«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚЫЗЫЛЖАР НАНЫНЫҢ ДӘМІ ЕРЕКШЕ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Болашағын әріден ойлап, өндірісті жаңаша ұйымдастыруды тиянақты қолға алғандардың бірі – “Петропавл нан-тоқаш комбинаты” ЖШС-і. Петропавл қаласы мен облыстың бірнеше аудандарын нан өнімдерімен жабдықтап отырған бұл кәсіпорынның өңіріміздегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қосып отырған үлесі зор. Комбинаттың тозығы жеткен құрал-жабдықтарын жаңғырту шараларын қолға алғалы да биыл үшінші жыл. Серіктестік бүгінде барлық инвестицияны осы бағытқа жұмсауда. 2010 жылдан бастап ондағы төрт цехтың екеуі автоматтандырылды. Мұндай жаңарған өндіріс жұмысшылардың да ауыр еңбегін әлдеқайда жеңілдете түсті.

 

– Бөлке нан цехы толығымен жаңғыртылды. Онда нанның ашытқысынан бастап, пісірілуіне дейін барлық жұмыстар компьютердің көмегімен атқарылады. Шетелден алынған құрылғылар өте тиімді. Тоқаш өнімдерін шығаратын цехқа да жаңа бес электрлі пеш қойылды. Нәтижесінде өнім сапасы артып, дайындалу мерзімі қысқартылды. Таңғы сағат 4-тен бастап сауда орталықтарына ыстық нан жөнелтіледі, – деді комбинаттың бас технологі Гүлфия Шарипова.

Серіктестік жұмсақ, жылы нан өнімдерін барлық сауда орындарына таңғы сағат 8-ге дейін тасымалдайды. Бас технологтің айтуынша, күнделікті шығарылатын өнім сұраныс мөлшерімен сәйкес дайындалуы тиіс. Бұл – тауардың ысырап болуына жол бермеудің тәсілі. “Бізде бір айдың ішінде өнімнің 4-5 жаңа түрі өндіріледі. Олардың әрқайсысы өзіміздің мамандардың сараптамасынан өткеннен кейін шағын мөлшерде нарыққа шығарылады. Егер тауар тұтынушының көңілінен шықпаса, өндірістен алынып тасталады”, – деді Гүлфия Рафиковна.

Кәсіпорында күніне 30-32 тонна өнім өндіріледі. Оның 3 тоннасы – қара бидай наны, 25 тоннасы – бөлке, қалғаны – тәтті тоқаштар. Сексен жылдық тарихы бар кәсіпорын нан өнімдерінің дәстүрлі түрлерімен қатар, өз технологтері дайындаған жеке рецептерді де жиі қолданады. Қаламыздың барлық сауда орындарында сатылатын қара бидай нанын әзірге осы комбинаттың наубайшылары ғана дайындап жүр. Жалпы нанның бұл түрін пісіру өте біліктілікті талап ететіндіктен, оны кез келген наубайхана бабына келтіріп пісіре алмайды. Ал комбинат оның ашытқысын Мәскеуден алдырады екен.

Кәсіпорында түйінді мәселелер де жоқ емес. Соның бірі – кадр жайы. “Бізге жоғары білікті технологтер керек. Бүгінде мұндай мамандар Алматыда ғана даярланады. Ресейден оқып келетіндер де бар. Алайда, соңғы жылдары біздің өндіріске келіп жатқан жастардың қатары өте аз. Жергілікті кәсіптік білім беру орталығында “Жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша екі-үш жыл бізге қажетті мамандар дайындалды. Бірақ олардың біліктілігі өте төмен, теориялық негіздері әлсіз екендігін көрдік. Сондықтан бізге келгендерді өзіміз қайта үйретуге тура келді”, – дейді ол.

Күн ұзаққа ыстық пештің қасында жүріп еңбек ету оңай емес. Сондықтан да болар, жастар бұл өндіріске тұрақтай қоймайды. Кәсіпорын әкімшілігі мамандардың жетіспейтіндігін айтып дабыл қағуы – түсінікті жағдай. Өйткені, өндірісте еңбек ететіндердің жас деңгейі жылдан-жылға ұлғайып келеді. Онда ертеңгі күні аға буынның орнын басатын мамандар жоқтың қасы.

Сондай-ақ мамандар өнімнің сапасына, тамақтың құнарына әсер ететін бидай сапасының жыл сайын төмендеп бара жатқандығын айтады. “Қазір бидайдың ақуызы мен қамырлық сапасы нашарлап барады. Бізде селекциялық институттар жоқ. Ауыл шаруашылығында өнімнің элиталық сұрыбын ұстау дәстүрі жалғаспай қалды. Нәтижесінде бидайдың химиялық-биологиялық көрсеткіштері сын көтермейді. Қамырлылық төмен болса, одан жақсы нан пісіре ала алмайсың”, – дейді бас технолог.

Өндірістік технологияны жаңғырту – бүгінгі күннің талабы. Сондықтан соңғы екі жыл бойы аталмыш кәсіпорын шетелдік әріптестерімен тәжірибе алмасуға ден қойып отыр. “Германдық технолог Хельмуд Энгенберц біздің елде айлап жатып, кәсіпорын мамандарын біліктілікке баулыды. Немістің еңбекқорлығы, өндірістегі тәртібі мен мәдениетінен көп нәрсе үйренуге болады. Оларда кәсіп атадан балаға жалғасатындықтан, әкесі балаға оның қыры мен сырын жастайынан үйретеді. Сондықтан да болар, олар үйренген істеріне білгір келеді. Шетелдік әріптесіміз біздің кәсіпорында сапа мен өнімділікті арттыру үшін біраз еңбек сіңіруде. Жалпы, шетелдерде наубайханашы кәсібін көбіне ер адамдар атқаратындығы мәлім”, – дейді Гүлфия Шарипова.

Комбинатта еңбек ететіндердің басым бөлігі – нәзік жандылар. Ондағы екі ауысыммен істелетін жұмыс кестесі мен жиі көрсетілетін материалдық көмегі жалғызбасты әйелдердің осында тұрақтап қалуына үлкен септігін тигізеді екен. “Бізде еңбек – ауыр, тәртіп – қатал. Бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан мамандар оған үйренген. Олар серіктестікке келген жас кадрларды жан-жақты үйретуге тырысады. Тарихы тереңде жатқан комбинаттың абыройын түсірмеу – біздің әрқайсымыздың міндетіміз”, – деп технолог әңгімесін сеніммен аяқтады.

СУРЕТТЕРДЕ: кәсіпорынның бас технологі Г.Шарипова; технологоператор Т.Силина; тоқаш өнімдерін дайындау шебері Л.Лапочкина.

Суреттерді түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp