет 22 миллиард долларға артты, бұл 2009 жылғы көрсеткіштен 85 пайыз өскен.
– Жаңа индустриялық нысандардың біраз бөлігі Кентау, Шар, Степногорск, Теміртау тәрізді моноқалаларда салынған. Бұл – менің бастамам бойынша қабылданған моноқалаларды дамыту жөніндегі бағдарламаның орындалуының алғашқы нәтижесі. Ұялы байланыстың төртінші буынын іске қосудың маңызы зор деп білемін. Бұл арқылы Қазақстан жаһандық ақпараттық қоғамға нақты қадам басты, – деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев жалпы алғанда, индустрияландырудың үш жылы ішінде 537 жаңа нысан іске қосылғанын атап өтті. Олар өндірген өнімнің көлемі 1,4 триллион теңгеге жетті. 110 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Осы орайда, бұл кәсіпорындарды құруға мемлекет тарапынан 2,1 триллион теңге бөлінді.
– Осылайша осы уақыт аралығында бөлінген қаражаттың үштен екісі бүгінде біздің жаңа экономикамызға нақты өнім әкелді. Үдемелі даму бағыты инновациялық өнім көлемінің өсімін 2 есеге жеткізді, яғни 236 миллиард теңге болды. Индустрияландыру картасы бойынша тағы 170 кәсіпорын ашылатын болады. 200 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылады. Біздің ортақ тактикалық міндетіміз – таяу екі жылда индустрияландырудың алғашқы бесжылдығын табысты аяқтауды қамтамасыз ету, – деді Елбасы.
Мемлекет басшысы еліміз “Қазақстан – 2050” жаңа саяси бағытын іске асыруға кірісетінін атап өтті.
– АҚШ-та қайта индустрияландыру жоспары әзірленген, Қытайда 12 жылдық бағдарлама қабылданды, Еуропалық Одақ 2020 жылға дейінгі тиісті стратегиясын бекітті. Шындығында, әлемдік экономиканы “қайта жаңғыртуға” дайындық басталып кетті, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті соңғы онжылдықта нақты экономикаға инновациялық әзірлемелер енгізу үдерісі жеделдетілгенін атап өтті. Мемлекет басшысы кластерлік дамудың және кластерлік жаңа буынды іске қосудың перспективасы бар моделін таңдауды жүзеге асыру қажеттігін атап өтті.
Олардың арасында: материал жүргізу, туризм мен демалыс, азық-түлік өнеркәсібі мен биотехнология, баламалы энергетика, мұнай мен газ өндіру, өмір туралы ғылым, перспективалы компьютерлік технология мен дизайн, логистика болуы тиіс.
– Кластерлік саясатты институционалдық қолдау мақсатында Үкіметке 2013 жылдың бірінші жартыжылдығында перспективалы ұлттық кластерлерді қалыптастыру тұжырымдамасын әзірлеуді тапсырамын, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті осы саланы реттейтін саясат өнеркәсіп пен салалық саясатты толықтыруы және айқындап беруі керектігін атап көрсетті. Мемлекет дәстүрлі экономиканы қолдаудан бас тартпауға тиіс. Жұмыстың тағы бір бағыты – инновациялық кәсіпкерлік желісін қалыптастыру және кеңейту. Бұдан бөлек, университеттердің, зерттеу мекемелері мен өндірістік кәсіпорындардың өзара іс-қимылын нығайту маңызды. Инновациялық кластерлерді қалыптастыруға ғылым тартылуы тиіс. Мемлекет басшысы Қазақстанға белсенді технологиялық саясат қажет екеніне тоқталып өтті. Президент еліміздің міндеті инноваторлардың сыни жиынтығын қалыптастыру болып саналатынына тоқталды.
– Мен 2020 жылға дейін 10 инновацияны, одан кейін тағы 10-ын табу мақсатын қою керек деп ойлаймын және бұл жұмысты жүйелі де үздіксіз негізде жүргізу керек, – деп қадап айтты Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев экономиканы жаңғырту, жаңа салаларды дамыту және заманауи технологияны қолдану еліміздің еңбек ресурстарының сапасына қойылатын талапты арттыратынын атап өтті.
Мемлекет басшысы елдің прогресінің басты мәселесі жаңа кластерлік саясат негізінде индустрияландыру болып саналатынына тоқталды. Ол “Алтын сапа” және “Парыз” сыйлықтарының лауреаттарына және барлық кәсіпкерлерге арнаған сөзінде олардың инновациялық үдерістерге белсенді қатысулары қажеттігін атап өтті.
* * *
Арайлым СМАҒҰЛОВА,
“Солтүстік Қазақстан”,
Гауһар МҰҚАТАЕВА,
журналист.
Озық он жобаның қатарында біздің өңірімізден “Мұнаймаш” АҚ-ның мұнай өнеркәсібіне арналған бұйымдардың жаңғыртылған өндірісі, “Зенченко және К” коммандиттік серіктестігінің жел-энергетикалық қондырғысы бар.
Осы орайда “Мұнаймаш” АҚ-ның бас директоры Сергей Григоренко Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа онлайн режімінде “Өнімділік – 2020” бағдарламасы аясында кәсіпорынды жаңғырту жұмысы жүзеге асырылғандығын айтты. Осының арқасында кәсіпорынның ескі үлгідегі 68 станогының жұмысын атқара алатын әлемдегі ең үздік делінген 12 қондырғы сатып алынды. Ол қазақстандық үлесті 70 пайызға дейін өсіріп, өнімнің сапасын әлемдік стандартқа сай етуге мүмкіндік бермек.
Еліміздің мұнайшыларын сапалы өніммен қамтамасыз етуге даярмыз, деген Сергей Григоренко Елбасының тапсырмаларын орындауға әзір екендіктерін жеткізді. Аталмыш заманауи қондырғылар өндірістік циклді 80 пайызға қысқартып, механикалық өңдеу жөніндегі өндірістік өсімді 5,3 есе ұлғайтуға мүмкіндік береді. Электр энергиясына жұмсалатын шығынды үнемдеу жылына 10 миллион теңгені құрайтын болады.
Осы күні Елбасыға Қызылжар ауданындағы Новоникольск ауылында орнатылған жел-энергетикалық қондырғы таныстырылды. Ол Германияда жасалған. Шетелдік мамандар оны аз уақыттың ішінде орнатты.
– Қондырғылардың жобалық қуаттылығы – 1,5 мВт. құрап, жылына 8,7 млн. киловатт/сағат электр энергиясын өндіреді. Бұл біздің шаруашылықтың қажеттіліктерін өтеу үшін жеткілікті, – дейді “Зенченко және К” коммандиттік серіктестігінің бас директоры, Қазақстанның Еңбек Ері Геннадий Зенченко.
Жаңа жел қондырғысы Новоникольск тұрғындарын және ауыл шаруашылығы объектілерін электр қуатымен қамтамасыз етуге тартылмақ. Нәтижесінде ауаға жіберілетін зиянды қалдық екі есе азаятын болады. Осы орайда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев:
– Ауыл шаруашылығы саласында біз жел қондырғыларын қолдана бастадық. Бұл ауыл шаруашылығы үшін өте маңызды. Мен бүгін Астанада күн батареяларын шығаратын зауыт аштым. Егер де күн батареялары мен жел қондырғылары қатар тұрып, бір-бірін толықтыра жұмыс істеп отырса, қыруар ақша шығармай, Қазақстанның кең аумағында ауыл шаруашылығын, елді мекендерді ешбір сымсыз, жайылымды мал шаруашылығын сумен қамтамасыз етіп, оны дамыта аламыз, – деді.
***
Самат ЕСМАҒИ,
журналист.
Үш бірдей солтүстікқазақстандық кәсіпорын “Парыз” сыйлығына ие болды. Олар: “Киров атындағы зауыт” АҚ, “Ахмутдинов” жеке кәсіпкерлігі мен “Мамлют ұн үгу комбинаты” ЖШС-і. Осы орайда аталмыш кәсіпорындар басшылары кәсіпкерліктің әлеуметтік жауапкершілігін әспеттейтін “Парыз” сыйлығымен марапатталды.
Жерлестеріміздің дүбірлі додада топ жарып, “Парыз” сыйлығын иемденуін барша солтүстікқазақстандықтардың жеңісі деп айтуға болады. Себебі, олардың тауарлары “Солтүстік Қазақстанда жасалған” деген брендке ие.
– Телекөпір барысында тұсауы кесілген жобалардың екеуі – біздікі. Ең ірі инновациялық бағдарлама қатарына еніп отыр. Бұл – үлкен қуаныш. Оның үстіне үш кәсіпорнымыз жеңімпаз атанды. Бәріңізді осы жетістіктермен құттықтаймын! – деді облыс әкімі Серік Біләлов телекөпірден кейін өткізген селекторлық кеңесте.