Елдегі кәсіпкерлікті дамытуда “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры” АҚ-ы айтарлықтай жұмыстар атқару үстінде. Қордың қаржылай және қаржылай емес қолдауы еліміздегі шағын кәсіпкерліктен бастап, іргелі өндіріс орындарына дейін өз істерін өрге бастыруына жол ашты. Қор екінші деңгейдегі қаржы институттары арқылы алты мемлекеттік бағдарлама бойынша орта және шағын кәсіпкерлікті қолдап отыр. Қордың солтүстікқазақстандық филиалы да осы бағыттарда бірқатар істер тындырды. Осы жайында акционерлік қоғамның Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының директоры Ирина Суворовамен сұхбаттасқан едік.
– Ирина Валерьяновна, филиалдың бүгінгі қол жеткізген жетістіктері қандай?
– Шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау және оның дамуына қолайлы жағдай жасау – еліміздің экономикалық саясатының басым бағыты. Осы мақсатта 1997 жылы “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры” АҚ-ы құрылған болатын. Оның қызметі шағын және орта кәсіпкерлік субъектілердің қалыптасып, оның ел экономикасының дамуына ықпалын күшейту, кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған мемлекет қаржысының тиімділігін арттыруға арналды. Осы негізде бірнеше бағарлама дүниеге келді. Онда “Даму – көмек”, “Даму – өңірлер”, “Даму – өндіріс”, микрокредиттік ұйымдар және әйел кәсіпкерлігін микрокредиттеу, “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламалары бойынша мемлекет қаржылай қолдау көрсетіп, бірнеше кәсіпкерліктің аяғынан тік тұруына көмектесті. Біздің өңірімізде “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша 120 жоба мақұлданса, ШОБ субъектілерінің лизингтік мәмілелерін қаржыландыру бағдарламасы бойынша 650 жоба қолданды. “Даму” қорының қаржылары екінші деңгейдегі банктер арқылы беріліп, нәтижесінде тұрақты жұмыс орындарының сақталып қалуына немесе жаңаларының құрылуына, сондай-ақ экономиканың шикізаттық емес секторында өңірлік кәсіпкерліктің орнықты және теңгерімді өсуін қамтамасыз етуге үлкен қолдау көрсетілуде. Бүгінде осы бағдарламамен өңірімізде өзінің әл-ауқатын жақсартып, кәсібін жандандырған іскер азаматтар жерлестеріне бір мыңнан артық жұмыс орнын ашты. Сондай-ақ 2009 жылдан бері “Бизнес-кеңесші” бағдарламасы бойынша 2914 адам бизнесті жүргізудің қыр-сырына үйренсе, биылғы жылы 600-ден астам адам өз іскерліктерін танытуға өрістерін кеңейтті. “ОШК-тің топменеджментін үйрену” жобасы бойынша 17 адам кәсіпке үйретіліп, “Даму” қорының өңірлік филиалының мамандары 1200 адамға кеңес беру қызметін көрсетті. Ал “Даму – көмек” жобасы бойынша 20 мүгедек-кәсіпкер қолдау көрсе, “Жұлдыздарға қара” бағдарламасы бойынша 10 өтініш келіп түсті. Осының барлығы орта және шағын кәсіпкерлікке “Дамудың” көрсетіп отырған үлкен қолдауы барын дәлелдейді.
Сөз кезегінде мүгедектерге арналған екі бағдарламаның ережелерін тағы бір пысықтап өткім келеді. “Даму – көмек” – тікелей біздің қор дамытқан жоба. Онда біз көмекті қажет ететін мүгедек-кәсіпкерлер мен көмек көрсете алатын жеке тұлғалар, не болмаса ұйымдар арасында дәнекер боламыз. Ал “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры” АҚ мен “Казкоммерцбанк” АҚ басшылығы құрған корпоративтік “Құс Жолы” қайырымдылық қоры негізінде бой көтерген “Жұлдыздарға қара” жобасы да кәсібін жаңадан бастаған мүмкіндіктері шектеулі адамдарға қаржылай қолдау көрсету мақсатында қолға алынып отыр. Жобаның бюджеті – 8 миллион теңге, оған 16 аймақ қатыстырылады. Жалпы осы бағдарламаларды жүзеге асыру барысында облыс және аудандар әкімдіктері мен екінші деңгейдегі банктердің филиалдары және қоғамдық ұйымдар мен БАҚ құралдары арасында тығыз байланыс орнап, үлкен жұмыстар атқарылуда.
– Сонда іскерлігін танытқысы келген әрбір орта және шағын кәсіпкерлік субъектісі “Даму” қорының қолдауын көре ала ма? Бизнес-жобалар іріктелген кезде қай саланың кәсіпкерлігіне басымдық беріледі?
– Мемлекетіміз орта және шағын бизнеске ұмтылған кез келген адамға қолдау көрсетуге дайын. Ол түрлі бағдарламалар шеңберінде жүзеге асады. “Даму” қоры денсаулығы мықты, идеясы нығыз кәсіпкерден бастап, мүмкіндігі шектелген жандардың шағын іскерлігіне дейін қолдайды. Алайда, қаржылай қолдау бәсекелестігінде басты назар ел экономикасын дамытуда негізгі рөл атқаратын салаларға аударылады. Мәселен, “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасының қызығын көбінесе жүк тасымалдаушылар мен отандық азық-түлік өндірушілер көреді. Сондай-ақ бастама танытқан тың жобаларға да басымдылық тән. Қандай жағдайда болмасын кәсіпкер өзінің бизнес- жобасын ұтымды да мағыналы етіп ұсына білгені дұрыс. Түсінікті, идеялы, мағыналы, берекелі жобаны көрсете білу іс-әрекеттердің әрі қарайғы қозғалысына серпін береді. Осы үшін біз “Бизнес – кеңесші” жобасы бойынша оқытулар жүргіземіз. Ол үшін білімді де білікті тренинг орталықтарының мамандары шақыртылып, олар бизнесті бастау мен жүргізудің жолдарын ұғындыруға тырысады. Оған бизнесті қолға алуды көздеген адамнан бастап, үлкен іскерліктің даңғылына түскен кәсіпкерге дейін қатыстырылады. Ал “Даму – көмек” пен “Жұлдыздарға қара” бағдарламалары – қайырымдылықтың негізінде туған бағыттар. Кәсіпкерлікті қолдау орталығына бизнестің айналасында туындаған кез келген сауалдарға жауап алу үшін баруға болады.
– Қордың қызметкерлері өздеріне клиенттер тартуды қалай жүргізеді? “Дамудың” көмегімен әлеуетін жақсартқан кәсіпкерлер көп пе?
– Қиындықтар да, жеңіл алынатын асулар да бар. Барлығы бағдарламаның мазмұнына байланысты. Кейбір бағдарламаларға әр тараптар қатыстырылады. Мәселен, екінші деңгейдегі банктер, жергілікті атқарушы органдар, қауымдастықтар, т.б. Осындай кезде олардың дайындықсыз болуы ортақ бағдарламаны жүзеге асыруда қолайсыздықтар тудырады. Көбінесе екінші деңгейдегі банк филиалдарының бағдарламаны қолдау кезінде өз міндеттерін дұрыс жүргізбеуі, банктердің қайта қаржыландыру мен кепілдік беру әрекеттеріне немқұрайдылық танытуы жиі кездеседі. Кәсіпкерлік бизнес-жобадан басталады. Толық, тиянақты, есепшотын айқын көрсеткен кәсіпкердің идеясы ғана ұғынықты болып, оған қолдау көрсетіледі. Сондықтан да білуге, ізденуге және үйренуге құмар адам ғана өзінің іскерлігін байқата алады.
Иә, әр кәсіпкер өзінің, отбасының әл-ауқатын жақсартуға тырысады. Сол еңбегімен ол ел экономикасын дамытуға өз үлесін қосады. Сондықтан аяғынан тік тұрған әрбір кәсіпкерді еліміздің бүгіні мен ертеңі деуіміз керек. Мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде өндірісте жаңа бағыттар пайда болып, жаңғырту мен өркендеудің жаңа жеңістері аңғарылады. Заманауи техникалық даму қарқынды жүргізілуде. Қаржылай емес қолдау кезінде бизнесті жүргізудің қыр-сырына қаныққан кәсіпкерлердің қатары да әлдеқайда көбейген. Біздің көмегімізбен шетелдік тәжірибеден үйренудің де мүмкіндігі зор. Сондай-ақ кәсіпкерліктің нәтижесін көру үшін түрлі байқаулар ұйымдастырылуда.
Әрине, қордың атқаратын қызметі мен оның қолжетімділігі туралы ақпараттар кеңінен таратылады. Әлбетте, қордың жұмысы жайлы, ондағы көмектер мен қолдаулар туралы БАҚ құралдарында жиі жарияланады. Сондай-ақ өзіміздің Интернет-порталымыз бар. Қоғамдық орындар мен теледидарда түрлі роликтер жүргізіледі. Ал ақыл-кеңес алғысы келген адамдар үшін қордың қызметкерлері күнұзаққа еңбектенеді. Жалпы біздің өңірлік филиалда білікті, ұйымшыл әрі еңбекқор ұжым жұмыс істейді.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.