«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БІЗДІ ЖАСАМПАЗДЫҚҚА ЖЕТЕЛЕЙДІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Зарқын ТАЙШЫБАЙ,

М. Қозыбаев атындағы

СҚМУ-дің профессоры.

Әлі есімізде, осыдан 15 жыл бұрын еліміздің дамуының “Қазақстан – 2030” стратегиялық жоспары Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа арнаған Жолдауында көрініс тапқан болатын. Шыны керек, соның алдында ғана өз қолымыз өз аузымызға жетіп, кем-кетігіміз бүтінделмей тұрған шақ еді ғой, оған дейін “кім бар, кім жоқ” дегендей, енжар едік. Отыз үш жылға арналған ұзақ даму бағдарларын өзге түгілі, оқығаны, тоқығаны бар, өмір тәжірибесі бар орта жастағы біздің өзіміз түсіне қоймағандай едік.

 

Сананы тұрмыс билейді, ал тұрмысың жетісіп тұрмаса, құр қиял құшағында қала берер ме едік… Сөйтсек, “көз қорқақ, қол батыр” екен, сынаптай сырғып, алға озған мына заманда не кереметтің куәсі болып отырмыз. Асыра айтқандық емес, табиғаттың заңды құбылысындай, барлық бағытта ілгерілеп келе жатқан елімнің ертеңіне сеніммен қарайтын жағдайға жеттік. Жай елестету ғана емес, жас мемлекетті құрып, жаңа қоғаммен бірге жасап, жасарып келе жатырмыз. Егер осыдан 30 жыл бұрын айтылса, түсімізге де кірмейтін өзгерістер күнде көз алдымызда.

Себебі, байқағанға қазір уақыт тез өтеді. Сағат – алпыс минут, тәулік – 24 сағат, жыл – 12 ай деп түсіну жеткіліксіз. Басқа бір өлшем керек сияқты. “2050 стратегиясы” осыны еске салады, ескертеді. “Тарихи уақыт аса жеделдей түсуде. Әлем қарқынды түрде өзгеруде және болып жатқан өзгерістердің жылдамдығы адамды таңғалдырады”, – деді Елбасымыз. Расында, қарап отырсақ, өткен бір жиырма жылда ғана ғасырға татитын жолды артқа тастаппыз. Бүкіл әлемдік өзгерістердің шұғылдығы соншалық, алдымыздағы 2050 стратегиясында қамтылған жоспарлардың болашақ нәтижелерін ойша шолып, көз алдымнан өткізіп отырмын.

Уақыт көші ілгерілеген сайын, өмірдің сапасына деген талап-талғам да күшейе бермек. Сан жағынан сұраныстың өсетіні өзінше. Мысалы, соңғы 60 жылда Жер шарын мекендейтін халық саны үш есе көбейген. Яғни, тіршілік қажеттері де кемінде үш рет артық өндірілсе жөн. Қазақстандағы өсу де жаман емес, көріп отырмыз, шүкіршілік етеміз.

Бір сөзбен айтқанда, осынау ұзақ көшке жетелейтін, ұлы керуеннің жуан ортасындағы өзімізге лайық орынға меңзейтін құбыла осы – 2050 жоспары. Мұқият зерделеген адамға бұл стратегия тек жоспарлар мен міндеттердің жиынтығы емес, сол межеге жетудің жолдарын да көрсеткен ғылыми талдама, дамуөркендеу теориясы екен. Айталық, биылғы жазда Елбасымыз: “Әлемнің әміршісі – еңбек!” деп ұран тастады. Ерінбей еңбек еткеннің тамағы тоқ, көйлегі көк болатыны даусыз ақиқат. Алайда, дәл қазіргі Қазақстан қоғамы үшін еңбек ету, еңбектің сапасын жақсарту дегеніңіз нағыз көкейкесті мәселе болып отырғанын Нұрекең өкіне отырып айтты. Ашығын айтқанда, әлі еңбек ете білмейді екенбіз. Еңбектің қадірі мен құнын бағалай алмайды екенбіз. Машық жетпейді, жігеріміз жасық, екінің бірі – еріншек. Мына Жолдауда сол “Жалпыға Ортақ Еңбек қоғамы” қағидасының: “Елімізде әрбір іздеген адам табуына болатын жұмыс бар” деген ақиқат сипатында қайталануы тегін емес. Студенттерге сабақ беріп, жастар тәрбиесімен айналысып жүрген біз сияқты мамандарға қызықты, қажет қағида.

Менің бір әдетім бар. Сабақ басталған бетте кез келген баланы тұрғызып: “Кеше таңертеңнен кешке дейін не істедің?” деп, айтып беруді сұраймын. Сонда байқағаным: біріншіден, жастар өзінің уақытын бағаламайды, оның қалай өткенін байқамайды. Әйтеуір, бірдеңе істеген сияқты, бірақ онысы есте қалмаған. Немесе есте қаларлық өзіне де, өзгеге де пайдалы тірлік жасамаған. Сондықтан баланың өзіне-өзі есеп беріп отыру дағдысын қалыптастырайын деп күнделік жүргізуді тапсырамын. “Тіпті, ең болмаса, ертеңгі бір күніңді төсектен тұрғаннан бастап, немен айналысқаныңды қағазға тізіп әкел”, деп тапсырамын. Былай қарағанда, ұсақ-түйек сияқты болғанымен, ертеңінде әлгі балам шын ұялып, мәнді ештеңе бітірмеппін деп күмілжиді. “Ендеше тамақты неге іштің, арамтамақ болдың ғой” деп әзілдеген боламын. Ішімнен әлгі баланың ертеңін ойлап, қиналамын.

“Жұмыс таба алмай жүрмін” немесе біздің қазақ болса, “қызмет таба алмай жүрмін” дейтіндерді аяу керек. Ең бақытсыз жан – сол. Мүгедектің жөні бөлек. Бас-аяғы бүтін, ес-ақылы сау мұндай азаматтың дастарқан шетіне отыруға хақысы бар ма? Осы жағын ойланып көрейікші. Президент Жолдауындағы жұмыссыздар туралы: “…олар жаңа кәсіптерді меңгеретін болады, мүгедектер жасампаздық қызметпен белсенді түрде айналыса алады, ал корпорациялар мен компаниялар олардың еңбегі үшін лайықты жағдай жасай алады”, – деп сеніммен айтылған тілектің орындалуына үлес қосуға шақырамын.

Стратегия түріндегі Жолдаудағы әрбір тезис отандастарымызға арналған. Дәлірек айтқанда: “…бірден-бір көздеген мақсат – еліміздегі адами капиталды барынша дамыту”. Дені-қары сау, білімді, ойы да, бойы да жетілген, жаны да, тәні де сау, жігерлі жігіттер мен қыздар, міне, осындай ел нағыз бай, болашағы жарқын, арманы асқақ. Енді олар өнерге, еңбек ету өнеріне үйреніп, өнімді, сапалы еңбек жолын таңдасын деңіз.

Өмірден өз орнын іздеген жастарға Елбасымыз: “Біздің азаматтарымыз үнемі ең озық жабдықтармен және заманауи өндірістерде жұмыс жасау машығын меңгеруге дайын болуға тиіс”, – деп санайды. Бір кезде әлемдегі жаппай сауатты ел – біздің ел деп мақтанушы едік. Қазір бұл жеткіліксіз болып қалды.

Заман басқа, неше қилы нәзік аспаптар мен құралдарды жасағанда қолы-қолына жұқпайтын жапон мен кәрістің, немістің еңбекпен көркейген ұлқыздарына қызыға қараймыз. Біздің балалардың олардан кем жері қайсы? Әлде өзіміздің тәрбие, оқыту жүйемізде бір кінәрат бар ма? Солай болуы да мүмкін, әттең, мойындағымыз келмейді. Ойланайықшы… Ең болмаса Жаңа жылдың кешінде… Жалықпа, жасампаз бол деп жастарға бата берейін.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp