«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“АХМҰТДИНОВ” ЖЕКЕ КӘСІПКЕРЛІГІ – “Парыз” сыйлығының жеңімпазы

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

25 желтоқсан күні Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздік сарайында өткен Индустрияландыру картасына енген нысандарды іске қосу телекөпірі кезінде “Парыз” сыйлығының иегерлеріне де лайықты құрмет көрсетті. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі конкурсы жүлдегерлерінің қатарында солтүстікқазақстандық үш кәсіпорын бар. Солардың бірі – Қызылжар ауданының орталығы Бескөл ауылындағы “Ахмұтдинов” жеке кәсіпорны. Соған орай Жаңа жыл қарсаңында кәсіпорын басшысы, Қызылжар аудандық мәслихаттың депутаты Сермұхамет Оралұлын сөзге тарттық.

 

– Сермұхамет Оралұлы, таяуда Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында алған Президенттің Құрмет грамотасына тағы бір қомақты сыйлық – “Парыз – 2012”-нің орта және шағын кәсіпкерлік саласындағы “Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын” атауы қосылып отыр. Құтты болсын! Осынау құрмет оңай келмейді ғой. Әңгімені осы жағынан бастасақ.

– Өзім Ресей Федерациясындағы Омбы облысының тумасы болғанмен, ата-бабамыздың өсіп-өнген жері – осы өңір. Әкем Орал қажы марқұмның бастауымен өткен ғасырдың соңғы жылдары Бескөл ауылына қоныс тепкенбіз. Алғашында жанар-жағармай саудасымен айналысқаныммен, оның тұрақты кәсіп болмайтындығын түсіндім. Сөйтіп, жергілікті ағаштан өнім өндіруге арналған жеке кәсіпорын аштым. Оған әкемнің ақылы бойынша атамыз “Ахмұтдинов” есімін бердім. Соның қарамағында “Жанмырза” ағаш өңдеу цехы жұмыс істейді. Ол да арғы аталарымыздың атымен аталады. Оған Ресейдің, Беларусьтің және Германияның пилорамасы мен ағаш өңдейтін заманауи қондырғыларын орнаттық. Солардың арқасында төрт қырлы жуан бөрене, тақтай, үй қоршауы, есіктерезе, күрек, балта мен балға саптарын қажетінше әзірлей аламыз.

– Өнім өндіруге қажетті ағашты қайдан аласыздар?

– Біз орман пайдаланушы болып саналамыз. Ол үшін Қызылжар орман шаруашылығымен шартқа отырғанбыз. Қанша жердің ағашын кессек, сонша жерді қалпына келтіруге міндеттенгенбіз. Сол шартты бұлжытпай орындап келеміз. Мысалы, биыл 300 гектар орман алқабының 30 мың текше метрдей ағашын кестік. Соған орай 267 гектар жерге қайың мен қарағай көшеттерін отырғыздық. Қалғаны – келесі көктемнің еншісінде. Бұл – міндет.

– Осынша қыруар жұмыс адам мен техника күші арқылы атқарылатыны белгілі. Сол жағына тоқталып өтсеңіз.

– Кәсіпорында ағаш кесумен және тасымалдаумен айналысатын арнайы бригадамыз бар. Олар германия-швеция фирмасында шығарылған ағаш кесетін “Штиль” араларымен, арнайы көтергіш қондырғылары орнатылған “МТЗ-82” тракторларымен және жол талғамайтын “Урал” автокөлігімен қамтамасыз етілген.

Орман пайдаланушы болғаннан кейін өртке қарсы қолданылатын техникаларымыз, арнайы жабдықталған талапқа сай өртхимия станциямыз бар.

Жеке кәсіпорында 25 адам тұрақты еңбек етеді. Олар өндірген өнім облыс орталығынан басқа Алматы, Қарағанды және Шымкент қалаларына жөнелтіледі.

– “Парыз” сыйлығы Президенттің тікелей бастамасымен бизнестің әлеуметтік жауапкершілігіне байланысты беріледі. Өзіңіз осы тұрғыда қандай жұмыстар атқардыңыз?

– Жеке кәсіпорын ашқаннан бері аз қамтылған отбасыларға, жалғызілікті қарияларға, мектептерге отынмен, ақшалай көмек көрсетіп келеміз. Мұсылмандық бір парызымды өтеп, қажылық сапарға барып келгеннен бері, халық қалаулысы болып жүргеннен кейін мүдделі жандарға қайырымдылық жасауды міндетім санаймын.

Елімізде тұрғын үй мәселесі қиын екені белгілі. Соны ескере келіп, өз ұжымымыздағы еңбеккерлерге үй салуды биыл қолға алдық. Күзге дейін әрқайсысы 120 шаршы метрлік төрт үй пайдалануға бердік. Оларда кәсіпорын бригадирі Евгений Музыка, орман шебері Рүстем Бердіғұлов, станокта жұмыс істейтін шеберлер Руслан Есенбаев пен Рүстем Есмұқанов қоныстой иелері атанды. Алдағы жылы да 4-5 үй салуды жоспарлап отырмыз. Баспанаға ие болғандар үй құнының 40 пайызын өтегенше ай сайын 20 мың теңге көлемінде кәсіпорынға жалгерлік жарна төлеп тұрады. Шығынның 60 пайызын кәсіпорын өз мойнына алған.

Алдағы жылдан бастап кәсіпорын қаражаты есебінен 4 адамды жыл сайын санаторийлік-курорттық емделуге жіберуді жоспарлап отырмыз. Оған кім баратындығын ұжым мүшелері шешетін болады. Алғашқы үміткерлеріміз қазірдің өзінде белгілі.

Бұған қоса болашағы жоқ ауылдан аудан орталығына қоныс аударған 3 отбасыны жұмыспен қамтамасыз еттік. Өзім депутат болып сайланған Бәйтерек ауылынан кәсіпорында 3 адам еңбек етеді. Осы елді мекен тұрғындарының басқа жерлерге, атап айтқанда “Сұлтан ЭДМК”-нің макарон және кондитер цехтарына, балаларының Бескөлдегі “Мирас” балабақшасына орналасуына да жағдай жасадым.

– Елімізде теңдесі жоқ ағаш-жоңқа тақтасын шығаратын зауытты Бәйтерек ауылына салу жөнінде бір фирмамен келісіп жүрген едіңіз. Сол игілікті шара не болып жатыр?

– Бұл жобаны алматылық “АБД Сервис” ЖШС жүзеге асырғалы отыр. Құжаттары әзірленіп, Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің қарауына берілді. Болашақ зауыт үшін Бәйтерек ауылы жанынан 10 гектар жер бөлінді. Кәсіпорын 6-дан 40 мм.-ге дейінгі ағаш-жоңқа тақталарының бірнеше түрін шығаруға арналған. Тәуліктік қуаты – 700 текше метр. Ол 110 адамды жұмыспен қамтамасыз ететін болады. Оның құрылысы 2013 жылы басталып қалар деп отырмыз.

– Қосалқы шаруашылығыңыз жөнінде де бірер сөз айта кетсеңіз.

– Кәсіпорынның өндірістік ғимараттарының жанынан таяуда дүкен мен асхана аштық. Соларды сапалы етпен қамтамасыз ету үшін азын аулақ қара мал, он шақты жылқы, 50-дей қой, 100 қаз, 40-50 үй қоянын ұстап отырмыз. Онда екі адам тұрақты еңбек етеді.

Алда әлі де іске асыратын қомақты жоспарларымыз бар. Олар алдағы жаңа жылдың еншісінде. Ол үшін талпына еңбек ету керек деп есептеймін.

– Ойлаған ойларыңыз іске аса берсін!

Сұхбаттасқан

Нұрсайын ШӘРІП,

“Солтүстік Қазақстан”.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp