Бар екен, жоқ екен, баяғыда бөдене мен түлкі дос болған екен. Бір күні түлкі бөденеге айтады:
– Досым, сен мені бір өлердей, күлдірші, – дейді. Бөдене:
– Жарайды, соңыма ер, – дейді. Сөйтеді де, бөдене бытбылдық, бытбылдық деп, ұшып кете береді, түлкі оның соңынан еріп отырады. Әлдене уақытта бөдене бір ауылдың сыртына келіп қонып, түлкіге:
– Досым, сен осы жерде қарап отыр, мен сені қазір күлдірем, – дейді. Осылай деп, бөдене ұшып барып, сиыр сауып отырған бір әйелдің басына қонады. Мұны үйдің жанында ағаш жонып отырған оның күйеуі көріп:
– Бәйбіше, басыңа бөдене қонды, қозғалма, оны мен ұрып алайын, – дейді. Дейді де, қолағашты алып, бөденеге жіберіп қалады. Бөдене ұшып кетеді. Әйел шулап қалады. Түлкі ішексілесі қатып күледі. Түлкі әлдене уақытта күлкісін әрең тыйып:
– Досым, ризамын, өлердей күлдірдің. Енді сен мені өлердей бір қорқытшы, – дейді. Бөдене:
– Жарайды. Мен бытбылдық, бытбылдық деп ұшып отырам, сен көзіңді тарс жұмып, менің соңымнан еріп отыр. Көзіңді мен “аш” дегенде ғана аш, – дейді. Осылай бөдене бытбылдықтап ұшып отырады, түлкі көзін жұмып, оның соңынан жортып отырады. Бір кезде бөдене түлкіге:
– Көзіңді аш, – дейді. Түлкі көзін ашып жіберсе, төңірегі толы ит жүгіртіп, құс салған аңшы екен. Түлкінің жүрегі тас төбесіне шығады.
– Өлді деген осы екен, – деп, ол бар пәрменімен қаша жөнеледі. Ит, құс соңына түсіп қуады.
Түлкі бір уақытта қашып құтылып, бір бұтаның түбіне келіп, демалып отырады. Әлдене уақытта бөдене келеді. Оған түлкі ашуланып:
– Қорқыт дегенде осылай қорқыт деп пе, ем? Сен мені қорқытпақшы емес, өлтірмекші болған екенсің. Сен маған дос емес, қас екенсің. Мен сені жеймін, – деп бөденеге дүрсе ұмтылады. Бөдене пыр етіп ұшып кетеді. Түлкі оның құйрығын жұлып алып қалады.
Бөдененің құйрығы осыдан шолақ болған екен.