«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ПРЕЗИДЕНТ ШЫРШАСЫ – естен кетпес ертегі әлемі

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ең алдымен бүлдіршіндерге қуаныш сыйлайтын Жаңа жыл мерекесі – Президент шыршасы биыл да белсенді және үздік оқитын балғындардың басын қосты. Облыс орталығындағы “Айналайын” балалар ойын-сауық орталығында жаңажылдық театрландырылған көрініс сахналанып, түрлі костюмдерді киген мектеп оқушылары ертегі әлеміне саяхат жасады.

Гүлбике ТӨЛЕБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”. 

Жаңа жыл мерекесі кімді болсын қиялғажайып әлеміне ертпей қоймайды. Барлық аудандар мен облыс орталығынан жиналған қыздар мен балалар қызылды-жасылды әсем киімдерімен көңілге қуаныш ұялатты, жүздері жайнаған, Аяз Ата мен Ақшақарды қызықтаумен мәре-сәре. Оларға С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театры мен Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының әртістері жаңажылдық көріністер қойып, көтеріңкі көңіл күй сыйлап, мәз етті. “Алтын Батыр” ғажайып кітабын тауып алған жастар қазақ тарихын шолып, еліміздің түкпір-түкпіріне саяхат жасады.

 

Қойылым барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның барлық бүлдіршіндерін Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, олардың әрқайсысын бұдан әрі де жақсы білім алып, үлгілі тәртібімен көрінуге шақырды. Президент тәуелсіздік жылдарында туған балғын қазақстандықтардың жайлы болашағы үшін бар жағдайдың жасалып отырғандығын сөз етті. Елбасының құттықтау сөзіне облыс әкімі Серік Біләлов те қосылды. “Сендер тәуелсіз Қазақстанның даму және нығаю жылдарында дүниеге келдіңдер. Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы өскелең ұрпаққа қамқорлығын аяған емес. Елде жыл сайын мектептер, балабақшалар мен спорт мекемелері көбейе түсуде. Талантты балалар президенттік шәкіртақы алу мүмкіндігіне ие. Қазір кез келген жас шетелде білім алуға құқылы” дей отыра, облыс әкімі әр бүлдіршіннің жаңа-жылдық армандарының орындалуына тілектес екендігін жеткізді.

Бұл күні облыстық саңырау балаларға арналған мектеп-интернаттың 5-сынып оқушылары Арман Темірболатов пен Ангелина Шмидттің костюмдері көптің көңілінен шықты. Балалар есту мүшелерінің зақымданғанына қарамастан, оқуда озат. Үлгілі тәртібімен көзге түскен, сиқыршы мен шығыс аруы киіміндегі бұл оқушылар ең үздік жаңажылдық костюм иелері атанып, үшінші орынға ие болды. Ал Ғ.Мүсірепов атындағы ауданда орналасқан даму мүмкіндігі шектеулі жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған Шөптікөл (түзету) мектеп-интернатының 6-сынып оқушысы Темірлан Есентеміров жылан костюмімен таңғалдырды. Ол екінші орынды жеңіп алды. Бас жүлде жыл ханшайымы киіміндегі Виктория Некрутоға бұйырды.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp