«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЗА ТАПҚАН ШЕКАРАШЫЛАРДЫ ЕСКЕ АЛДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Петропавл шекара жасағы Шымкент қаласының маңында орын алған әуе апатынан қаза тапқандарды аза тұтты.

Гүлбике ТӨЛЕБАЕВА,

Арайлым СМАҒҰЛОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Астана-Шымкент рейсі бойынша бағыт алған Қазақстан ҰҚК Шекара қызметінің ведомстволық ұшағының апаты салдарынан 27 адамның өмірі қыршынынан қиылды. Қызылжарлық шекарашылар қаза болған әріптестерін үнсіздік минутымен еске алды.

ҰҚК СҚО бойынша департаментінің бастығы Құрман Елубаев ҚР ҰҚК ШҚ директоры міндетін уақытша атқарушы, полковник Тұрғанбек Стамбековпен 2009-2011 жылдар аралығында бірге қызмет еткен. “Ол мықты әскери қызметші еді. Өз ісінің білгірі, адамгершілігі мол жан болатын. Экипаж құрамындағылар ұшақты қондыруға мәжбүр болған уақытында да қарапайым азаматтардың амандығын ойлап, жақын маңдағы ауылдан тыс жерге құлады. Қаза болғандар соңғы деміне дейін елдің тыныштығын қорғау міндетін абыроймен атқарып өтті”, – деді Құрман Елубаев.

Осы күні үкіметтік емес ұйымдар мүшелері, жастар, білім саласы қызметкерлері облыс орталығындағы Қарасай мен Ағынтай ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, Шымкент қаласы маңында қазаға ұшыраған Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің әскери қызметкерлерінің рухына тағзым етті. Жиналған қауымның алдында сөз сөйлеген “Қазақстан азаматтық Альянсы” ҚБ облыстық филиалының төрағасы Сергей Худяков, облыстық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Бақытжан Сәмиева және тағы да басқалар бүкіл елдің қабырғасын қайыстырған қаза бәрімізге ортақ екендігін айтты.

Суреттерді түсіргендер

Амангелді БЕКМҰРАТОВ,

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp